13 жастағы мүгедек қызын қорлаған әйел аналық құқығынан айрылуы мүмкін

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда мүгедек қызын ит қорлықта ұстап келген анаға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

13 жастағы Диананың жағдайы бүкіл елді алаңдатып отыр. Анасы оны 3 жыл бойы далаға шығармай, байлап ұстаған. 

Баланы сенімхатпен қамқорлығына алған Қапшағай тұрғыны Надежда Барсукованың айтуынша, анасы Анна Иванова 1990 жылдары өзі де балалар үйінен тәрбиеленіп шыққан екен. 

«Аня Иванованы менің анам қамқорлыққа алған. Оның үш баласы бар. Үлкен қызы 14 жасында тұрмысқа шығып кеткен, ортаншысы Диана болса, кішісі София қазір анасымен тұрады. Аня есірткі сатқаны үшін 2 рет түрмеге отырып шыққан. Біріншісінде анам аяп, шығарып алды. Екіншісінде 5 жыл отырып шықты. Сол кезде Диана балалар үйіне өткен, ал кіші қызды туған әкесі алып кеткен. Түрмеден шыққан соң әйелдің Диананы балалар үйінен қайтарып алғанын естідік. Оған жатақханадан бөлме керек болған. 
Көп ұзамай телеарнадан әжесі немересін балдақпен ұрып, басын жарғаны туралы жаңалық естідік. Сол қыз Диана болатын», - деді Н.Барсукова.

Осы жағдайдан соң әйел Диананың жағдайы туралы сұрастыра бастайды. «Қыз Ресейде оқып жатыр» деген желеумен Аня оны үйіне жолатпайды. 

Күндердің күнінде Надежда Аннаның үйіне ескертусіз барған. 

«Кірсем, Диана шүберектердің үстінде бұрышта жатыр екен. Бала басын бұрғанда түрінен шошып кеттім. Бала жабайы болып кеткен. Анасы оған терезеден қарауға рұқсат бермеген. Бала 3 жыл бойы дала көрмеген. Бірде оны столға байлап кеткен екен. Сол сәтте бала қарны ашып, аяғын шешіп, тамақ ішіп алған соң қайтадан байлау жолын білмеген. Анасының қаһарынан қорқып, қашып кетуді ойлайды. Балконға шығып, секірмек боп тұрғанда айналадағы көршілер полиция, жедел жәрдем шақырып, аман алып қалған»,- дейді Н.Барсукова. 
2017 жылдың 17 тамызында Надежда Барсукова Аннаны көндіріп, қызды 3 жылға сенімхатпен алып кеткен. 

Содан бері жас қыз жаңа отбасына үйреніп келеді. Қазір Диананың әке-шешесі, екі інісі бар. 

«Менің қызым пайда болғалы бері өзімді шынымен ана сезініп келемін. Қызым сәт сайын келіп құшақтайды, сүйеді. Мені ешкімге бермеші деп өтінеді», - дейді қамқорлыққа алған анасы.

Диананың оң жақ қолы мен аяғында гемипарез байқалады. Құлағы кесілген, қол-аяғы, мұрны сынған. Тістері түсіп қалған. 

«Қызым өзі сал ауруының жеңіл түрімен ауырады. Аузында қоян жырық сияқты ақауы бар. Бастапқы үш айда түнімен шыңғырып, жылап шығатын. Психикасы аса ауыр зақым алған еді. Қазір де кейде бірнәрсеге жұмсасаң, ұмытып қайтып келеді немесе қайда тұрғанын ұмытып қалады. Қазір ақырындап қалпына келіп жатыр», - дейді Н. Барсукова. 
Қазір Надежда Барсукова қызын асырап ала алмай отыр. Ол үшін алдымен Анна Иванованы аналық құқығынан айыру керек. Надежда 2017 жылдың күзінде полицияға арызданған болатын. Алайда, тергеу ісі бір нүктеден қозғалар емес.
null 

«Аня Иванова түн ішінде маған хабарласып, арызымды алып кетуімді өтініп жатыр. Ол үшін баласынан өзім-ақ бас тартамын деп отыр. Бірақ мен келіспедім. Баланы қинап, өмірін қорлаған адам жазасын алуы тиіс. Мен оны жазаламай қоймаймын», - деді Надежда Барсукова. 

Қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек аталған мәслеге қатысты түсініктеме берді. 

«Қазір аталған дерек бойынша ҚР ҚК 114-бабының, 3-бөлімімен іс қозғалып, сотқа дейінгі бірыңғай тергеу реестріне тіркелді. Бірқатар күрделі сараптамалар тағайындалды. Енді анасын аналық құқығынан айыру мәселесі сот құзырында», - деді Салтанат Әзірбек.

Соңғы жаңалықтар