+7 (701) 759 90 19
USD 376.51 EUR 418.91
RUB 6.13 CNY 54.90
Jańalyqtar

12 желтоқсан. Туған күн иелері

2019 жылғы 12 желтоқсан 08:08
Бөлісіңіз:
12 желтоқсан. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 12 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР


92 жыл бұрын (1927-2006) жазушы, әдебиет зерттеушісі, ұстаз, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақ және Қырғыз Республикаларының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Зейнолла ҚАБДОЛОВ дүниеге келді.

Атырау облысы Мақат ауданының Доссор кентінде дүниеге келген. 1945 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, 1950 жылы үздік дипломмен бітірген. Осы білім ордасында елу жылдан астам үздіксіз білім және ғылым жұмыстарын қатар жүргізген.

Ширек ғасыр бойы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің әдебиет кафедрасын басқарып, бірнеше жыл «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы міндеттерін негізгі қызметімен қоса атқарған.

«Ұшқын» және «Жалын» романдарының, «Адам», «Сыр» атты жинақтарына енген әңгіме-очерктері мен Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық және бірнеше облыстық театрлардың сахналарында қойылған «Сөнбейтін от» драмасының авторы. «Менің Әуезовым» романы үшін 1998 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Өмірінің соңына дейін Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті жанындағы филология ғылымдары докторы дәрежесін тағайындау жөніндегі тұрақты диссертациялық кеңестің төрағасы қызметін атқарған.

Тұңғыш көлемді шығармасы «Өмір ұшқыны» 1956 жылы қазақ, 1958 жылы «Искра жизни» повесі орыс тілінде жарық көрген. 1964 жылы «Адам» атты әңгімелер мен очерктер жинағы шыққан. 1967 жылы республикалық байқауда «Сөнбейтін от» пьесасы сыйлық алған. «Мұхтар аға» документалды кинофильмінің сценарийін жазған. Мұнайшылар өмірінен жазылған «Жалын» романы 1970-1971 жылдары қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген. Бұл роман жұмысшылар табы туралы ең үздік туындылар жөнінде КСРО Жазушылар одағы жариялаған бүкілодақтық байқауда арнаулы сыйлық алған. 1964-2002 жылдары әдебиеттану ғылымы мен теориясын зерттеу, орта және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар жазу ісінде де жемісті еңбек еткен. Оның «Арна» зерттеу-сын-эссесі, «Жанр сыры», «Сөз өнері» монографиялары, «Жебе» әдеби толғаныстар мен талдаулары, «Көзқарас» талдаулар мен толғаныстары, «Әдебиет теориясының негіздері» атты еңбектері студенттер мен мұғалімдердің және жазушы-журналистердің қажет кітаптарына айналды.

Басқа да көптеген еңбектері: екі томдық шығармалары, «Елеусіз қалған есіл ер» пьесалар жинағы, «Менің Әуезовым», «Ұшқын», «Жалын» романдары, таңдамалы шығармалар, бес томдық алғашқы кітаптары «Жазушы», «Санат» баспаларынан әр жылдары басылып шыққан.

Аударма жұмыстарымен де айналысып, А.Пушкиннің «Балықшы мен балық» ертегісін, Н.Гогольдің мақалалары мен хаттарын, В.Добровольскийдің «Сұр шинельді үш жігіт», В.Закруткиннің «Судағы станица» романдарын, А.Островскийдің «Ұшынған ақша», М.Горкийдің «Күн перзенттері», Н.Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» пьесаларын қазақ тіліне аударған.

«Халықтар достығы», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, көптеген медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Бірінші дәрежелі сыйлығының лауреаты. Көркем шығармалары бірнеше шетел тілдеріне аударылған.

Алматы қаласындағы мекен-тұрағы болған Желтоқсан көшесіндегі 132 үйдің қабырғасына мемориалды тақта орнатылып, қаладағы көшелердің біріне жазушының есімі берілген.


91 жыл бұрын (1928-2008) қырғыз жазушысы, Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, Қырғыз Республикасы Ғылым академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығының лауреаты Шыңғыс Төреқұлұлы АЙТМАТОВ дүниеге келді.

