14 автожол учаскесі шайылып кетті: ТЖМ су тасқыны бойынша соңғы мәліметтер ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі еліміз аумағында болған су тасқыны жағдайларына қатысты соңғы деректерді жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомство мәліметінше, су тасқыны кезеңі басталғаннан бері 5 елді мекенде 80 тұрғын үй мен 2 әлеуметтік нысан еріген қар суының астында қалды. Павлодар және Ақтөбе облыстарындағы 43 үйден су сорылды.

Сағат 18:00-дегі жағдай бойынша, тұрғын үйлерді су басудың жаңа дерегі тіркелген жоқ. Республикалық маңызы бар 1 автожолда су жайылу жағдайы болды.

Су басқан 37 үй бақылауға алынды, 19 автожол учаскесінде су тасқыны бар, оның ішінде республикалық маңызы бар – 2, облыстық - 1, жергілікті – 16. Автожолдардың 14 учаскесі шайылып кеткен.



Өңірлерде су тасқынынан туындаған төтенше жағдайды төмендету мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен ТЖМ күші 609 мың текше метр еріген суды сору жұмысын жүргізді. Инертті материалдары бар 11 290 қап төселді.

Жұмыстарға 670 адам, 300 техника, 89 су айдау құралдары және 5 жүзу құралдары жұмылдырылды. Оның ішінде ҚР ТЖМ-нің жеке құрамынан 264 маман, 66 техника, 47 қозғалтқыш және 4 жүзу құралы бар.

«Қазгидромет» РМК деректері бойынша алдағы тәуліктерде Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстары және Нұр-Сұлтан қалаларында жаңбыр мен қар түрінде аздаған жауын-шашын күтіледі. Күндізгі уақытта ауа температурасы +5-тен +20-ға дейін, түнгі уақытта -3-тен + 9-ға дейін сақталады», - деп атап өтеді министрліктен.


Соңғы жаңалықтар