12 тамыз. ҚазАқпарат күнтізбесі
2022 жылғы 12 тамыз 07:00

12 тамыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2022 жылғы 12 тамызға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық жастар күні

БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес, 1999 жылғы желтоқсанның 17-нен бастап атап өтіледі (Лиссабон, 1998 жылғы тамыздың 8-і мен 12-і аралығы).

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1970 жылы Алматыда Қазақ циркінің ғимараты салынып бітті. 1991 жылы Қазақ циркі «Одақтық мемлекеттік цирк» құрамынан шықты.

1971 жылы іргетасы 1950 жылы қаланған Лисаков елді мекеніне қала мәртебесі берілді.

2010 жылы Қазақстанның Ұлттық мұрағаты Қазақстанның Ата заңы - ҚР Конституциясының тарихы туралы деректі көрмені өткізді. Мұрағат құжаттары мен материалдарының негізінде ұйымдастырылған көрме Қазақстан Конституциясын дайындау және қабылдау тарихымен таныстырды.

2012 жылы Лондондағы ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында бокстан 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Серік Сәпиев Қазақстан құрамасы қоржынына кезекті алтын медальді cалды. Сонымен қатар 81 келі салмақ дәрежесінде қазақстандық боксшы Әділбек Ниязымбетов «күміс» жүлде жеңіп алды. Сондай-ақ бұл күні еркін күрес бойынша қазақстандық балуан Ақжүрек Таңатаров Олимпиада ойындарында қола жүлде иегері атанды.

2013 жылы Монреальда 23-ші Дүниежүзілік тау конгресінің отырысы болып өтті, оның күн тәртібіндегі бөлімдердің бірі Қазақстан Республикасының 2018 жылы Астанада 25-ші Дүниежүзілік тау конгресін өткізу өтінімі болған.

Конгрестің ұйымдастыру комитетінің мүшелері Қазақстан өтінімін бірауыздан қолдады.

2013 жылы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары Оңтүстік Қазақстандағы ежелгі Күлтөбе қалашығында қазба жұмыстарын жүргізу кезінде біздің дәуіріміздің бірінші ғасырларында салынған бірегей сәулет кешенін тапты. Қазба орындарында археологтар сондай-ақ жебе ұштарын, қола бұйымдары және қыш қалдықтарын тапқан.

2016 жылы отандық балет жұлдызы, «Astana Opera» театрының солисі Бахтияр Адамжан Сеулде (Корея Республикасы) XIII халықаралық би байқауында жеңіске жетті.

2017 жылы АҚШ-тың Калифорния штатында өткен Technovation Challenge байқауының бас жүлдесін иеленген қазақстандық оқушы қыздар өздерінің жобаларын Google корпорациясының директоры Сундар Пичаиге таныстырды. #MakerspaceAlmaty «/Ғlash» командасы Силикон алқабында өтіп жатқан «World Pitch» саммитінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам команданы артта қалдырды. Жоғары сыныптарда оқитын төрт қыздан құралған «/Flash» командасы. тәлімгерлерімен бірге жасөспірімдердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған мобильдік қосымша «QamCare»-ны жасап шығару үшін айлап тер төкті. Қосымшаның атауы қазақтың «қамқор» сөзінен шыққан.

2018 жылы Ақтауда Каспий маңы елдері басшыларының V саммиті өтті. Онда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі, Каспийдегі экономика, көлік-логистикалық, экология және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық мәселелер талқыға түсті. Саммит нәтижесінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылды. Құжат жобасында теңіз акваториясын, су түбіндегі ұлттық секторларды бөлу, әскери ынтымақтастық және биологиялық ресурстарды, су түбі және қойнауын игеруді қамтитын шаруашылық-экономикалық сала, кеме қатынасы, қоршаған ортаны қорғау мәселелері бекітілді. Ақтау саммитінің қорытынды құжатына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Әзербайжан басшысы Ильхам Алиев, Иран Президенті Хасан Роухани, Ресей Президенті Владимир Путин және Түрікменстан басшысы Гурбангулы Бердімұхамедов қол қойды.