Қырғыз Республикасының Талас облысында туған. Жамбыл зооветеринарлық техникумын, Қырғыз ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Қазіргі әлем әдебиетіндегі ірі тұлғалардың бірі саналатын Шыңғыс Айтматов проза жанрында және киносценарий, драматургия, әдебиет сыны, аударма салаларында еңбек етті. «Литературный Киргизстан» журналының редакторы, «Правда» газетінің Қырғызстандағы меншікті тілшісі, Қырғызстан кинематографистер одағының төрағасы, Қырғызстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, «Иностранная литература» журналының бас редакторы, КСРО-ның Люксембургтегі елшісі, Қырғызстанның Бельгиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметтерін атқарды. Қаламгердің 1952 жылы «Әшім» атты тұңғыш әңгімесі жарияланды. Онан кейін «Аспалы көпір», «Бетпе-бет», т.б. әңгімелері жарық көрді. Жазушыны алғаш әлемге танытқан таңдаулы туындысы әйгілі «Жәмила» повесі болды. Шығармалары шет елдерге де кеңінен танылды. Айтматов туындылары түгелдей дерлік қазақ тілінде жарық көрді. Сонымен бірге француз, неміс, жапон, араб, түрік, парсы, тағы басқа да дүниежүзінің көптеген халықтарының тілдеріне аударылды. 1963 жылы Ш.Айтматов «Тау мен дала хикаясы» атты шығармалар жинағы үшін Лениндік сыйлықты алды. Бірсыпыра шығармаларының желісімен жасалған драмалық туындылары, қазақ драматургі Қ.Мұхамеджановпен бірігіп жазған «Көктөбедегі кездесу» пьесасы Қазақстанның республикалық, облыстық театрлары сахнасынан берік орын алды. 1997 жылы қазақ ақыны М.Шахановпен бірігіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты эссе кітабы жарық көрді. Осы екеуі бірігіп жазған «Сократты еске алу түні немесе миғұла терісі үстіндегі сәт» атты пьесасы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрында қойылды.

Ш.Айтматов бірсыпыра Еуропа елдері академияларының құрметті академигі, бірнеше рет КСРО Жоғарғы Кеңесіне, Қырғызстан Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды.


59 жыл бұрын (1960) Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі тұрақты комитетінің мүшесі Мұхтар Абрарұлы ҚҰЛ-МҰХАММЕД дүниеге келді.

Ол Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 1982-1992 жылдары - «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясының ғылыми редакторы, аға ғылыми редакторы, философия, құқық және әлеуметтану редакциясының меңгерушісі, жауапты хатшысы, бас директордың орынбасары. 1992-1999 жылдары - шағын кәсіпорын директоры, «Атамұра» корпорациясының президенті. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Заңнама және құқықтық реформа комитетінің хатшысы, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы. 2001-2003 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі. 2003-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі және баспасөз хатшысы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары. 2007-2008 жылдары - Қызылорда облысының әкімі. 2008-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі қызметтерін атқарған. 2010-2012 жылдары - ҚР Мәдениет министрі. 2012-2013 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы. 2013-2014 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі. 2014-2015 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі. 2015 жылы - ҚР Президенті лауазымына кандидат Н.Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабының жетекшісі (03.2015-05.2015); 2015-2016 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі. Қазіргі қызметінде 2016 жылғы мамыр айынан бері. Заң ғылымдарының докторы, профессор. 100-ден аса ғылыми еңбегі, оның ішінде 6 монографиясы жарық көрді. Ғылыми еңбектерінің негізгі бағыты мемлекет және құқық тарихы, саяси және құқықтық ілімдер тарихы, түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті, руханият пен өркениет мәселелеріне арналған. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері. «Құрмет» орденімен марапатталған.


53 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасы Премьер-Министр кеңсесі басшысының бұрынғы орынбасары Орман Кәрімұлы НҰРБАЕВ дүниеге келді. Семей облысы Абай ауданы Қарауыл ауылында туған. Краснояр жоғары командалық радиоэлектроника училищесін және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару ұлттық жоғары мектебін бітірген.

1987 жылдан Киров облысындағы №48730 әскери бөлімінің радио-желілік жүйесінің бастығы.

1988 жылдан - Краснояр өлкесіндегі №71199 әскери бөлімінің радиожелілік жүйесінің бастығы. 1993 жылдан - №31767 әскери бөлімнің радожелілік жүйесінің (Семей) бастығы.

1994 жылдан - «Нарбота» қайырымдылық коммерциялық-кәсіпкерлік орталығының менеджері, бас директоры (Семей).

1997 жылдан ҚР СІМ аймақтық басқармалары мен департаменттерінде әртүрлі қызметтерде істеді.

2000 жылдан - ҚР-ның Малайзиядағы елшілігінің бірінші хатшысы.

2001 жылғы ақпаннан - ҚР-ның Тәжікстандағы елшілігінің бірінші хатшысы.

2002 жылдан - ҚР-ның Өзбекстандағы елшілігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі.

2004 жылдан - ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат басқармасының Ситуациялық орталығының сектор меңгерушісі.

2005 жылдан - Сыртқы саясат орталғының бас инспекторы.

2006 жылғы мамырдан - ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Халықаралық істер департаментінің директоры.

2007 жылғы қыркүйектен - ҚР-ның Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі.

2012-2018 жылдары ҚР-ның Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі, «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ басқарма төрағасы қызметтерін атқарған.

2018-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министр кеңсесі басшысының орынбасары болған.

«Астананың 10 жылдығы» медалімен, алғыс хаттармен марапатталған.


47 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің бұрынғы төрағасы Қуат Қаһарманұлы БОРАШЕВ дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. 1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін журналист мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1989 жылы бастаған. 1994-2005 жылдары «Қазақстан» мемлекеттік телерадио хабар тарату компаниясы, «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясы, «Райхан-ТВ» телекомпаниясы, «Тараз-ТВ» телеарнасы, «Жамбыл облыстық телерадио компаниясы» ЖАҚ, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті қатарлы түрлі медиа саласындағы ұйымдарда жұмыс істеген.

2005-2006 жылдары «ҚР Президенті ТРК» КЕАҚ бөлім меңгерушісі болған, ҚР Президентінің баспасөз қызметінде еңбек еткен.

2007-2012 жылдары ҚР Президент әкімшілігінің әлеуметтік-саяси бөлімшесінің бас сарапшысы; ҚР Президенті әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі ретінде қызмет атқарған.

2012 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалған.

2013-2017 жылдары ҚР Мемлекеттік хатшысы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары лауазымын атқарған. 2017 жылдың маусымынан қарашасына дейін «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің бас редакторы қызметін атқарған. 2017-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы болған.


44 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жауапты хатшысы Әнуар Мұратұлы АХМЕТЖАНОВ дүниеге келген.

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін халықаралық экономикалық қатынастар жөніндегі экономист мамандығы бойынша (1996); Президенттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша Вашингтондағы (АҚШ) Джон Хопкинс университетінің магистратурасын халықаралық қаржы және халықаралық қатынастар бағытында (2000) бітірген.

Еңбек жолы: Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Халықаралық экономикалық қатынастар» кафедрасының оқытушысы (1996-2000); «Қазақойл» ҰМК» ЖАҚ-та Солтүстік Каспий жобасы жөніндегі департаменттің менеджері, сыртқы-саяси байланыстар жөніндегі департаменттің бас менеджері, стратегиялық жоспарлау департаментінің бас аналитигі (2000-2003); «ҚазМұнайТеңіз» ТМК» АҚ жобалық талдау департаменті директорының орынбасары, директоры (2003-2004); «ҚазМұнайТеңіз» ҰК» АҚ теңіз жобаларын даярлау департаменті директорының орынбасары, директоры (2004-2006); «Самұрық-Қазына» Холдингі» АҚ-та мұнай-газ активтерін басқару жөніндегі топтың бас сарапшысы; «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның мұнайды барлау және өндіру жобалары жөніндегі атқарушы директоры, бас менеджері (2007-2010); «ҚазГерМұнай» БК ЖШС бас директорының бірінші орынбасары (2010-2012); Қарағанды облысы әкімінің өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту, индустрияландыру және инвестиция мәселелері жөніндегі орынбасары.

Қазіргі лауазымын 2016 жылдың қазанынан бері атқарып келеді.


33 жыл бұрын (1986) ҚР Премьер-министрі баспасөз қызметінің басшысы Зарина Нұрланқызы НҰРЛАНОВА дүниеге келді.

Алматы облысының Талдықорған қаласында туған. 2008 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін «әлеуметтану» мамандығы бойынша, 2017 жылы «КАЗГЮУ университеті» АҚ және UBIS университетін іскерлік әкімшіліктендіру мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2009 жылы «Arna Media Advertising» ЖШС менеджері ретінде бастаған. Түрлі жылдары «Қазконтент» АҚ атқарушы, басқарушы директоры, басқарма төрағасының орынбасары болып қызмет еткен, Еуразиялық интеграция институтын басқарған, сондай-ақ, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің кеңесшісі лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметінде - 2018 жылдың шілде айынан бастап.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Күнтізбе,
Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059

MURAǴAT