14 қаңтар. Туған күн иелері
2022 жылғы 14 қаңтар 08:08

14 қаңтар. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 14 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

118 жыл бұрын (1904-1973) қазақтың әйгілі суретшісі, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақ КСР халық суретшісі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбілхан ҚАСТЕЕВ дүниеге келді.

Алматы облысының Панфилов ауданында туған. Алматы қаласында және Мәскеу қаласында көркемсурет студиясында оқыды.

1954-1956 жылдары Қазақ КСР Суретшілер одағы басқармасының төрағасы қызметін атқарды. Оның алғашқы көрмеге қойылған туындылары - «Тігін үстінде», «Мектепке», «Автопортрет», «Көгілдір көйлекті қыз», «Қарындасымның портреті». Суретшінің «Ғ.Мұратбаев», «Абай», «Ж.Жабаев», «А.Иманов», «К.Әзірбаев» сияқты портреттік туындылары жоғары таным-талғамның үлгісі.

Тарихи тақырыптағы «Түрксіб», «Амангелді сарбаздары», «Колхоз тойы», «Қалыңдық», т.б. көркем туындыларынан Қастеев қаламына тән қасиет - эпикалық ауқымдылық, ұлттық бояудың айқындығы көрінеді.

Суретші халқымыздың тұрмыс-тіршілігін дәл бейнелеп, ұлттық дүниетаным аясында тың композициялық шешім таба білді.

Оның «Киіз үйдің ішкі көрінісі», «Қыз Жібек», «Қыз ұзату», «Қос құрбы», «Келін түсіру» тағы басқа шығармалары ұлттық қазынамызға айналды.

Суреткер Қастеев қазақ халқының салт-дәстүрінің озығы мен тозығын ажыратып, кертартпа кемшіліктерді ашына бейнеледі. Мысалы, «Кедей мен бай құдық басында», «Құрғақшылық кезінде молданың жылу жинауы», «Қыз алып қашу» шығармалары осының дәлелі.

Оның ұлтына, туған жерге, отанына сүйіспеншілігі шығармаларында шынайы көрініс тапты.

Қылқалам шебері сурет өрнектерінің сырлы бояуын, ұтымды қолданып, бейнелеу өнерінде мәдениет тарихының, республикалық қоғамдық өмірдің жылнамасын жасады.

Абай мен Қастеев арасындағы нәзік байланыс дүниені эстетикалық-көркемдік тұрғыдан танудың, өнер өзектестігінің, рухани сабақтастықтың көрінісі. Абай тұлғасы Қастеевтің сүйікті кейіпкері болды.

Ол Абайдың келбетін әр қырынан сомдады. Суретшінің қылқаламынан туындаған «Абай киіз үй алдында», «Жас Абай», «Абай жаз жайлауда» және «Бүркітші», «Қыс», «Жаз», «Көктем» атты шығармалары осыған дәлел.

Шымкент қаласындағы өнер училищесі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік өнер мұражайы Қастеевтің атымен аталады.

«Қазан төңкерісі», 2 мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған.

58 жыл бұрын (1964) Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Мұхажанұлы РАХЫМБЕКОВ дүниеге келді.

1989 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдап, заңгер мамандығына ие болды.

Сот жүйесінде 1991 жылдан бастап халықтық судьяның міндетін атқарушы, халықтық судья, судья болып қызмет атқарды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 15 қарашадағы Жарлығымен Қарағанды облысының Нұра аудандық сотының төрағасы қызметіне тағайындалды. 2000-2010 жылдар аралығында Қарағанды облысының Октябрь аудандық сотының құрамындағы Киров сот учаскесінің аға судьясы, Октябрь ауданының № 3 аудандық сотының судьясы, Октябрь ауданының № 3 аудандық сотының төрағасы, Теміртау қалалық сотының төрағасы, Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық сотының төрағасы лауазымдарында қызмет етті.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 9 қарашадағы Жарлығымен Солтүстік Қазақстан облыстық сотының апелляциялық сот алқасының төрағасы қызметіне тағайындалды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 2 шілдедегі Жарлығымен қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы қызметіне тағайындалды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 17 маусымдағы Жарлығымен Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы қызметіне тағайындалды.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы (2015 жылдан); ҚР Жоғарғы Сотының БАҚ-пен ынтымақтастық жөніндегі үйлестіруші судьясы (2016-2018). Қазіргі лауазымына 2018 жылдың қазан айында тағайындалды.

45 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Марат Мақсұмұлы ШИБҰТОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география факультетін бітірген.

Еңбек жолы: «Қазекология» республикалық ғылыми-өндірістік және ақпараттық орталығы» ЖШС экологиялық жобаларды әзірлеу жөніндегі жоба менеджері, Алматы (2001-2004); «Қазақ қолданбалы экология агенттігі» ЖШС жобалардың бас менеджері (2004-2012); «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ жетекші сарапшысы (2012 жылдан бастап).

Қазіргі қызметінде 2019 жылдың маусымынан бастап.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT