13 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер аттестаттаудан өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде 13 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер аттестаттаудан өтеді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы 5 жылда әлеуметтік қызмет көрсетулер бойынша бұл саладағы оң ілгерілеушілікті байқап отырмыз. Мұндай ұйымдардың саны 20 пайызға артты. Әлеуметтік қызмет көрсетулерге арналған мемлекеттік тапсырыс шығыстары екі есе артып, 2015 жылғы 700 млн теңгеден биыл 1,5 млрд теңгеге жетіп отыр. Қызмет алушылар контингенті 92 мыңнан 122 мың адамға дейін артты. Яғни, медициналық-әлеуметтік мекемелер түрлі бағытта жұмыс істейді», - деді вице-министр онлайн форматта өткен ведомствоаралық комиссия отырысында.

Оның атап өтуінше, Аягөз қаласындағы арнайы әлеуметтік көмек орталығында 4 баланың өлімі, Ақмола облысындағы қарттар үйінде коронавирус салдарынан адам шығыны қабылданатын шаралардың кешіктірілетіндігін көрсетіп отыр. Бұған қоса, медициналық-әлеуметтік мекеме қызметкерлері мен басшылық құрамы біліктілігінің төмендігі де көрсетілетін қызметтер сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Жалақының төмендігі де білікті мамандардың бұл салаға келуіне кедергі келтіреді.

«Осы жылдың басында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Үкімет 25 мың қызметкердің жалақысына қолдау көрсетті. Медициналық-әлеуметтік мекеме қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға артты. Жыл басынан 8,3 млрд теңге бөлінді. Дегенмен, бұл да білікті кадрларды тартуға жеткіліксіз болып тұр», - деді ол.

Осы орайда вице-министр биыл әлеуметтік сала қызметкерлері аттестаттан өтетіндігін айтты.

«Биыл ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы Ұлттық ресурстық орталықтың көмегімен ведомствомыз 13 мыңнан астам әлеуметтік қызметкерді аттестаттаудан өткізуді жоспарлап отыр. Бұл қызметкерлердің кәсіби біліктілік деңгейін анықтауға және әлеуметтік қызмет жұмыстарын ұйымдастыруда кешенді әдістер әзірлеуге негіз болады», - деді Ерлан Әукенов.


Соңғы жаңалықтар