12 желтоқсан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 12 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады. 12 желтоқсан, ЖҰМА

Қазақстан Республикасы Кеден органдарының құрылған күні. Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы желтоқсанның 12-ндегі «Қазақстан Республикасының қаржы, салық және кеден қызметін қайта құру туралы» Жарлығын орындау мақсатында осы қызметтердің барлығы бір жүйеге - ҚР Қаржы министрлігіне біріктірілді. ҚР Кеден комитеті Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бас кеден басқармасы болып қайта құрылды. ҚР Кеден органдарының негізгі қызметі - Қазақстан Республикасы экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, материалдық және мәдени құндылықтарды заңсыз шет елге шығарудың алдын-алу, қару-жарақ, есірткі заттар тасымалдауға тосқауыл болу, контрабандамен күрес, республика бюджетіне кеден салығының уақытында түсіп отыруын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының шекарасы арқылы азаматтар мен автокөлік өткізу жұмысын ұйымдастыру және басқалар. Ең басты мақсатының бірі - кәсіби деңгейі жоғары кеден қызметінің мамандарын даярлап шығару.

Ресей Федерациясының Мемлекеттік мейрамы - Конституция күні. РФ Президентінің 1994 жылғы Жарлығымен Ресейдің мемлекеттік мейрамы ретінде бекітілген. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қазанның 21-інде орнатылды.

Кения Республикасының Ұлттық мейрамы - Республика күні (1963). Кения - Шығыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Судан, Эфиопиямен, шығысында Сомали, Үнді мұхитымен, оңтүстігінде Танзания, Виктория көлімен, батысында Угандамен шектеседі. Астанасы - Найроби қаласы. Ресми тілі - ағылшын және суахили тілдері. Ақша бірлігі - кения шиллингі.

Швейцария туы күні. Швейцария туы 1889 жылдың 12 желтоқсанында ресми түрде бекітілді

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 56 жыл бұрын (1958) Мәскеу қаласында Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өтті. Мұндай шаралар одақтас және автономиялы республикалардың мәдениет саласындағы жетістігін насихаттау мақсатында жүзеге асырылып отыратын. Осы өнер сапарынан кейін көптеген жазушылар мен ақындар, өнер қайраткерлері орден, медальдармен марапатталды.

23 жыл бұрын (1991) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен ҚР Мемлекеттік кеден комитеті құрылды.

