14,5 млрд теңге жымқырған Қайрат Боранбаевқа қатысты істі тергеу аяқталды

2022 жылғы 30 қыркүйек, 20:07
14,5 млрд теңге жымқырған Қайрат Боранбаевқа қатысты істі тергеу аяқталды

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Қаржы мониторингі агенттігі аса ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқырды және ақшаны жылыстатты деген күдікке ілінген Қайрат Боранбаев пен оның сыбайластарынақатысты істің тергеуін аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР Қаржы мониторингі агенттігі аса ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқырды және ақшаны жылыстатты деген күдікке ілінген Қайрат Боранбаев пен оның сенімді адамы Нахановқа, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарушы директоры Ибулла Серді және «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жанұзақ Тайырғақатысты істің тергеуін аяқтады.

Олар 2019 жылы бақылаудағы «Азиягаз Чунджа» ЖШС арқылы газды жеткізу кезінде Qazaq Gaz (бұрынғы ҚазТрансГаз) ұлттық компаниясының қаражатын жымқырудың қылмыстық схемасын жүзеге асырған.

Ұрланған 14,5 млрд теңге көлеміндегі қаражат кейіннен заңды кәсіпкерлік қызметтен дивиденд ретінде бөлу және төлеу желеуімен заңдастырылған.

Осылайша, күдіктілер жасалған заңсыз операциялардың шын мәнін жасырған. Тергеу барысында келтірілген шығын толық көлемде өтелді. Сонымен қатар, 38 миллиард теңге қолма-қол ақша мен 4,2 миллиард теңгенің жылжымайтын мүліктері тәркіленді. Осы бөлім бойынша тергеу аяқталды, материалдар процеске қатысушыларға таныстыру үшін берілді», - делінген ұсынылған хабарламада.

Бұдан бөлек, мәлім етілгендей, Австрия, Латвия, Люксембург, Молдова, Тәжікстан, Біріккен Араб Әмірліктері және Эстониядан заң аясындағы көмегінің нәтижесі келмегендіктен, Боранбаевтың заңсыз әрекеттерінің басқа эпизодтары бойынша тергеу жалғасып жатыр.

«Сонымен қатар агенттік заңсыз кірістерге сатып алынған шетелдік активтерді анықтау және бұғаттау жұмыстарын жүргізуде.

Шетелдік әріптестерден материалдар келіп түскеннен кейін тиісті құқықтық баға беріледі.

Айта кету керек, 2010 жылдан бері Боранбаевпен еншілес компаниялар Қазақстанда өндірілген газдың едәуір бөлігін шетел шоттарында кіріс шоғырлануымен экспорттаған. Бұл әрекеттер ұлттық мүддеге қайшы жасалды.

Тергеу жұмыстарының нәтижесінде, биылдан бастап жылдық құны 440 млн АҚШ долларынан асатын (207 млрд теңге) қазақстандық газдың көрсетілген көлемі ел ішіндегі тұтынушыларға және мемлекеттің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталды», - делінген Қаржы мониторингі агенттігінің хабарламасында.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar