124 мың теңге: ЖОО түлектері арасында ең төменгі жалақыны Шымкент жастары алып жүр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2021 жылы 81 393 түлек ЖОО аяқтады және 67% тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл туралы Қазақстандағы ЖОО-лардың 2022 жылғы рейтингінде жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылғы рейтингте 2021 жылдың 81 393 түлегі бойынша деректер талданды. Талдау бойынша 9 287 адам магистратурада оқуын жалғастырған, 3688 адам бала күтімі бойынша демалысқа шыққан, 254 адам оқуды бітірген соң әскери борышын өтеген. Жүргізілген сараптамаға сәйкес, 6756 түлектің жасы 29-дан асқан және 940 түлек – шетел азаматы», - деді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры Азамат Бейсенбенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Түлектердің жұмысқа орналасуын талдау кезінде олардың 2021 жылдың тамызы мен 2022 жылдың шілдесі аралығындағы ай сайынғы зейнетақы аударымдары талданған.

«Өткен жылдармен салыстырғанда 2022 жылғы рейтингтегі жұмысқа орналасудың орташа пайызы 1,8%-ға артық, мысалы, 2020 жылы түлектердің орташа жұмысқа орналасу деңгейі – 71%, 2021 жылы – 77% құрап, 2022 жылы – 79 пайызға дейін өсті. 79 пайыздың 12 пайызы шартты, ал 67 пайызы – тұрақты түрде жұмыс істейтіні анықталды», - деді спикер.

Батыс Қазақстан облысының түлектері жұмысқа орналасу көрсеткіші бойынша 86 пайызды көрсеткен, екінші орында – Алматы облысының түлектері (85 пайыз), ал үшінші орында – Атырау облысының түлектері тұр (84 пайыз).

Ал ең төмен жұмысқа орналасу деңгейі Қызылорда және Түркістан облыстары бойынша анықталды, онда бұл көрсеткіш 73 пайызды құрайды.

«Ең жоғары жалақыны Алматы облысының түлектері алатыны анықталды, облыс бойынша түлектердің оқу бітіргеннен кейінгі алғашқы жылдағы медиандық жалақысы 196 769 теңгені құраған. Ең төмен жалақы Шымкент қаласы түлектерінде – 124 895 теңге», - деді А. Бейсенбенов.

Айта кетейік, ҚР Ғылым және Жоғары білім министрлігі елдегі ЖОО-лардың 2022 жылғы рейтингін жариялады. Бұл рейтингке сәйкес, жұмыс берушілер отандық білімге 67% қанағаттанады.

Рейтинг нәтижелерімен Ғылым министрлігінің және «Атамекен» ҰКП ресми сайтында толығырақ танысуға болады.


Соңғы жаңалықтар