23 жыл бұрын (1991) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-індегі оқиғаларға қатысқаны үшін жауапқа тартылғандарды ақтау туралы» Жарлығы шықты. 23 жыл бұрын (1991) Ашғабат қаласында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан елдерінің президенттері Н.Назарбаев, И.Каримов, А.Ақаев, С.Ниязов, Р.Рабиев кездесіп, Біріккен мәлімдеме қабылдады. 19 жыл бұрын (1995) Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының наградалары туралы» заңдық күші бар Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы ең жоғары дәрежелі «Алтын қыран», «Айбын», «Достық» ордендері бекітілді. «Алтын қыран» орденімен республикаға ерекше еңбек сіңірген азаматтар, ал «Айбын» орденімен ҚР Қарулы Күштерінің, Республикалық Ұланның, Президент күзеті қызметінің, Шекара және Ішкі әскердің әскери қызметкерлері, сондай-ақ Прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер қызметкерлері әскери даярлықта қол жеткізген жетістіктері, әскери жаңа техниканы игергені, заңды, қоғамдық тәртіпті бұлжытпай сақтағаны, халық мүддесін қорғаудағы адалдығы, т.б. үшін, «Достық» орденімен елдегі қоғамдық келісімді сақтауға, халықтар арасындағы бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастық ахуалын нығайтуға үлес қосқан азаматтар марапатталады. 19 жыл бұрын (1995) ақындар Тұманбай Молдағалиев пен Қадыр Мырза Әліге «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағы берілді. 18 жыл бұрын (1996) Жамбыл қаласында 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінің 10 жылдығына орай «Халық Қаһарманы» Қайрат Рысқұлбековке арналған ескерткіш орнатылды. 17 жыл бұрын (1997) Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола (қазіргі Астана) қаласында Орталық Азияның үш республикасы - Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан басшыларының кездесуі өтті. Кездесу барысында үш мемлекеттің халықаралық консорциумдар құру жөнінде бірлесе әрекет етуінің принциптері жөніндегі тұжырымдаманы мақұлдау туралы хаттамалық шешімге қол қойылды. 14 жыл бұрын (2000) Алматыдағы Қазақ драма театрында Бауыржан Момышұлының туғанына 90 жыл толуына арналған салтанатты жиналыс өтті. 9 жыл бұрын (2005) ТМД елдері Халықаралық сәулетшілер одағының қауымдастығы өткізген ең жақсы жобалар байқауының алтын медалін Астана қаласындағы көп тарапты «Балбалтас» кешені иеленді. 9 жыл бұрын (2005) Алматыда Халықаралық «Болашақ» стипендиясы иегерлерінің І конгресі болып өтті. Шараны ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы, Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясы түлектерінің қауымдастығы және «Қазақстан жастар конгресі» ұйымдастырды. Оған «Болашақ» бағдарламасының түлектері, мемлекеттік органдар, елшіліктер және ұлттық компаниялар өкілдері қатысты. Негізгі мақсат - «Болашақ» стипендиясы иегерлерінің басын қосып, өзара қарым-қатынасын дамыту, шет елдерде алған білім тәжірибелерімен ой бөлісу. 8 жыл бұрын (2006) Қарағандыда белгілі ғалым, жазушы, қоғам қайраткері, академик Е. Бөкетовтың ескерткіші ашылды. Ескерткіш академиктің есімі берілген Қарағанды мемлекеттік университеті бас корпусының алдындағы алаңда орнатылған. Ашу рәсіміне ғалымның туыстары, ғылыми және шығармашыл зиялы қауым өкілдері, ҚарМУ ардагерлері, Е.Бөкетовтың әріптестері мен оқушылары қатысты. Қола және қызыл граниттан жасалған жеті метрге жуықтайтын композицияның авторлары қарағандылық шеберлер - ҚР-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері, мүсінші Анатолий Билык пен ҚР-ның еңбек сіңірген сәулетші Станислав Мордвинцев. 8 жыл бұрын (2006) Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Эталон орталығы ашылды. Елбасы Орталық Азиядағы жалғыз цезий негізіндегі уақыт эталонын өз қолымен қосты. Қазіргі заманғы 8-қабатты ғимаратта 76 эталон мен эталон жабдықтарының бірлігі 10 түрлі зертханада орналасқан. 6 жыл бұрын (2008) БҰҰ-ның штаб-пәтерінде Қазақстанның мүгедектер құқығы Конвенциясына және оның факультативті протоколына қол қою рәсімі өтті. Қазақстан Конвенцияға қосылған әлемнің 137-ші елі болды. 2006 жылғы желтоқсанның 13-де БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында құжат қабылданып, 2008 жылғы мамырдың 3-де күшіне енді. Біріккен Ұлттар Ұйымында Конвенцияның орындалуын бақылайтын орган құрылды. Мүгедектер құқығының комитеті Конвенцияға қатысушы-мемлекеттердің баяндамасын қарап, ұсыныс пен ортақ ұсынымдар шығарады. 5 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік қолдау мен мемлекеттік реттеу мәселелері жөніндегі «Азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және білікті заң көмектерін алудағы, сондай-ақ халыққа құқықтық көмекті ұйымдастыруды жақсартудағы азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған «Білікті заң көмектерін қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар егізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына қол қойды. 5 жыл бұрын (2009) Алматыдан 128 шақырым жерде «Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай» трансұлттық газ құбырының қазақстандық учаскесінің ашылу салтанаты болып өтті. Астанада тікелей бейнебайланыс бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтао қосу түймесін символдық басу арқылы желілік газ кранын ашты. Газ құбырының құрылысын «ҚазТрансГаз» және «Транс-АзияГазпипилайн компани» компаниялары басымдық негізде құрған «Азиялық газ құбыры» ЖШС 2008 жылғы шілденің 9-да бастаған болатын. «Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай» трансазиялық газ құбырының жалпы ұзындығы 7000 шақырымға жуық. Оның 188 шақырымы Түрікменстан, 525 шақырымы - Өзбекстан, 1293 шақырымы - Қазақстан, 4860 шақырымнан астамы Қытай аумағында тартылды. Қытайда газ құбыры Гуанчжоу қаласына дейін жеткізіледі, ол жерден басқа да жұмыс жасап тұрған газ құбыры тармақтарына бөлінеді. Газ құбыры Түркіменстаннан Қытайға табиғи газ транзиттеумен қоса, қазақстандық газдың еліміздің батыс кеніштерінен оңтүстік аймақтарға жеткізілімін қамтамасыз ететін болады. Қазақстан аумағы арқылы өтетін құбыр желісі екі учаскеден тұрады: жылдық өткізу қуаты 40 миллиард текше метрді шамалайтын алғашқы учаске - Өзбекстан мен Қазақстан шекарасынан қазақстан-қытай шекарасына дейін тартылса, екіншісі, өткізу қуаты 10 миллиард текше метрді шамалайтын, екінші учаске - «Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ» бағыты бойынша өтеді. 3 жыл бұрын (2011) «Мұхтар Әуезов» энциклопедиясы жарыққа шықты. Оның тұсаукесері Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында өтті. Энциклопедияға үш мыңға жуық мақала мен 500-ден астам сурет енгізілген. 3 жыл бұрын (2011) «Электронды үкімет» порталында облыс орталықтары мен Алматы қаласының тұрғындарына мемлекеттік ведомствоның бірінші басшысына онлайн-қабылдауға жазылуға мүмкіндік беретін «Онлайн-қабылдау» атты жаңа сервис пайда болды. 2 жыл бұрын (2012) Режиссер Ермек Шахмет Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов туралы фильм түсіру жұмыстарын бастады. Фильмде басты рөлді Асылхан Төлепов сомдады. 2 жыл бұрын (2012) Алматыда қазақстандық экспедицияның Оңтүстік полюске жасаған алғашқы сапары туралы «108 сағат» атты фильмнің тұсаукесері өтті. 1 жыл бұрын (2013) Кенен Әзірбаевқа арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті. 1 жыл бұрын (2013) Астана қаласының Назарбаев Орталығында «Түркі әлемінің тегеурінді тұлғасы» атты жаңа деректі фильмнің тұсаукесері өткізілді.