2019 жылы медицина қызметінің аға лейтенанты Ақбөпе Таңатарова Өзбекстандағы «Фориш» полигонында өткен «Әскери-медициналық эстафета» сайысында әйелдер арасында «Жеке шеберлік» номинациясы бойынша бірінші орынға ие болды. Әскери медицина қызметкерлерінің жарысына Әзербайжан, Ангола, Армения, Беларусь, Вьетнам, Зимбабве, Қазақстан, Мьянма, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан сияқты 11 мемлекет қатысты.

2020 жылы Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы елшілігінің қолдауымен корей тілінде Абайдың өлеңдері қамтылған «Алтын шаңырақта шырқалған ән» атты кітап жарық көрді. Кітапқа Абайдың 106 өлеңі мен 2 поэмасы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы енген. Кітаптың авторы – корей жазушысы Ким Бёнг Хак. Оңтүстік Кореяда сонымен қатар Абай мен әл-Фараби бейнелері басылған маркалар да шығарылды. Елдегі негізгі пошта операторы «Korea Post» алғаш рет Қазақстан маркаларын басып шығарып отыр. Маркаларда ағылшын тілінде Абайдың 175 және әл-Фарабидің 1150 жылдығының белгілері бар.

2020 жылы Қазақстан мен БҰҰ орнықты даму мақсатында 2021-2025 жылдарға ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Ынтымақтастықтың негіздемелік бағдарламасы Қазақстан мен БҰҰ-ның алдағы 5 жылға арналған бірлескен қызметінің негізгі құжаты болады.Ол үш бағыт бойынша жұмысты қамтиды: адами даму және тең қатысу; тиімді институттар, адам құқықтары және гендерлік теңдік;тұрақты қоршаған орта және инклюзивті экономикалық даму.


2021 жылы Атырау қаласының оқушылары Әли Азаматұлы мен Әлия Діндербай Біріккен Ұлттар Ұйымының алтын медалін жеңіп алды. Бұл медаль оларға Біріккен Ұлттар Ұйымының 17 жаһандық мақсатының бірін жүзеге асырғаны үшін берілді. Бұл тұрақты дамудың мақсаты – «Мемлекеттер арасындағы теңсіздікті азайту». НЗМ оқушыларының MINIBOSS халықаралық бизнес мектебімен бірлесіп жүзеге асырған жоба әлемнің 150 елінен келген қатысушылар арасында үздік әлеуметтік жобалар тізіміне енді.

2021 жылы «Bike for Peace» («Велосипедшілер бейбітшілік үшін») норвегиялық қозғалысы «Әлемдік бейбітшілікке қадам» («Trå til for verdensfreden») кітабын шығарды. Ұйымның негізін қалаушы Туре Нерланд атап өткендей, басылым «Бейбітшілік үшін велосипедтің» 45 жылдығына және Семей ядролық полигонының жабылуының 30 жылдығына арналған. Кітап норвег тілінде басылған.

2021 жылы Германиядағы Verlag Neue Musik беделді музыка баспасы қазақстандық жас композитордың шығармаларын басып шығарды.

«Біздің баспа классиканы да, мысалы, Бетховенді де, Германия, Италия, Франция және Англияның қазіргі заманғы маңызды композиторларының шығармаларын да шығарады. Рахат-би Әбдісағын – біз қызметтес болған тұңғыш қазақ композиторы, оның талантын ашқанымызға көп болды. Мен оны жеке танимын. Оның музыкасын тыңдасам, шығармаларынан ерекше стиль көремін. Оның өзіндік музыка тілі бар. Сатудан бөлек, біз оның шығармаларын студенттерге таныту үшін консерваторияның ассистенттеріне сыйға тартамыз», - деп түсіндірді Verlag Neue Musik баспасының бас редакторы Кристоф Таггатц.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT