120 жыл бұрын жасалған қарумен адам өлтірмек болған кәсіпкер ұсталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынын атып өлтірмекші болған ақмолалық кәсіпкер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы 29 қаңтарда Сандықтау аудандық полиция бөліміне аудандық аурухананың фельдшері хабарласып, Нұр-Сұлтан қаласының 55 жастағы тұрғыны оқ жарақатымен жеткізілгенін айтқан.

«Полиция қызметкерлері қолға алған жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті ұсталды. Ол бұрын сотталмаған 58 жастағы жеке кәсіпкер, аудандағы ауылдардың бірінің тұрғыны болып шықты. Күдіктіден 1895 жылғы үлгідегі «Наган» револьвері мен оқ-дәрісі тәркіленді. Қылмысқа қосылып арақ ішкен екеуінің арасында туындаған жанжал себеп болған», - деді ведомстводан.

Полиция департаментінің баспасөз қызметінен атап өткендей, осы оқиғаға байланысты Сандықтау аудандық ПБ тергеу бөлімі Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 1-бөлігі «адам өлтіруге оқталу», Қылмыстық кодекстің 287-бабы 3-бөлігі «қаруды заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша сотқа дейінгі тергеу шараларын жүргізуде. Күдікті қамауға алынды.


Соңғы жаңалықтар