ЕСІМДЕР

111 жыл бұрын (1903-2002) ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері ҒАББАСОВ Араб Мақаұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын бітірген. 1941-1946 жылдары - КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының аға ғылыми қызметкері, Қазақстан Ғылым академиясы филиалдары мен базалары кеңесі төрағасының орынбасары. 1946-1950 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Шөл игеру институтының директоры. 1951-1977 жылдары Ботаника институты өсімдіктер генетикасы мен селекциясы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Ғалым өзі ұйымдастырған және басшылық еткен Шөл игеру институтында, Жезқазған, Іле ботаникалық бақтарында алыс текті будандастыру және мутагенез әдістері арқылы бидай мен жүгерінің түраралық және туысаралық будандарын алды. Олардың селекциясы мен генетикасын зерттеді. Табиғи жайылымдарды пайдалану шараларын белгілеп берді. Бидай мен қарабидай буданының (тритикале) коллекциясын жасады.

86 жыл бұрын (1928-2008) қырғыз жазушысы, Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, Қырғыз Республикасы Ғылым академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығының лауреаты АЙТМАТОВ Шыңғыс Төреқұлұлы дүниеге келді.

Қырғыз Республикасының Талас облысында туған. Жамбыл зооветеринарлық техникумын, Қырғыз ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Қазіргі әлем әдебиетіндегі ірі тұлғалардың бірі саналатын Шыңғыс Айтматов проза жанрында және киносценарий, драматургия, әдебиет сыны, аударма салаларында еңбек етті. «Литературный Киргизстан» журналының редакторы, «Правда» газетінің Қырғызстандағы меншікті тілшісі, Қырғызстан кинематографистер одағының төрағасы, Қырғызстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, «Иностранная литература» журналының бас редакторы, КСРО-ның Люксембургтегі елшісі, Қырғызстанның Бельгиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметтерін атқарды. Қаламгердің 1952 жылы «Әшім» атты тұңғыш әңгімесі жарияланды. Онан кейін «Аспалы көпір», «Бетпе-бет», т.б. әңгімелері жарық көрді. Жазушыны алғаш әлемге танытқан таңдаулы туындысы әйгілі «Жәмила» повесі болды. М.Әуезов пен француз жазушысы Л.Арагон осы шығарма арқылы Айтматовтың дарынын жоғары бағалады. Шығармадағы Жәмила бейнесі соны сымбатымен әрі жаңашылдығы, сезімталдығы, жігерлілігі, өз бақыты үшін күресе білген батылдығымен оқырман қауымды баурап алды. Ол қырғыз әйелдерінің жаңа буынының өкілі ретінде қабылданды. Осыдан кейін-ақ Айтматов шығармалары ерекше құбылыс болып саналып, оның қаламынан туған әрбір туындыны оқырман асыға күтіп, қолдан-қолға тигізбей оқитын құрметке ие болды. Шығармалары шет елдерге де кеңінен танылды. Жазушы қаламынан туған әрбір шығарма адамзаттық көкейкесті мәселелерді қозғаумен, сыршылдығымен, шыншылдығымен, жаңашылдығымен ерекшеленді. Айтматов туындылары түгелдей дерлік қазақ тілінде жарық көрді. Сонымен бірге француз, неміс, жапон, араб, түрік, парсы, тағы басқа да дүниежүзінің көптеген халықтарының тілдеріне аударылды. 1963 жылы Ш.Айтматов «Тау мен дала хикаясы» атты шығармалар жинағы үшін Лениндік сыйлықты алса, «Қош бол, Гүлсары», «Ерте кеткен тырналар» повестері, «Боранды бекет» романы үшін үш мәрте КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. «Шынарым менің, шырайлым менің», «Алғашқы ұстаз», «Ақ кеме» повестерінде қаламгер замандастарының түрлі мінез болмысын, жастардың шынайы махаббатын, адам бойындағы мейірім мен қатыгездіктің табиғатын толғана суреттеді. «Құс жолы» повесінде қырғыз халқының Отан соғысы жылдарындағы басынан кешкен қасіретін, қайғысын, сол ауыртпалықты көтере білген рухы биік Толғанай бейнесін шыншыл да, асқан шеберлікпен сомдады. Осы повестің желісімен «Ана-Жер-Ана» қойылымы ең алғаш рет Алматыда, М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында қойылды. «Адамзаттың Айтматовы» аталған, заманымыздың заңғар жазушысының кейінгі «Жанпида», «Кассандра таңбасы» романдары философиялық тереңдігімен ерекшеленеді. Өмірдің сан қатпар сыры мен қырына үңілген, оның болмысын ашып көрсетуге бой ұрған зерделі зерттеулері, пайымдаулары тың, тосын көркемдік кестесімен қызықтырады. Оқырман назарын адамгершілік мінез-құлықтың толғақты мәселелеріне аударады. Айтматов шығармалары бойынша көптеген көркем фильмдер түсірілді. Бірсыпыра шығармаларының желісімен жасалған драмалық туындылары, қазақ драматургі Қ.Мұхамеджановпен бірігіп жазған «Көктөбедегі кездесу» пьесасы Қазақстанның республикалық, облыстық театрлары сахнасынан берік орын алды. 1997 жылы қазақ ақыны М.Шахановпен бірігіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты эссе кітабы жарық көрді. Осы екеуі бірігіп жазған «Сократты еске алу түні немесе миғұла терісі үстіндегі сәт» атты пьесасы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрында қойылды.

Ш.Айтматов бірсыпыра Еуропа елдері академияларының құрметті академигі, бірнеше рет КСРО Жоғарғы Кеңесіне, Қырғызстан Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды.

8 5 жыл бұрын (1929-2011) актер, Қазақстанның халық әртісі ЖӘКІБАЕВ Қасым Әбенұлы дүниеге келді. Алматы облысы Жамбыл ауданында туған. Т.Жүргенев атындағы Алматы көркемсурет училищесін бітірген. 1948 жылдан - Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ балалар және жасөспірімдер театрының, «Қазақфильм» киностудиясының актеры. Театр сахнасында Сарман, Жақай («Алтын сақа», «Ыбырай Алтынсарин» М.Ақынжанов), Полонии («Гамлет» У.Шекспир), Врум («Махаббат пен зұлымдық» Ф.Шиллер), Қайрабай («Мөлдір махаббат» С.Мұқанов), Тоқай («Ұлпан және Есеней» Ғ.Мүсірепов пен К.Ысқақов), Шыңғыс хан («Миғұла терісі үстіндегі сот» Ш.Айтматов пен М.Шаханов) рөлдерін ойнаған. «Дерсу Узала», «Қан мен тер», «Үшеу», «Сталинге сыйлық», «Отырардың күйреуі», «Тоғысқан тағдырлар», «Махаббат стансасы» сияқты 100-ге жуық фильмдер мен сериалдарға түскен. «Құрмет» орденімен марапатталған.

60 жыл бұрын (1954) актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ЖЫЛГЕЛДИЕВ Сағат Ермағамбетұлы дүниеге келді. Қызылорда облысында туған. Қазақ драма театры жанындағы театр студиясын, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген. 1977 жылдан - Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ балалар және жасөспірімдер театрының актеры. Сахнада Ақын («Ауылдан келген ару» И.Сапарбаев), Байжан («Алтын ажалы» И.Ғайып), Абдолла («Ең әдемі келіншек» С.Балғабаев), Қожа Ахмет Иасауи («Әзірет Сұлтан» О.Дастанов), Шеге, Байдалы би, Сердәлі («Қыз Жібек», «Ұлпан», «Ақан сері -Ақтоқты» Ғ.Мүсірепов) рөлдерін сомдаған. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

54 жыл бұрын (1960) Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі ҚҰЛ-МҰХАММЕД Мұхтар Абрарұлы дүниеге келді. Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 1982-1992 жылдары - «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясының ғылыми редакторы, аға ғылыми редакторы, философия, құқық және әлеуметтану редакциясының меңгерушісі, жауапты хатшысы, бас директордың орынбасары. 1992-1999 жылдары - шағын кәсіпорын директоры, «Атамұра» корпорациясының президенті. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Заңнама және құқықтық реформа комитетінің хатшысы, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы. 2001-2003 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі. 2003-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі және баспасөз хатшысы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары. 2007-2008 жылдары - Қызылорда облысының әкімі. 2008-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі қызметтерін атқарған. 2010 жылдың 12 наурызынан - ҚР Мәдениет министрі. 2012 жылғы қаңтардан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы. Қазіргі қызметінде 2014 жылғы наурыз айынан бері. Заң ғылымдарының докторы, профессор. 100-ден аса ғылыми еңбектері, оның ішінде 6 монографиясы жарық көрді. Ғылыми еңбектерінің негізгі бағыты мемлекет және құқық тарихы, саяси және құқықтық ілімдер тарихы, түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті, руханият пен өркениет мәселелеріне арналған. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері. «Құрмет» орденімен марапатталған.

4 8 жыл бұрын (1966) ҚР-ның Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі НҰРБАЕВ Орман Кәрімұлы дүниеге келді.

Семей облысында туған. Краснояр жоғары командалық радиоэлектроника училищесін және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару ұлттық жоғары мектебін бітірген. 1987 жылдан Киров облысындағы №48730 әскери бөлімінің радио-желілік жүйесінің бастығы. 1988 жылдан - Краснояр өлкесіндегі №71199 әскери бөлімінің радиожелілік жүйесінің бастығы. 1993 жылдан - №31767 әскери бөлімнің радожелілік жүйесінің (Семей) бастығы. 1994 жылдан - «Нарбота» қайырымдылық коммерциялық-кәсіпкерлік орталығының менеджері, бас директоры (Семей). 1997 жылдан ҚР СІМ аймақтық басқармалары мен департаменттерінде әртүрлі қызметтерде істеді. 2000 жылдан - ҚР Малайзиядағы елшілігінің бірінші хатшысы. 2001 жылғы ақпаннан - ҚР-ның Тәжікстандағы елшілігінің бірінші хатшысы. 2002 жылдан - ҚР-ның Өзбекстандағы елшілігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі. 2004 жылдан - ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат басқармасының Ситуациялық орталығының сектор меңгерушісі; 2005 жылдан - Сыртқы саясат орталғының бас инспекторы. 2006 жылғы мамырдан - ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Халықаралық істер департаментінің директоры. 2007 жылғы қыркүйектен - ҚР-ның Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы қарашадан бері. «Астананың 10 жылдығы» медалімен, алғысхаттармен марапатталған.

9 9 жыл бұрын (1915-1998) американ әншісі және актері Фрэнк СИНАТРА дүниеге келді.

80 жыл бұрын (1934-2012) Мексиканың 1982-1988 жылдардағы 32-ші президенті Мигель де ла МАДРИД УРТАДО дүниеге келді.

6 5 жыл бұрын (1949) Мадагаскар саясаткері, Мадагаскар президенті Марк РАВАЛУМАНАНА дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар