12 жастағы вундеркиндтің студенттік өмірі қалай өтіп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат -12 жастағы Абзал Мырзаш Қазақ-Британ техникалық университетінің 1 курсында білім алып жүр. Мектепті экстерн бітірген жасөспірімнің студенттік өмірі қалай өтіп жатқанын ҚазАқпарат тілшісі біліп қайтты.

Біз Абзалдың «бағдарламалау принциптері» сабағына қатыстық. Пән ағылшын тілінде жүреді. Әзірше мұғалімдері студенттерді жас ерекшелігіне бөліп жатқан жоқ.

Айтуларынша, бәріне беріліп жатқан материал бірдей.

«Қазіргі уақытта студенттердің жастарына қарап жатқан жоқпыз. Барынша бірдей тапсырмалар беріліп жатыр. Қазір жас ерекшелігі байқалып жатқан жоқ. Баланың қабілетін 4-8 аптада тексеретін боламыз», - деді оқытушы Байсаров Бейсенбек.

«Қиын сабақтар бар, әрине. Бірақ әзірге игеріп келемін. Курстастарыммен достасып үлгермедім. Жаңадан танысып жатырмыз», - деді Абзал.

null 

Қоңырау соғылысымен мұғалім түсіру тобын сыртқа шығарып жіберді.  Оқу орнының ішкі талабына сай студенттерге оқудан 1 минут та алаңдауға болмайды.

ҚБТУ пән-бастау факультеті деканының орынбасары Рақымжанов Нұржанның айтуынша, университет тарихында 12 жастағы баланың оқуға түсуі бірінші рет болып отыр.

Университет басшылығы баланы ешқандай емтихансыз қабылдаған.

«Абзал біздің университетке қабылдануы үшін барлық талаптардан шығып тұр. ҰБТ бойынша алған балы жоғары.  Ағылшын тілінен IELTS бойынша сертификаты бар.  Математикалық білім тексеру қажеті шамалы болды. Есте сақтау қабілеті өте жоғары. Біздің оқу орнын абыроймен аяқтайды деген сенімдеміз. Өйткені біздің университетте ең басты талап - тек жақсы білім алу», - деді Н.Рақымжанов.

1-курста Абзал ақпараттық-комуникациялық технологиялар, компьютерлік сәулет, физика, инженерлерге арналған линиялық алгебра пәндерін оқитын болады.

null 

Оқу орнының басшылығы, базалық факультет деканаты, ақпараттық технологиялар деканаты жас студентті жіті бақылауға алған.

Абзалдың әкесі Дәуренбек Нысановтың айтуынша, баланың арманы асқақ, мақсаты айқын.

«Алла қаласа 2 жылда ҚБТУ-ды тәмамдаған соң, МІТ-ке түсіп 14 жастағы ең жас магистр атансақ деген үмітіміз бар. Егер мақсатына жетсе түгел отбасылық жоспарымызды өзгертуге тура келеді. Оған да дайын болу керек. Өзіміз ақырындап тіл үйреніп, контракт арқылы жұмыс табылып жатса, отбасымызбен барып қалуымыз мүмкін», - деді әкесі күліп.

null null 

Анасы Жазира Доскеева баласының студент атанса да әлі де ойын баласы екендігін айтып отыр.

«Таңнан кешке дейін кітапқа қадалып отырмайды. Басқа балалар сияқты күнде ойнайды, футбол, баскетбол, скейт тебеді. Таэквандоға қатысқан. Шахматқа әуес. Кубик-рубик сияқты ойлануды талап ететін ойындарды ойнағанды ұнатады»,- деді анасы.

Ерекше зеректігімен көзге түскен баланы қазір бүкіл ел таниды. Сондықтан болар, Абзал аса танымалдықты ұнатпайды. Фотокамераға жылы жымиып қана отырды.

null 

Әкесінің айтуынша, Абзал көбінесе нақты ғылымдарға, математика, химия, физика, информатика пәндерін қызыға оқиды.

«Мұғалімдері класстан класқа көшіретін кезде емтихан қабылдайтын. Сол кезде берілген есепті тек қана математикалық қана емес, химиялық жолмен шығарып қояды. Бұл жерде баланың зеректігі ғана емес еңбек те бар», - деді Дәуренбек Нысанов.

Дегенмен, бала есеп-қисапқа ғана емес, сондай-ақ шығармашылыққа да жақындығын көрсеткен.

Абзалдың небәрі 8 жасында шығарған өлеңін анасы оқып берді.

Оқу-білім

Кітаптың бетін ашқаның -

Бастамасы оқу-білім тапқанның,

Оқысаң--жақсы,

оқымасаң- өзіңнің болашағыңа балта шапқаның.

Көп ізденіп,жаңалықтар ашқаның,

Ол да бір өміріңнің кереметі!

Ал ел мазағында қалғаның-

Өз кінəң, оқу-білім керек еді!

«Вундеркинд» бала 3 жасына жетпей-ақ, әріптерді қосып оқи бастаған. Ал 4 жасында екі таңбалы сандарды көбейте бастаған.

Ерекше қабілетінің арқасында ол 3,5,7,9,11 сыныптарды ғана оқып небәрі 7 жылда 12 жасында мектеп түлегі атанды.

Айта кетейік, Абзал Мырзашұлы мектеп бағдарламасын алдын ала игере келе, халықаралық, республикалық олимпиадаларда жеңімпаз атанған.

null 

Соңғы жаңалықтар