130 мыңға жуық студент пен докторанттың шәкіртақысы өседі
2022 жылғы 20 мамыр 12:44

130 мыңға жуық студент пен докторанттың шәкіртақысы өседі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл 10 мың орындық 31 жатақхана пайдалануға беріледі. Бұл туралы Сенаттағы жастарды қолдау тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жастарымыздың тегін негізде жоғары білім алуына мүмкіндіктер кеңейтіліп жатыр. 2025 жылға қарай мемлекеттік білім гранттарын 50 пайызға ұлғайту жоспарланған. Оның ішінде мектеп бітіретіндердің орташа көрсеткіші жалпы республикалық деңгейден төмен өңірлердің жастарына өзге өңірлердегі университеттерде білім алуы үшін биыл алғаш рет мақсатты 10 мың грант бөлінеді», - деді Е. Тоғжанов.

Оның айтуынша, бұл аталған өңір жастарының білімін лайықты деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі шешім.

«2025 жылға дейін студенттер стипендиясы жыл сайын 20%-ға, ал магистранттар мен докторанттар стипендиясы 15%-ға артады. Бұл жалпы 130 мыңға жуық студент, докторантты қамтиды», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

«Студент жастар үшін өзекті мәселелердің бірі жатақхана тапшылығы. Оны жүйелі шешу мақсатында соңғы 3 жылда 30 мың орын берілді. Биыл 10 мың орындық 31 жатақхана пайдалануға беріледі», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенат төрағасы М. Әшімбаев барлық реформаның түпкі мақсаты жастардың әл-ауқатын арттыруға әрі олардың дамуына жағдай жасауға арналғанын атап өтті.

Сонымен қатар ол университет бітірген түлектерге еңбек нарығында сұраныс жоқ екенін айтты.



Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT