13 адам Ақтаудың құрметті азаматы атанды

None
None
  АҚТАУ. ҚазАқпарат - 13 адам Ақтау қаласының құрметті азаматы атанды. Сондай-ақ,  Ұлықпан Жолдасов, Тамара Асар сынды өнер жұлдыздары Ақтау қаласының 55 жылдығына орай мерейтойлық төсбелгілермен марапатталды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтау қаласының 55 жылдығына орай өткізілген салтанатты жиында облыс әкімі Ералы Тоғжанов облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынына тоқталды.

Қазіргі уақытта қала бюджеті 34 млрд теңгеге жеткен. Жарты жылда қаланың кәсіпорындары 112,3 млрд теңгенің өнімін өндірген. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 91,4 млрд теңгені құрады.

Ақтауда шағын және орта кәсіп­керлік субъектілерінің саны да  са­ны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,2%-­ға өсіп, 27,9 мыңға жеткен. Қалада тек экономикалық сала емес, сәулеті де жаңа келбетке ие болды. 55 жылда мыңдаған құрылыс нысаны жүргізіліп, жаңа шағын аудандар бой көтерді.

Биыл қалада 319,4 мың шаршы метр тұрғын үй (56 үй) пайдалануға берілді (3 156 пәтер).

Жиынға қатысқан облыс әкімі Ералы Тоғжанов тұрғындарды мерекемен құттықтады.

«Ақтау - күннен күнге сәулеті мен келбеті артып келе жатқан көрікті шаһар. Каспий маңы елдерінің xалықаралық саммитіне келген 5 елдің делегациясы жоғары баға берді. Бұл-үлкен мақтаныш», - деді облыс әкімі.

Салтанатты жиында 13 адамға «Ақтау қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Олардың ішінде дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова,  археолог Андрей Астафьев, еңбек ардагері және Ақтау қаласының құрылысшысы Жақсығали Жакиев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші Роза Айдарбаева, «Шалом» Еврей ЭКО-ның және «Чернобыль» аймақтық одағының төрағасы Юрий Юрий Кержбаум және тағы басқалар бар.

Сондай-ақ,  Ұлықпан Жолдасов, Тамара Асар сынды өнер жұлдыздары мерейтойлық төсбелгілермен марапатталды. «Ақтауға келген сайын тамсанамын. 50 жылда ел жаңа демей ме, қандай өзгеріс! Мен Ақтаумен мақтанамын. Халықты осындай үлкен мерекемен құттықтаймын», - деді Ұлықпан Жолдасов.

Салтанатты жиын өнер жұлдыздарының концертімен жалғасты. Арнайы келген Роза Рымбаева қауымға арнап ән шырқады. 

Соңғы жаңалықтар