Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 378.78 EUR 430.71
RUB 5.71 CNY 55.74

14 қаңтар. ҚазАқпарат күнтізбесі

2019 жылғы 14 қаңтар 07:00
Поделиться:

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2019 жылғы 14 қаңтарға арналған күнтізбесін ұсынады.


14 қаңтар. ҚазАқпарат күнтізбесі
14 қаңтар,
 ДҮЙСЕНБІ

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1935 жылы Қазақ мемлекеттік филармониясы құрылды. 1938 жылы оған Жамбылдың есімі берілді.

Филармонияның алғашқы көркемдік жетекшісі белгілі ғалым, композитор, қазақ музыкасы мен қазақтың халық әуендері туралы көптеген кітаптардың авторы Ахмет Жұбанов болды.  

1992 жылы Қызылорда педагогика институтына ежелгі түркілердің ұлы ақыны, әрі композиторы Қорқыт Ата есімі берілді.

1992 жылы КИМЕП университеті құрылды. Республикадағы нарықтық экономиканы дамыту үшін білікті жұмыс күшіне қажеттілік бар екенін жақсы түсінген Мемлекет басшысы АҚШ ғалымдарының бірі Чан Йан Бэнгке Алматыда өзінің жаңа оқу орнын ашуды ұсынды. КИМЭП Университетi оқытушылық құрамы қазақстандық және шетелдік оқытушылардан тұрады, олардың көпшілігі өздерінің магистрлік және докторлық дәрежелерін Еуропа мен Солтүстік Американың жоғары оқу орындарынан алған.

1993 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне өзінің интеллектуалдық әлеуетін толық пайдалану мақсатында өзін-өзі басқаратын автономды мемлекеттік жоғары оқу орны мәртебесі беріліп, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті деп аталды.

1994 жылы Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты құрылды.

1998 жылы Беларусь астанасы Минск қаласының бір көшесіне жазушы Мұхтар Әуезовтің есімі берілді.

2006 жылы Мәскеудің «Русский раритет» баспасы «Ғасырлар даналығы» сериясы аясында қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың өлеңдер жинағын шығарды. Жинақты баспаға әдебиет зерттеушісі Сәуле Мансұрова дайындаған.

2010 жылы Алматы қаласындағы Мұқан Төлебаев атындағы №5-ші музыкалық мектебінің «Іскер» ұлдар хоры Испанияның Ллоред де Мар қаласында өткен би және музыка халықаралық фестивалінде Гран-при жүлдесінің иегерлері атанды. Арнайы сыйлықтармен ең үздік вокалдық жұмысы үшін Нури Ким және көрермендер көзайымы сыйлығымен Костя Данилов марапатталды.

«Іскер» хоры 1984 жылы құрылған. Оған 8 жастан 24 жасқа дейінгі балалар қатысады. Репертуарларында қазақ, орыс, батыс еуропалық композиторлардың классикалық шығармалары, джаздық, сонымен қатар фольклорлық және бүгінгі заман музыкалары бар. Хор, әсіресе қазақтың халық музыкасын насихаттап келеді.

2012 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Борис Эйфманға Қазақстан үшін шығармашылық мамандар даярлаудағы аса үздік еңбегі, Қазақстан мен Ресей мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын берді. Борис Эйфман - ресейлік хореограф, балетмейстер, Санкт-Петербург мемлекеттік академиялық балет театрының көркемдік жетекшісі.

2013 жылы
 алғаш рет қазақстандық пианиношы қыз Хадиша Оңалбаева Steinway Artist құрметті атағына ие болды

2013 жылы Мемлекет басшысы «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» ҚР Заңына қол қойды.

2015 жылы Астана қаласы әкімдігінің Балалар үйінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитеті «Қазпошта» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып, «Қазақ ертегілерінің кейіпкерлері» тақырыбында «Балалар сурет салады» төрт маркалар топтамасын айналымға енгізу салтанатын өткізді.

Конкурсқа Қазақстанның барлық өңірлеріндегі балалар үйлерінің тәрбиеленушілерінің 200-ден астам суреттері қатыстырылды. Оның қорытындысы бойынша жеңімпаздар ретінде Жамбыл облысынан Талипов Дмитрий, Батыс Қазақстан облысынан Муштубаева Эльвира, Қостанай облысынан Сидоров Александр, Астана қаласынан Василенко Раиса анықталды.

Байқау Қазақстан Республикасының Балалар құқығын қорғау туралы конвенцияны ратификациялаудың 20 жылдығымен ұштастырылған.

2015 жылы Испанияда Қазақ саңыраулар қоғамы Мәдениет үйінің әртістері «Ән салған Коста Брава» халықаралық байқауында жүлдегер болды. Біржан Әбдірәшітов, Алина Алексеева, Әминам Усмановалардан құралған трио «Ишарат арқылы ән орындау» аталымында бірінші орынды иеленсе, вокалистер - Ержан Дүйсембиев, Думан Жақанбаев және Мария Лоншаковалар екінші орынды бөліске салды.

2017 жылы Қызылорда облысындағы Сығанақ, Жанкент, Кескен-күйік, Шірік-Рабат, Бәбіш-мола, Жент, Баланды қалашықтары, Жетіасар мәдени ескерткіштері және Сауысқандық петроглифтері ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұраларының алдын ала тізіміне енгізілді.

2017 жылы Астана - Көкшетау күре жолындағы жан түршігерлік апатта жанын пида етсе де, екі жасар баланы құтқарып қалған Құмарбек Жәкетайұлының туыстарына «Батыл жүрек» сыйлығы берілді. Марапат «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының аясында тағайындалды.

2018 жылы қазақстандық актриса, «Мұраға қалған махаббат» және «Саяхатшы» сияқты фильмдердегі рөлдері арқылы елге танылған Мөлдір Мекенбаева Біріккен Араб Әмірліктерінде бразилиялық джиу-джитсудан өткен Халықаралық Үлкен Дулыға жарысында алтын медальды жеңіп алды.

Бөлісіңіз:
MURAǴAT