+7 (701) 759 90 19
USD 443.50 EUR 479.47
RUB 5.79 CNY 62.51
Jańalyqtar

12 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі

2019 жылғы 12 желтоқсан 07:00
Бөлісіңіз:
12 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2019 жылғы 12 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қазақстан Республикасы Кеден органдарының құрылған күні

Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы 12 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының қаржы, салық және кеден қызметін қайта құру туралы» Жарлығын орындау мақсатында осы қызметтердің барлығы бір жүйеге - ҚР Қаржы министрлігіне біріктірілді. ҚР Кеден органдарының негізгі қызметі - Қазақстан Республикасы экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, материалдық және мәдени құндылықтарды заңсыз шет елге шығарудың алдын-алу, қару-жарақ, есірткі заттарын тасымалдауға тосқауыл болу, контрабандамен күрес, республика бюджетіне кеден салығының уақытында түсіп отыруын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының шекарасы арқылы азаматтар мен автокөлік өткізу жұмысын ұйымдастыру және басқалар.

Халықаралық нейтралитет (бейтараптық) күні

БҰҰ Бас Ассамблеясының 2017 жылдың ақпанындағы қарарымен бекітілді. 1995 жылы 12 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымы «Түрікменстанның тұрақты нейтралитеті» туралы қарарын қабылдаған болатын. Бұл нейтралитетті қолдау жөніндегі тарихтағы тұңғыш осындай құжат болды. Халықаралық нейтралитет күні сол құжаттың құрметіне атап өтіледі. Бұл күн Түрікменстан Республикасында ұлттық мейрам.

Халықаралық денсаулық сақтау қызметін жаппай қамту күні

2012 жылдың 12 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы «Әлем тұрғындарының денсаулығы және сыртқы саясаты» туралы қарар қабылдады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1917 жылы Алаш Орда үкіметі құрылды. Атап айтқанда, 1917 жылдың 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында өткен 2-жалпықазақ съезінің нәтижесінде Алаш Орда үкіметін құрылғаны жарияланған болатын. Съез күн тәртібінде бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Соның ішінде қазақ автономиясы, милиция (жасақ) және Ұлт кеңесі мәселелерін қаралды. Жаңа автономияны «АЛАШ» деп атауды ұсынылып, 1917 жылдың 12 желтоқсанында съез делегаттары уақытша ұлттық кеңесті - Алаш Орданы құрды. Ал көпшіліктің дауысымен Алаш Орда үкіметінің төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды.

Кейіннен бұл туралы Әлімхан Ермеков «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 22 қаңтардағы №28 санында: «Декабрьдің 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге АЛАШ автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, АЛАШ туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт Отанды болды» деп жазған болатын.

1991 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-індегі оқиғаларға қатысқаны үшін жауапқа тартылғандарды ақтау туралы» Жарлығы шықты.

1991 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен ҚР Мемлекеттік кеден комитеті құрылды.

2006 жылы Астанада Эталон орталығы ашылды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азиядағы жалғыз цезий негізіндегі уақыт эталонын іске қосты. Қазіргі заманғы 8 қабатты ғимаратта 76 эталон мен эталон жабдықтарының бірлігі 10 түрлі зертханада орналасқан.

2008 жылы БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстанның мүгедектер құқығы Конвенциясына және оның факультативті протоколына қол қою рәсімі өтті. Қазақстан Конвенцияға қосылған әлемнің 137-елі болды. 2006 жылғы желтоқсанның 13-де БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында құжат қабылданып, 2008 жылғы 3 мамырда күшіне енді. Біріккен Ұлттар Ұйымында Конвенцияның орындалуын бақылайтын орган құрылды. Мүгедектер құқығының комитеті Конвенцияға қатысушы-мемлекеттердің баяндамасын қарап, ұсыныс пен ортақ ұсынымдар шығарады.

2009 жылы Алматыдан 128 шақырым жерде «Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай» трансұлттық газ құбырының қазақстандық учаскесінің ашылу салтанаты болып өтті. Астанада тікелей бейнебайланыс бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтао қосу түймесін символдық басу арқылы желілік газ кранын ашты. «Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай» трансазиялық газ құбырының жалпы ұзындығы 7000 шақырымға жуық. Оның 188 шақырымы Түрікменстан, 525 шақырымы - Өзбекстан, 1293 шақырымы - Қазақстан, 4860 шақырымнан астамы Қытай аумағында тартылды.

2012 жылы Алматыда қазақстандық экспедицияның Оңтүстік полюске жасаған алғашқы сапары туралы «108 сағат» атты фильмнің тұсаукесері өтті.

2013 жылы ҚР Ұлттық банкі түркі жазуының ескерткіші «Күлтегінге» арналған номиналы 1000 теңгелік естелік банкнотын айналымға шығарды. Ол банкнот сары-қоңыр түске қанық боялған. Оның басты бетіне Күлтегін ескерткіші, «Қазақ елі» монументі мен ұшып бара жатқан көгершін бейнеленсе, ал екінші бетіне түркі жауынгерлері, түркі жазбаларының көшірмесі мен бұғының суреті салынған. Одан бөлек, банкноттың екінші бетіне мемлекеттік тудың бір бөлігі бейнеленген голографиялық сызық та, Ұлттық банктің логотипі мен «Ескерткіш теңге» деген де жазу бар. Ескерткіш банкноттың таралымы 10 миллион дананы құрайды.

2014 жылы Астанада француз генералы, Бесінші Республиканың негізін қалаушы және оның алғашқы Президенті Шарль де Голль ескерткіші ашылды. Монумент «Ақбұлақ-3» шағын ауданында орналасқан.

2015 жылы Мәскеудегі Екінші дүниежүзілік соғыс орталық музейінде екі дүркін Совет Одағының Батыры, ұшқыш-шабуылдаушы, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің бюстін беруге арналған салтанатты рәсім өтті.

2016 жылы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қатысушыларына Алматы қаласында «Желтоқсанның 30 жылдығы» медальдары тапсырылды.

Қайрат Рысқұлбеков пен Ләззат Асанованың есімі Алматы көшелеріне берілді, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен қаланың орталық көшелерінің бірі Ербол Сыпатаевтың есімімен аталды.

2018 жылы Вьетнамның Ханой қаласында Undiscovered Kazakhstan «Беймәлім Қазақстан» фотокөрмесі өтті. Ханой қонақтары мен тұрғындарына елорда мен еліміздің түкпір-түкпіріндегі ең көркем ғимараттар, Астана туралы бейнеролик ұсынылды, Қазақстанның көрікті жерлері мен әйгілі тұлғалары туралы айтылды.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Күнтізбе,
Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT