13 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

2012 жылғы 13 қазан, 06:50
13 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 13 қазан. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 13 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

13 қазан.СЕНБІ

Ауғанстан Республикасы Ұлттық ассамблеясының негізі қаланған күн (1964).

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

14 жыл бұрын (1998) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының жүйесін одан әрі реформалау туралыеспуР» Жарлығы шықты.

7 жыл бұрын (2005, қазанның 13-15-і) Астанада «Аңшылық - 2005» атты бірінші қазақстандық халықаралық көрме басталды. Аталмыш шара «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның ұйымдастыруымен өтті. Көрмеге 30-ға жуық отандық және шет елдік компания өз өнімдерін шығарды.

49 жыл бұрын (1963) «Лондон Палладиумындағы жексенбілік кеш» бағдарламасында ұйымдастырылған «Битлз» тобының концертін Ұлыбританияда 15 миллион телекөрермен тамашалады. Битлздың аңызға айналған даңқ жолы басталды. «Битломания» деген ұғым да сол күннен бастап енген.

83 жыл бұрын (1929) Солтүстік Қазақстан радиохабары алғашқы рет эфирге шықты. Бүгін облыстық радио бағдарламасын «Қазақстан телекоммуникациялары» (КАТЕЛКО) компаниясының спутникті байланысы арқылы облыстың барлық аудандары, сонымен қатар көрші Ресей облыстарының шекарадағы аудандары қабылдайды. Әр жылдары республикамыздың және Солтүстік Қазақстан облысының маңызды оқиғалары туралы Таисия Иванова, Людмила Мальцева, Дүйсен Әуелбеков, Юрий Торопкин, Ермек Құсайынов, Ғазиз Балғожин, Галина Бушланова сынды журналистер, Валентина Малюка, Валентина Бенюх және де «қазақстандық Левитан» атанып кеткен Бүркіт Бекмағамбет сияқты дикторлар жаңалықтар, бағдарламалар, очерктер жасаған.

13 жыл бұрын (1999) Президент Н.Назарбаев Сауд Арабиясының Өнеркәсіп және энергетика министрі Х.А.Яманиді қабылдады. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің келешегін қарастырды. Сауд министрі Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевқа Сауд Арабиясының патшасы Фахдтың екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастарды нығайтқаны үшін алғыс білдірген жеке жолдауын тапсырды.

13 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлігі Атом энергетикасы жөніндегі комитеті құрылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 25 қаңтардағы Қаулысымен Қазақстан Республикасы Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің Атом энергетикасы жөніндегі комитеті болып қайта құрылды.

8 жыл бұрын (2004) Павлодарда «Ертістің ақын-жыраулары» кітабы жарық көрді. Кітапты қазақ және орыс тілінде С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана қызметкерлері шығарған. Бұл басылымның беттерінде еліміздегі ақындардың кәсіби мектебін орнатушы, белгілі ақын Бұхар жырау туралы айтылады және де өлкетану мұражайының қызметкері Эдуард Соколкиннің «Музыкалы Павлодар» атты тарихи очеркі жарияланған.

17 жыл бұрын (1995) Қазақстанда Диабет ассоциациясы құрылды. Ол 1996 жылы 176 ел біріккен Халықаралық диабет федерациясының құрамына кірді.

7 жыл бұрын (2005) Астанада белгілі әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, профессор Кенжеғали Мыржықбаевтың «Өзгеге, көңілім, тоярсың» атты үнтаспасының таныстырылымы болды. Үнтаспаның шығарылуы қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбаевтың 160-жылдық мерейтойына орайластырылған: мұнда оның өлеңдері К.Мыржакбаевтың орындауында көрсетілген.

7 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасының Статистика агенттігі «Қазақстанның демографиялық жинағы» статистикалық жинағын қазақ және орыс тілдерінде жарыққа шығарды. Жинақ 2 бөлімнен тұрады, оның бірінші бөлімі республика бойынша, ал екіншісі, өңірлердегі көрсеткіштерге арналып отыр. Сондай-ақ бұл еңбекте халықтың әкімшілік-аумақтық бөлінісі, халықтың жалпы санының және жыныс-жас құрамының өзгерісі, оның Қазақстан аумағында орналасуы, туу мен өлім, некелесу мен ажырасу, көші-қон туралы статистикалық деректер берілген.

7 жыл бұрын (2005) Шығыс Қазақстан облысының Серебрянск қаласында құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін зауыт іске қосылды.

«ЛИК» ғылыми-өндірістік фирмасының құрылымына жаңа кәсіпорында кірді, олар құрғақ құрылыс қоспаларын жергілікті шикізаттан және еуропаның жетекші өндірушілерінің шашыраңқы қоспаларын қолдану негізінде жасап отыр.

7 жыл бұрын (2005) Семейде танымал композитор Теміржан Базарбаевтың жаңа әндер жинағының таныстырылымы болды.

Жинақ «Ауылым» деп аталады. Оған әр жылдарда өмірге келіп, ел ішінде кең тараған әндер мен романстар енгізіліп отыр. ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, композитор Теміржан Базарбаев Семей саз училищесінде ұзақ жылдар бойы ұстаздық етті. «Ауылым» жинағы 500 дана таралыммен шығарылып отыр. Композитордың жаңа жинағының таныстырылымына жұртшылық өкілдері мен Семейдің мәдениет қызметкерлері қатысты.

