13 тамыз. Тұлғалар туған күн
2022 жылғы 13 тамыз 08:15

13 тамыз. Тұлғалар туған күн

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 13 тамыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

81 жыл бұрын (1941) белгілі филолог-ғалым, қазақ тілін дамытуға белсене араласқан қоғам қайраткері, Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Асылы Әлиқызы ОСМАН дүниеге келді.

Грузияда туған. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын, ҚазССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аспирантурасын бітірген.

1969-1993 жылдары - ҚазССР Ғылым Академиясы Тіл білімі институтының аспиранты, кіші, аға ғылыми қызметкері. 1993-1997 жылдары - ҚР Тіл комитетінің, ҚР ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік комитетінің бөлім бастығы, басқарма бастығы. «Тұран» Әзербайжан мәдени орталығының вице-президенті болды. 1997 жылдан зейнет демалысында.

Алматы облысы әзербайжан этно-мәдени орталығының төрайымы, «Мемлекеттік тілге – құрмет» бірлестігінің жетекшісі, қазақ тіліндегі көптеген ғылыми кітаптар мен сөздіктердің авторы. Баспасөзде 200-ден астам ғылыми және аударма мақалалары жарық көрді. «Синонимдік етістіктердің семантикалық-стилистикалық қызметі» (1991), «Қазақша-түрікше-орысша сөз тіркесі» (1994), т.б кітаптардың авторы.

«Парасат», екінші дәрежелі «Достық» ордендерімен, Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс», «Тіл жанашыры», «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері», «Белсенді қызметі үшін», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «10 жыл Астана» (2008) медальдарымен марапатталған.

56 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы Лут Сапуұлы ӘЛЧЕКЕНОВ дүниеге келді.

Астрахань облысында (РКФСР) туған. М.В.Фрунзе атындағы Сум жоғары артиллериялық командалық училищесін (1987); Михайлов артиллериялық академиясын (Санкт-Петербург, Ресей) (1998); Беларусь Республикасы Қарулы Күштері Әскери академиясының Бас штабы факультетінің тыңдаушысы (Минск) (2010).

Еңбек жолы: Германиядағы Кеңес әскері тобында (Батыс күштер тобы) взвод командирінен артиллериялық батарея командиріне дейін әртүрлі лауазымдарда қызмет етті (1987-1992); батарея командирі, полк штабының бастығы, ҚР Қарулы Күштері артиллериялық бригадасының командирі (1992-2004); «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының өрт шығыны бойынша орынбасары – зымыран әскерлері және артиллерия бөлімінің бастығы (2004-2008); «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының өрт шығыны бойынша орынбасары – зымыран әскерлері және артиллерия бөлімінің бастығы (2010-2011), ҚР Қарулы Күштері Зымыран әскерлері мен артиллерия қолбасшысы, Құрлық әскерлері бас қолбасшысының атыс залалдары бойынша орынбасары (2011-2018); ҚРТұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті басшысының орынбасары – Бас штаб бастығы (2018-2020); ҚР Қорғаныс министрлігі кадр жұмысы басқармасының бастығы (2020-2022).

Қазіргі қызметін 2022 жылдың сәуірінен бастап атқарып келеді.

54 жыл бұрын (1968) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ерлан Тоқтарханұлы ҚОЖАҒАПАНОВ дүниеге келген.

Алматы облысында туған. 1992 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін экономист, 1999 жылы — Алматы мемлекеттік университетін қаржыгер мамандығы бойынша тәмамдады. 2006 жылы РФ Мемлекеттік Кеден комитетінің Ресей Кеден академиясын заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1987 жылы бастаған. 1990–1994 жылдары кәсіпкерлік қызметпен айналысқан. «Қазкоммерцбанк» АҚ қызметкері (1994-1997); 1997–1998 жылдары мемлекеттік органдар мен кәсіпорындарда жұмыс істеген.

Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарының кеден басқармасының бастығы (1998-2002); Алматы қаласы кедендік бақылау департаментінің бастығы (2002-2006); Астана қаласы Алматы ауданының әкімі (2006-2007); Астана қаласы әкімінің орынбасары (2007-2013); ҚР спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы (01.2013-11.2013); ҚР Футбол федерациясының президенті (2014-2016); «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының бас директоры (2015-2016); ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі (2016-2017). Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі (2017-2019). 2019-2021 жылдары Алматы қаласы әкімінің орынбасары. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі (04.2021-09.2021).

2021 жылдың қыркүйегінен бастап қазіргі қызметте.

2 дәрежелі «Айбын» орденімен, «Құрмет» орденімен марапатталған.

45 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Райынбекқызы КӘРІМОВА дүниеге келді.

Петропавл қаласында туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, бастауыш сынып мұғалімі (1998); Көкшетау университеті, қаржы бакалавры (2008); Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінде магистратура, педагогикалық білім (2016 ж.) бітірген.

Еңбек жолы: Петропавл қаласы «Қалалық классикалық гимназия» ММ бастауыш сынып мұғалімі (1998-2001); Петропавл қаласындағы «N 20 орта мектеп» бастауыш сынып мұғалімі (2001-2002); Петропавл қаласындағы «Әл-Фараби мектеп-лицейі» ММ, бастауыш сынып мұғалімі (2002-2004); Петропавл қаласы «Әл-Фараби мектеп-лицейі» ММ директорының бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары (2004-2006); Петропавл қаласы «Әл-Фараби мектеп-лицейі» ММ директорының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары (2006-2010); Петропавл қаласы «N 17 жалпы білім беретін орта мектеп-кешені» ММ директоры (2010-2013); «Петропавл қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы (2013-2017); Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы (2017-2021).

Қазіргі қызметін 2021 жылдың қыркүйегінен бастап атқарып келеді.

29 жыл бұрын (1993) Ауыр атлетикадан 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, 2015 жылы әлем чемпионы Нижат РАХИМОВ дүниеге келді.

Баку қаласында туған.

2010 жылдың мамыр айында Валенсияда (Испания) өткен жастар арасындағы Еуропа чемпионатына іріктеу турында 290 келі көтеріп, бірінші орын алды.2010 жылы 17 тамызда жастар арасында Сингапурда өткен жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы атанды. Нижаттың бапкері екі дүркін әлем чемпионы Низами Пашаев болған.2013 жылы Рахимов Қазандағы жазғы Универсиадада Әзербайжанның намысын қорғап, Әзербайжан құрамасының туын көтеріп шықты. Сол жылы Перудегі жасөспірімдер чемпионатында екінші орын алды. 2013 жылдың жазында допингке тексеру кезінде 18 әзербайжандық штангашы спорттан шеттетілді. 2014 жылдың жазында Нижат Рахимов Қазақстан азаматтығын қабылдап, ел құрамасының сапында жарысқа қатысуға келісім берді. Екі жылдық спорттан шеттету мерзімі біткен соң, Рахимов Қазақстан құрамасы сапында 85 келіге дейінгі дәрежеде Қытайға жарысқа барып, төртінші орын алды. 2015 жылы қараша айында Хьюстонда өткен әлем чемпионатында үздік нәтиже көрсетіп, Қазақстанға жеңіс сыйлады.

2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында жұлқа көтеруде 214 келіні бағындырып, әлемдік рекордты жаңартты.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT