13 қараша - Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерлерінің күні

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 13 қараша – радиацилық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерлері күні.Қазақстан Қарулы Күштеріндегі қазіргі әскердің тарихы 1918 жылы алғашқы химиялық қызметтің пайда болуымен тығыз байланысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

1992 жылы тамыз айында химиялық әскер радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерлері болып өзгертілді.

РХБ қорғаныс әскері химиялық, радиациялық және биологиялық қарулардың зақымдаушы факторларынан халық пен Қарулы Күштердің жеке құрамын қорғау сынды тапсырмаларды шешуге қауқарлы. Әскери және бейбіт күнде олар радиациялық, химиялық және биологиялық қауіп төндіретін жағдай салдарын жоюға тартылуы мүмкін.

Бүгінгі таңда әскер қару-жарағының құрамында заманауи техникалардың бірі ТОС-1А «Солнцепек» ауыр оқ атқыш жүйесі бар. Ол жеңіл құрышпен қапталған техниканы істен шығаруға, мекеме, құралдар мен ашық алаңдағы және фортификациялық құрылыстарда қарсыластың күшін жоюға қабілетті. Сонымен қатар әскер төңірегіндегі жағдай жайындағы ақпарат, сараптама және бағалауды жедел өңдейтін, тәуекел аумағын бейнелейтін және зақымдалған ақпаратты жедел өңдеу үшін РАСТ-2KZ есептеу-талдау станциялары қолданылады. Сондай-ақ АРС-14 KZ авто-құю станциялары қару-жарақты, әскери техниканы, көлік құралдарын, жерлерді газсыздандыруды, қатерсіздендіруді және зарарсыздандыруды іске асырады.

Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс бөлімі мен бөлімшелері жоспарлы түрде жаңа, тиімділігі жоғары барлау құралдарымен, жеке және ұжымдық қорғаныс, байқау және бүркемелеу техникалық құралдарымен, оқшашарлық-өртегіштік құралдармен жабдықталып тұрады.

Әскери қызметшілердің өздері де ҚР Қарулы күштерінің оқу орталықтарында жүйелі түрде радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерлері мамандарына арналған дайындық курстарына өтіп, Қазақстан және шет елдегі түрлі оқу-жаттығуларға белсенді қатысады.

Соңғы жаңалықтар