3 жыл бұрын (2009) әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75-жылдық мерейтойына арналған салтанаты шаралар шеңберінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Үлкен алтын» медаль тапсырылды.

ЕСІМДЕР

74 жыл бұрын (1938-1996) композитор, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты БЕЙСЕУОВ Әсет Көпбайұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Алматы консерваториясын бітірген. 1961-1968 жылдары Текелі қаласындағы музыка мектебінің мұғалімі, мәдениет үйінің қызметкері, Есік қаласындағы музыка мектебінің мұғалімі, Ұзынағаш мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі болған. 1969-1980 жылдары «Гүлдер» ансамблінде, Қуыршақ театрында қызмет істеген. Ол қазақ эстрадалық музыкасының дамуына зор үлес қосты. Композитордың «Алмалы Алматым», «Гүлдер», «Көктем шақырады», «Мұңайма», «Алтыным», «Маралдым», «Сандуғаш», «Сырласу вальсі», «Жұлдызым», «Армандастар», «Жайықтан қайтқан тырналар», т.б. туындылары қазақ ән өнерінің алтын қорына енді. Сондай-ақ, бірнеше спектакльдерге (Ш.Құмарованың «Кімнің тойына», С.Балғабаевтың «Қыз жиырмаға келгенде», Ә.Тауасаровтың «Аса құрметті Икс»), кинофильмдерге («Көртышқан мен қоян»), телефильмдерге («Құрбақа мен Еңлікгүл», «Алдар Көсе», «Жаздың соңғы күні») музыка жазды. «Гүлдер», «Көктем шақырады», «Армандастар» атты ән жинақтары жарық көрді.

69 жыл бұрын (1943) жазушы, Сарысу ауданының құрметті азаматы ДҮЙСЕНБИН Пернебай дүниеге келді.

Жамбыл облысының Сарысу ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Аудандық газеттің қызметкері, орта мектептің оқытушысы, мектеп директоры, «Қаратау кеншісі - Горняк Каратау» газетінің тілшісі қызметтерін атқарған. 1998 жылдан бастап ақпарат бюросының жетекшісі әрі газет редакторы. Республикалық орталық басылымдарда Леонардо да Винчи, Сикейрос, Сарьян, Левитан, О.Таңсықбаев, Рылов, Коненков, Ш.Жиенқұлова, А.Ғалымбаева өнері мен өмірі туралы очерктер мен көркем әңгімелер жариялады. Оның «Қос қыран» (И.Панфилов пен Б.Момышұлы) атты көркем полотносы қазақ батырының туған жеріндегі мемориалдық мұражайға қойылған. «Жұлдыздар неге жылайды?», «Жұмбақ жұлдыз», «Кішкентай генералдар», «Күлкі күмбезі», төрт конкурстық жинақтардың авторы.

«Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған.

113 жыл бұрын (1899-1984) композитор, дирижер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері ИВАНОВ-СОКОЛЬСКИЙ Михаил Михайлович дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Санкт-Петербор қаласында туған.

1937-1938 жылдары Қазақ филармониясының Ұйғыр музыкалық-драма симфониялық оркестрінің дирижері қызметін атқарған. 1942 жылдан Алматы қаласында тұрған.

«Амангелді батыр» (батырлық жыр) шығармасының, Мәншүк Мәметоваға арналған көтереңкі күйдегі фортепионалық трио, «Жамбыл нені жырлады», «Ұлы сәулетші» (вокалдық-симфониялық поэма), «Жетісудың сайын даласында» көпшілік әндер топтамасының, «Жастық желісі», т.б. туындылардың, сахна қойылымдары музыкаларының авторы.

Қызыл Жұлдыз орденімен және медальдармен марапатталған.

88 жыл бұрын (1924-ө.ж.б.) ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор ҚАЙЫМОВ Баян дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Алматы облысы Райымбек ауданының Сарыжаз ауылында туған.

ҚазМУ (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) экономика факультетін, Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген.

Қызылорда облысының аудандық банкінде, Қызылорда педагогика институтында, Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында, республиканың Ғылым академиясы Экономика ғылыми-зерттеу институтында, ВАСХНИЛ-дің Қазақ бөлімшесінде, республикамыздың Жоспарлау комитеті жанындағы ғылыми-зерттеу институтында қызметтер атқарған.

1984 жылдан - Алматы халық шаруашылығы институтының кафедра меңгерушісі. Ғылыми жұмыстары экономикалық және әлеуметтік дамудың қолайлы да үйлесімділік сипатқа ие нұсқаларының маңызын зерттеуге арналған. 100-ге жуық ғылыми еңбегі жарияланған.

2-дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

63 жыл бұрын (1949) пианист, Қазақстанның халық әртісі, халықаралық конкурстар мен фестивальдерінің лауреаты ҚАДЫРБЕКОВА Гүлжамила Ықсанқызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының арнаулы фортепьяно факультетін және аспирантурасын бітірген. Қазақ филармониясының соло-пианисі, Алматы консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) оқытушысы болып қызмет атқарған. 1994 жылдан - Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры.

