13 қыркүйек. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
2017 жылғы 13 қыркүйек 06:34

13 қыркүйек. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2017 жылғы 13 қыркүйекке арналған күнтізбесін ұсынады.

13 қыркүйек, СӘРСЕНБІ

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық шоколад күні

Әлемдегі тәтті жеуге әуес жандарға арналған бейресми мереке. Бұл мереке - өзін тәтті жеуден тежейтіндер үшін шоколад жеуге керемет себеп.

Мексикада батыр балаларды еске алу күні

Бұл еске алу күні Чапультепектегі айқаста өз өмірін құрбан еткен алты кадет балаға арналған. Висенте Суарес, Фернандо Монтес де Ока, Агустин Мелгар, Франсиско Маркес, Хуан Эскутиа мен Хуан де ла Баррераның есімдері тарихқа батыр балалар, жауынгер балалар ретінде енді.

Румынияда жүзім жинау мерекесі

Румыния 3 мың жылдан бері шарап шығарады. Елдегі жүзім өсірушілер 300 мың гектар жерді алып отыр. Жыл сайын мұнда 7 миллион литр шарап өндіріледі. Сондықтан Румыния үшін жүзім жинау ұлттық мерекеге айналған.

Үндістанда Онам фестивалі

Егін жинау әсерлі мерекесі Керала (Kerala) штатында аталып өтіледі. Аңыз бойынша, Тхирувон күні ежелгі Керала патшасы Махабали (немесе Мавели) келіп, оның қол астындағылар Алтын Дәуірді тойлаған.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

2000 жылы Астанадан жеті шақырым жерде әлемдік стандартқа сай спорттық құралдармен жабдықталған гольф клубы ашылды.

2004 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау iсiн реформалау мен дамытуға арналған мемлекеттiк бағдарламасы туралы» Жарлыққа қол қойды.
Бағдарламаның мақсаты - мемлекет пен адам арасында денсаулық сақтау үшiн ынтымақтасқан жауапкершiлiк принциптерiне, халық денсаулығын жақсартуға бағытталған бастапқы медициналық-санитарлық көмектi басым дамытуға негiзделген медициналық көмек көрсетудiң тиiмдi жүйесiн құру. Бағдарламаның негізгі мiндеттерi - мемлекет пен адам арасында денсаулықты сақтау үшiн жауапкершiлiктi бөлiсу; негiзгi екпiндi бастапқы медициналық-санитарлық көмекке нақты көшiре отырып, медициналық көмек көрсетудi ұйымдастырудың халықаралық принциптерiне көшу; денсаулық сақтауды басқарудың жаңа моделiн және саланың бiрыңғай ақпараттық жүйесiн құру; ана мен бала денсаулығын нығайту, медициналық-демографиялық ахуалды жақсарту; әлеуметтiк жағынан елеулi аурулардың деңгейiн жыл сайын төмендету; медициналық бiлiм берудi реформалау.

2005 жылы Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Латвия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ретс Плесумс сенім грамотасын табыс етті.

Латвия Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың желтоқсанында орнатылып, 2004 жылдың қазан айында Астанада Латвия Республикасының Елшілігі ашылған болатын.

2007 жылы Астанадағы №50 мектеп-лицейге жоңғар басқыншыларына қарсы шайқастарда атамекенін жаудан азат еткен батыр әрі әулие, қолбасшы Райымбек батырдың есімі берілді.

2007 жылы Алматыдағы «Арыс» баспасынан қаламгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ләтифолла Қапашевтің «Мінгені Ерғалидың «Шайтанқара» атты кітабы жарық көрді.

Кітапта «Шайтанқара» атты жалғыз-ақ әнімен тарихта қалған, Ақ Жайық өңіріне танымал Ерғали Аязбайұлының (1869-1929) тартысқа толы ғұмыры жөнінде баяндалады. Патша заманында барымташы атанған әрі әнші, әрі батыр Ерғали кейін кеңес өкіметін орнатуға өзі қатысқанымен, жала жабылып, 1929 жылы екі ұлымен бірге атылады. Жинаққа автордың «Мінгені Ерғалидың «Шайтанқара» атты зерттеу еңбегімен қоса Хамза Есенжановтың «Ақжайық» романынан үзінді, Қибат Иманғалиевтің «Ерғали туралы дастаны» және Рахымжан Отарбаевтың «Шайтанқара» атты әңгімесі қоса берілген.

