13 көшені қайта атауға қатысты павлодарлықтардың наразылығына әкімдік жауап берді

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Самал Бегалинова 13 көшенің атауын өзгертуге қатысты шешімге пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

«Жыл бойы облыс және қала әкімінің блогына шаһардағы көшелерді ұлы тұлғаларымыздың есімдерімен атау туралы ресми ұсыныстар жасалды. Ұсыныстар алдымен біздің бөлімге түседі. Біз қарастырып болғаннан кейін қалалық әкімдікке өткіземіз. Әкімдік мәслихаттың қарауына жібереді. Мәслихат халықтың пікірін тыңдай отыра дауыс береді. Мәслихат көшпелі тыңдаулар өтетіні туралы хабарлама жасауы тиіс. Осы жолы мәслихат өздерінің ресми сайтында, «Сарыарқа самалы» және «Звезда прииртышья» газеттерінде хабарлама жасады», - деді Самал Бегалинова.

Бөлім басшысы 13 көшені қайта атауға қатысты «Колос» орталығында өткен тыңдауға 150-ден астам адам жиналғанын айтты.

«Кешегі тыңдауға қала тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, құрметті азаматтар, жастар және ниет білдірген адамдар келді. Жиналғандардың пікірін тыңдай келе, мәслихаттың тұрақты комиссиясындағы 8 депутат бірауыздан қолдап, дауыс берді. Қазір республикалық ономастикалық комиссияға жіберуге қажетті құжаттар дайындалуда», - деді ол.

Қала тұрғындарының айтуынша, кейбір ұлы тұлғалардың есімдері бүгінде көшелерге беріліп қойған. Бірақ ол көшелерді қайта атау көзделіп отыр. Бөлім басшысы бұл мәселеге де жауап берді: «Қазіргі уақытта Жүсіпбек Аймауытов және Мәшһүр Жүсіп Көпеев атындағы көшелер бар. Алайда, олар кішкентай ғана көшелер. Бар-жоғы 200 метр. Облыс және қала тұрғындары бұндай ұлы тұлғаларға үлкенірек көшенің атын беруге ұсыныс білдірді. Біз ұсынысты қарастырдық», - деді ол.

Сонымен қатар, спикер көшелердің атауын өзгерту келер жылы да жалғасын табатынын айтты.

«Ономастикалық жұмыстар осымен тоқтамайды. Павлодар қаласында идеологиялық жағынан атауы ескірген көшелер өте көп. Бұл жағдай Президент Әкімшілігінің бақылауында. 2020 жылы кеше айтылған Бөгенбай батырдың, Олжабай және Жасыбай батырдың есімдерін беру қарастырылады. Оған қоса, келер жылы Абайдың, әл Фарабидің, Алтын Орданың мерейтойы кіреді. Соның бәрі қарастырылады», - дейді Самал Бегалинова.

Бөлім басшысының айтуынша, құжат мәселелеріне келгенде көше атауларының өзгеруіне байланысты тұрғындардан ешқандай шығын шықпайды. Сондай-ақ жаңа атауы бар тақталарды ілуге бюджеттен тыс қаржы қарастырылуда.

Еске салайық, бұған дейін Павлодарда 13 көшенің атауы өзгеретіндігі хабарланған болатын. Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде бұл мәселені қызу талқылап, өздерінің пікірлері ескерілмегенін айтты. Кейбір павлодарлықтар Аймауытов пен Көпеев көшелерін қайта атауға қатысты наразылық білдірді.

Соңғы жаңалықтар