Г.Қадірбекованың репертуарында И.Бахтың, В.Моцарттың, Л.Бетховенның, Ф.Листтің шығармалары бар. Ол - Н.Меңдіғалиев, Т.Қажығалиев сияқты қазақ композиторларының шығармаларын тұңғыш орындаушылардың бірі.

Талантты орындаушы ретінде Г.Қадырбекова гастрольдік сапармен Италияда, Австрияда, Венгрияда, т.б. елдерде болған. 1980 жылы Италияның Веречелли қаласында өткен байқауда 1-дәрежелі сыйлыққа ие болып, пианистердің Дж.Виотти атындағы халықаралық байқауының лауреаты атанды. Жоғарыда аталған мемлекеттерден басқа Франция, Түркия, Тунис, Чехия, Эстония, т.б. елдерде концерт берді.

«Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған.

97 жыл бұрын (1915-1994) режиссер, педагог, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ТОҚПАНОВ Асқар (Әлиасқар) дүниеге келді.

Алматы обылысының Іле ауданында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті), Мемлекеттік театр өнері институтын бітірген.

1939-1944 жылдары және 1948-1951 жылдары Қазақ драма театрында қоюшы режиссер болып, М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай», Ш.Хұсайыновтың «Марабай», Әуезовтың «Сын сағатта» мен «Еңлік-Кебек», С.Мұқановтың «Жеңіс жыры», Ғ.Мұстафиннің «Миллионер», А.П.Штейннің «Намыс соты», Д.Гоу мен А.Д.Юссоның «Терең тамырлар» спектакльдерін сахнаға шығарды. Бұдан кейін Балалар мен жасөспірімдер театрының, сондай-ақ Қарағанды, Гурьев (Атырау), Жамбыл облыстық драма театрларының көркемдік жағын басқарып, спектакльдер қойды. Ол спектакльдерді қоюмен бірге, өзі де кейбір басты рөлдерді ойнап, сахна өнерінің өзекті мәселелері туралы зерттеу-мақалалар және пьесалар жазды. Сонымен қатар Г.Ибсеннің, А.Островскийдің, А.Чеховтың, А.Ф.Софроновтың, М.Горькийдің туындыларын аударды. Педагогикалық қызметпен де шұғылданып, 1939-1944 жылдары Алматыдағы театр училищесінде және Өнер институтында (қазіргі Алматы театр көркемсурет институты) дәріс беріп, 1955-1963 жылдары кафедра меңгерушісі, 1975 жылдан профессоры болды.

Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

131 жыл бұрын (1881-1967) француз физигі, физика ғылымының докторы КОТТОН Эжени дүниеге келді.

91 жыл бұрын (1921-1991) француз актері МОНТАН Ив (шын аты-жөні Иво Ливи) дүниеге келді.

125 жыл бұрын (1887-1947) Бірінші Словак республикасының президенті, теолог Йозеф ТИСО дүниеге келді.

87 жыл бұрын (1925) Ұлыбританияның 1979-1990 жылдардағы премьер-министрі Маргарет ТЭТЧЕР дүниеге келді.

49 жыл бұрын (1963) «Нұр отан» Халықтық-демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары САҒЫНТАЕВ Бақытжан Әбдірұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысының Үшарал ауылында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетін бітірген. 1985 жылдан - Алматы халық шаруашылығы институтының саяси экономия кафедрасының меңгерушісі. 1988 жылдан С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің әлеуметтану кафедрасында ассистент, аға оқытушы, доцент. 1992 жылдан коммерциялық құрылымдарда басшылық жұмыстарда болды. 1998 жылдан - Жамбыл облысы әкімінің орынбасары. 1999 жылдан - ҚР шағын бизнесті қолдау агенттігі төрағасының орынбасары. 2000 жылдан - «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» ЖАҚ басқарма төрағасы. 2001 жылдан ҚР табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігі төрағасының бірінші орынбасары. 2004 жылдан - ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы. 2007 жылдан - ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің басшысы. 2008 жылдан - Павлодар облысының әкімі. 2012 жылғы қаңтардан қыркүйекке дейін - ҚР Экономикалық даму және сауда министрі.

Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы қыркүйектен бері. «Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.

37 жыл бұрын (1975) «Қазмедиа орталығы» Басқаруы компаниясы» ЖШС бас директоры САХАРИЯНОВ Қанат дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. 1997 жылы Қазақ мемлекеттік медицина институтын бітірген. 2001 жылы Қазақ ұлттық заң академиясын бітірді. 2006-2008 жылдары - француздың коммерция жоғары мектебінде International Executive Master of Business Administration (IE MBA) дәрежесіне ие болды. 2001 жылы «Хабар» АҚ агенттігіне конкурспен жұмысқа тұрды. Еңбектегі жетістіктері үшін заң бөлімінің бастығы қызметіне жоғарылатылды. 2005 жылғы маусымнан - «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары, басқарма мүшесі.

Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы маусымнан бері.

Теги:
Қоғам   Күнтізбе  
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar