120 үміткерден 131 телефон тәркіленді – Жемқорлыққа қарсы агенттік магистратураға түсу жайлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Парасаттылық департаментінің директоры Данияр Сабырбаев биыл магистратураға түсу үшін тапсырылатын емтихан кезінде қандай бұзушылықтар тіркелгенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Магистратураға тапсыру процесі айтарлықтай сынға толы болды. Магистрант болғысы келгендер жаппай телефондар мен шпаргалкаларды пайдалануға тырысты. Егер біз аудиторияға кірер кезде бақылауды қолға алмағанда... Тексерістің нәтижесінде ғана бұл заттардың бәрі алынып отырды. Бір ғана мысал келтірейін: Ақтөбе қаласында 120 үміткерден 131 телефон тәркіленді. 12 үміткер сонда да бәрібір телефонын алып кірген. Абитуриенттер құрметті әріптестер, сіз бен біз бітірген университеттерден шығып жатыр. ЖОО-лар өкінішке қарай, жас буынға негізгі құндылықтарды сіңіре алмады. Осы тәжірибеден түйсінгеніміз: біздің ЖОО-лар парасатты жастарды тәрбиелеу секілді өзінің тарихи миссиясын орындауды қойды», - деді Данияр Сабырбаев бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Агенттік өкілі тағы бірнеше мысал келтірді. Оның айтуынша, мониторингтік топтардың, агенттіктің өкілдері емтихан тапсырушыларды бақылауға белсене атсалысқан.

«Тестілеу кезінде 1021 адам аудиториядан шығарылды. Салыстырып көріңіз, өткен жылы дәл осылай 174 адам ғана аудиториядан қуылған. Олардың жұмыс нәтижелері жойылды. Фактілерді атайын: Ақтөбе облысындағы Жұбанов атындағы аймақтық университеттің түлектері қатарындағы 42 адам ұсталып, анықталған читерлердің (шпаргалкамен немесе ұялы телефонмен ұсталғандар, ағылшынның «cheat»«алдау» деген сөзінен) 93 пайызын құраған. Сол секілді Алматы облысындағы Жетісу мемлекеттік университетінде ұсталған читерлердің 100 пайызы да аталған университеттің түлектері болып шықты. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да да үміткерлердің 33 пайызы читерлер болса, Қостанай мемлекеттік университетінде 34 адам ұсталды. Бұл – жалпы тапсырушылардың 85 пайызы. Жалпы, Қостанай облысында 40 адам аудиториядан қуылды. Павлодар облысындағы Торайғыров атындағы университетте 51 читер анықталды. Алматыда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 61 адам (24 пайызы), Қазақ ұлттық педагогикалық университетте де 59 адам (24 пайыз)... Жалпы, Алматы қаласы бойынша 251 адам аудиториядан шығарылды. Мұндай жағдай барлық отандық ЖОО-ларда тіркелді», - деді Данияр Сабырбаев.

Агенттік өкілі осыған байланысты ЖОО басшылықтарына өз саясаттарын қайта қарауды ұсынып отыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Дидар Смағұлов осы жылдың 10-15 тамызы аралығында магистратураға түсу үшін өткізілген кешенді тестілеудің қорытындысын жариялаған болатын.

Соңғы жаңалықтар