2007 жылы Павлодар облысының Ақтоғай ауылындағы саябақта болгарлардың Қазақстанда тұра бастағанына 100 жыл толуына орай ескерткіш тұғыр орнатылды.

Ақтоғай ауданында қоныс аударған болгарлардың ұрпағының ең көп диаспорасы тұрады.

2010 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе облысына жасаған жұмыс сапарында «Ақтөберентген» акционерлік қоғамында болып, елдегі бірден-бір медициналық және өнеркәсіптік рентген аппараттарын шығаратын кәсіпорынның өндірістік қызметімен және шығаратын өнімдерімен танысты. «Ақтөберентген» АҚ тасымалданатын және жылжымалы рентген диагностикалық және флюорографиялық аппараттарды, сондай-ақ стационарлық және жылжымалы дефектология үшін өнеркәсіптік қосылыстар аппараттарын өндіреді. Қазіргі кезде кәсіпорын рентген аппараттарының 28 түрін шығарады, олар әлемнің 23 елінде қолданылады. Сонымен қатар биыл мұнда маусым айында бұрынғы кеңестік кеңістегі алғашқы компьютерлік томограф құрастырылды, ол Ақтөбе қаласы медицина мекемелерінің бірінде орналастырылған.

2012 жылы Корея Республикасының Президентінің Қазақстанға ресми сапары аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ли Мен Бак қуаты 1320 МВт-тық Балқаш Жылу электр стансысының 1-ші модулінің құрылысын бастау рәсімінде болды.

2013 жылы ШЫҰ мемлекеттері басшылары кеңесінің 13-ші отырысы аяқталғаннан кейін Қазақстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Өзбекстан президенттері, сондай-ақ ҚХР Төрағасы қорытынды құжаттарға, соның ішінде Бішкек декларациясына қол қойды.

Бұл құжатта ШЫҰ мүше-мемлекеттері ШЫҰ Хартиясы ұстанымдары мен қағидаттары және Шанхай ынтымақтастық ұйымының басқа да құжаттары негізінде өзара іс-қимылды жақтайтыны көрініс тапқан. Ұйымның мүше-елдері Шанхай ынтымақтастық ұйымы мүше мемлекеттерінің ұзақмерзімді татукөршілік, достық және ынтымақтастық туралы шарты күшіне енуімен ол ШЫҰ кеңістігінде берік бейбітшілік пен бірлескен гүлденуді қамтамасыз ету үшін сенімді құқықтық негіз болды.

2013 жылы Қырғызстан астанасы Бішкекте ҚР Президенті Н. Назарбаев пен Қырғызстан мемлекет басшысы Алмазбек Атамбаевтың екіжақты кездесулері өтті. Кездесу аясында екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық екіжақты қарым-қатынас мәселелері сөз болды. Сондай-ақ Алмазбек Атамбаев пен Нұрсұлтан Назарбаев діни қауіпсіздік мәселелерін де талқылады.

2014 жылы қазақстандық дизайнер Леонид Жеребцов өзінің бірегей топтамасын Лондондағы сән апталығында ұсынды. Ол Mercedes-Benz Fashion Week Almaty жобасының арқасында жүзеге асты. Оның мақсаты - отандық және Орта Азиялық Fashion-нарықты халықаралық деңгейге көтеру.

2016 жылы Қазақстанда Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылды. Ол - діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл, діни сенім бостандығына азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекет пен азаматтық сектордың өзара іс-қимылын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы.

ЕСІМДЕР

117 жыл бұрын (1900-1938) мемлекет және қоғам қайраткері ОРЫНБАЕВ Мұқаш дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Семейдегі бастауыш орыс мектебін, Зайсан қаласындағы жоғары бастауыш училищесін, Семейдегі ерлер гимназиясын, Мәскеудегі бүкілресейлік төтенше комитет курсын бітірген.
1920-1923 жылдары Семей губерниясының атқару комитетінде әр түрлі басшылық қызметтер атқарған. 1924-1925 жылдары - Қазақ АКСР Ішкі істер халық комиссары. 1925-1927 жылдары - Ақмола губерниясы атқару комитетінің төрағасы. 1927-1929 жылдары - Қазақ АКСР жұмысшы-шаруа инспекциясы халық комиссарының орынбасары. 1930-1933 жылдары - Қазақ АКСР Қаржы халық комиссары. 1933-1936 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы атқару комитетінің, 1936-1937 жылдары Гурьев (қазіргі Атырау) округтік атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. Қаржы комиссары болған кезінде ұжымдастыру науқаны салдарынан аштыққа ұшыраған қазақ халқының ауыр халін айтып, жоғары үкімет орындарына бірнеше хат жолдаған. 1937 жылы саяси қуғынға ұшырап, 1938 жылы атылды. 1957 жылғы КСРО Жоғарғы соты әскери шешімімен ақталды.


111 жыл бұрын (1906-1972) биші, балетмейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі КОВАЛЕВ Юрий Павлович дүниеге келді.
Ресейдің Санкт-Петербург қаласында туған. Ленинград хореография училищесін бітірген. 1925 жылдан Санкт-Петербург, Харьков, Свердловск театрларында балет бишісі қызметін атқарды. 1936 жылдан Қазақ академиялық опера және балет театрының балетмейстері және бишісі болды. Оның репертуарында Альберт (Адольф Аданның «Жизелінде»), Вацлав (Борис Асафьевтің «Бақшасарай фонтанында»), Базиль (Людвиг Минкустың «Дон Кихотында»), т.б. партиялары бар. Ол балетмейстер ретінде Петр Чайковскийдің «Аққу көлі», «Ұйқыдағы аруы», Рейнгольд Глиэрдің «Мыс салт атты» балеттерін, сондай-ақ «Қыз Жібек», «Біржан-Сара», «Амангелді», «Бекет» операларындағы би сахналарын қойды. Ол қазақ балет өнерінің дамуына, ұлттық кадрлардың кәсіби дәрежесін көтеруге елеулі үлес қосты.

91 жыл бұрын (1926-1985) жазушы, ақын БӨРЕКЕШОВ Нәби дүниеге келді.
Ақтөбе облысының Байғанин ауданында туған. Өзбекстан Коммунистік партиясы Орталық комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін, Қарақалпақстанның Тарас Шевченко атындағы педагогикалық институтын бітірген. 1956-1970 жылдары Қарақалпақстанның республикалық «Лениншіл жас», «Совет Қарақалпақстаны» газеттерінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, «Қарақалпақстан» баспасы бас редакторының орынбасары, Қарақалпақ телевизиясының аға редакторы болып істеген. 1970 жылы Алматыға көшіп келіп, Қазақ КСР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетінің аға редакторы, «Қазақстан» баспасының ғылыми көпшілік әдебиеттер редакциясының меңгерушісі болып істеген.
Жазушының «Өмір сақшысы» очерктері, «Тағдырға табынған» өлеңдер мен поэмалар жинағы, «Кек жалыны» романы бар. Сонымен қатар өзбек жазушысы Асхад Мұхтардың балаларға арналған «Ашыған сүт» кітапшасын, өзбек ақындары Сұлтан Акбар мен Хұснатдин Шәріповтың көптеген өлеңдерін қарақалпақ тіліне аударған.

82 жыл бұрын (1935-2001) жазушы, журналист ТОҚТАРОВ Рамазан дүниеге келді.

Павлодар қаласында туған. Алматы шет тілдер институтының француз тілі факультетін, Мәскеу әдебиет институтының жоғары курсын бітірген.
Павлодар облыстық газетінде, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс» журналында, Қазақстан Жазушылар одағының проза секциясының кеңесшісі, «Жұлдыз» журналы редакторының орынбасары қызметтерін атқарған.
«Ертіс перзенті», «Терістік шұғыласы», «Бақыт», «Ертіс мұхитқа құяды», «Тұлпардың сыны», «Жердің үлгісі», «Сусамыр», «Таңбалы жарғақтың құпиясы», «Абайдың жұмбағы» кітаптарының авторы.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері.



79 жыл бұрын (1938) биші, педагог, балетмейстер, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты АЮХАНОВ (Қуатов) Болат Ғазизұлы дүниеге келді.
Семей қаласында туған. Алматы хореография училищесін А.Селезневтің класы бойынша, Санкт-Петербургтағы А.Ваганова атындағы би академиясын, ГИТИС-тің балетмейстерлік бөлімін бітірген. 1957-1959 жылдары Қазақ опера және балет театрының бишісі болған. 1967 жылы «Алматының жас балеті» ансамблін құрған. Сол жылдан бастап осы ансамбльде билер мен хореографиялық миниатюраларды, композицияларды («Аққу», «Айтыс», «Аңшылар биі», «Жайдарман»), бір, екі актылы балеттерді (М.Равельдің «Болеросы», В.Булгаровскийдің «Қазақ сувенирі», А.Исакованың «Гамлет», «Жарыс», «Батырлары», Т.Қажығалиевтің «Керуені», Н.Закировтың «Мәңгүрті», Бизе-Щедриннің «Кармен-сюитасы») сахнаға қойды. Сондай-ақ Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» (Ш.Жиенқұловамен бірге), Д.Шостаковичтің 4-ші симфониясы бойынша «Қылмыс пен жаза», П.Чайковский мен М.Плетневтің «Евгений Онегин», Ф.Шопеннің «Шопениана», «Пахита» балеті негізінде қойылған гран па (жеке өзінің хореографиялық болжамдары) тәрізді жұмыстары қазақ балетінің ғана емес, дүние жүзілік балет тарихына енген жаңалықтар болды. 1997-1998 жылдары А.Мелоди-Кузьминнің музыкасына «Әлі ымырт емес», француз композиторларының әуендеріне «Эдит Пиаф - Францияның рухы», А.Бестібаевтың «Азия дауысы» балеттерін жұртшылық назарына ұсынды. Әсіресе, «Эдит Пиаф - Француз рухы» спектаклі сыншылардың, мамандардың жоғары бағасына ие болды. Хореографиялық шешімі аса сәтті бұл спектакль ансамбльдің жоғары кәсіптік деңгейін көрсетті. «Алматының жас балетінің» шын мәнінде Мемлекеттік академиялық классикалық би ансамбліне айналып, репертуарының бай, шеберліктерінің жоғары болуында Аюхановтың үлесі ерекше. Оның қолтаңбасына ізденіс, музыкалық биік мәдениет, классикалық көркем би тәсілдерінің таусылмайтын қазынасын меңгеруге ұмтылыс, жаңалыққа құштарлық тән. Отыз жылдан астам Аюханов жетекшілік етіп келе жатқан ансамбль дүние жүзіне кеңінен танымал болып, хореографиялық өнерді игеруі жөнінен әлемдік балет ұжымдарының ең үздігі саналатын алғашқы ондығына енген. Оның «Менің балетім», «Сезімдер өмірбаяны» атты кітаптары бар. Еуропа мәдениетінің ХХ ғасырдағы 60 жарық жұлдызы туралы шығатын 25 кітаптың біреуі Аюхановтың өмірі мен өнеріне арналған (авторы - австралиялық өнер зерттеушісі Юри Рюнтю). Ол отандық балет әртістерін тәрбиелеп шығаруға да көп үлес қосты. Аюханов арнайы шақырумен Түркияда «Махаббат аңызы», Ташкентте «Алдар Көсе» балеттерін қойған.
«Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған.

70 жыл бұрын (1947) экономика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық инженерлік академиясының академигі, «Тұран» Университетінің ректоры, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті АЛШАНОВ Рахман Алшанұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы, Бірлік аулында туған. Орта мектепті бітірген соң мектепте мұғалім болып істеп, сонан соң Шу қант заводында еңбек етті. Армия қатарында зенит-ракета әскери бөлімінде әскери борышын өтеді, армиядан кейін Көктерек рабкопында жұмыс жасады.
1974 жылы С. М. Киров атындағы ҚазМУ-дың философия-экономика факультетінің саяси экономика бөлімін бітіреді. 1973-1984 ж.ж. комсомол комитетінің хатшысы ҚазМУ-дың саяси экономика кафедрасының ассистенті, аға оқытушы, доценті қызметтерін атқарады. 1986-1987 жылдары ҚазМУ-дың философия-экономика факультетінің деканы болды.
1988-1992 жылдары Республикалық мәдениет қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтының директоры, Қазақстан мәдениет қызметкерлерінің шығармашылық одағының президенті болып сайланды.
1992 жылы Республикадағы алғашқы жекеменшік «Тұран» университетін құрды. «Тұран» корпорациясына айналған. Р.Алшанов - корпорация президенті.
2002 жылдан ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті.
1992 жылы Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде докторлық диссетациясын қорғады. Ол 200-ден астам ғылыми және публицистикалық мақалалардың, бірнеше сараптамалық монографиялардың авторы.

61 жыл бұрын (1956) қоғам қайраткері ТАРАСЕНКО Елена Ивановна дүниеге келді.
Атырау облысында туған. А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын, Еуразиялық академияны бітірген.

Институтты бітіргеннен кейін Атырау облысы Индер ауданының М. Әуезов атындағы орта мектепте география және биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. 1980 - 1987 жылдары Орал қаласындағы № 20 орта мектепте мұғалім, мектептен тыс, сыныптан тыс тәрбие жұмыстарын ұйымдастырушы болып істеген. 1987 - 1994 жылдары - Зашаған кенттік кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1994 - 1995 жылдары - Зашаған кенттік әкімшілігі басшысының орынбасары. 1995 - 1996 жылдары - Зашаған кенттік әкімшілігінің басшысы. 1996 - 1997 жылдары - Зашаған кентінің әкімі. 1997 - 2004 жылдары - Орал қаласы әкімінің орынбасары. 2004 - 2007 жылдары - ІІІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2007 - 2011 жылдары - ІV сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2012 -2016 жылдары бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі «Нұр Отан» партиялық тізімі бойынша сайланған.

2014 жылдан - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Папрламентіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.

53 жыл бұрын (1963) Ақтөбе облысы Хромтау ауданының әкімі - БЕРДАЛИН Аманғали Бисенбайұлы дүниеге келген.

Ақтөбе облысы Қарабұтақ ауданы Қарабұтақ селосында туған. 1989 жылы Саратов мемлекеттік зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын ветеринария мамандығы бойынша оқып, мал дәрігері біліктілігін және 2006 жылы Л.Б.Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол университетін экономика мамандығы бойынша оқып, экономика бакалавры біліктілігі мен академиялық дәрежесін алған.

1981-1982 жылдары аралығында Қарабұтақ ауданының Т.Г.Шевченко атындағы кеңшарында құрылысшы болып бастаған. 1983-1985 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтеген. 1989-1990 жылдары Т.Шевченко атындағы кеңшардың аға мал дәрігері, 1990-1994 жылдары Т.Шевченко атындағы кеңшардың бас мал дәрігері, 1994-1999 жылдары «Қарабұтақ» ұжымдық кәсіпорнының төрағасы, 1999-2011 жылдары «Қарабұтақ» ЖШС директоры, 2011-2012 жылдары Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары, 2012 - 2016 жылдары Әйтеке би ауданының әкімі қызметін атқарған. 2016 жылдың қазанынан бастап - қазіргі қызметінде

2009 жылы «Құрмет» орденімен, 2001 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», 2005 жылы «Тыңға 50 жыл», 2011 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», 2015 жылы «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» 2016 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT