+7 (701) 759 90 19
USD 423.87 EUR 505.25
RUB 5.59 CNY 64.43
Jańalyqtar

12 сәуір. Туған күн иелері

2020 жылғы 12 сәуір 08:08
Бөлісіңіз:
12 сәуір. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 12 сәуірде тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Ұқсас жаңалықтар
27 қараша. ҚазАқпарат күнтізбесі 26 қараша. Туған күн иелері 26 қараша. ҚазАқпарат күнтізбесі

ЕСІМДЕР

121 жыл бұрын (1899-1964) ғалым, Қазақстан геологтары ғылыми мектебінің негізін қалаушы, қазақстандық металлогения ғылымының негізін салушы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясын ұйымдастырушылардың бірі әрі тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы СӘТБАЕВ дүниеге келді.

Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Сауатын ауыл молдасынан ашқан болашақ ғалым Павлодардағы орыс-қазақ мектебінде, Семей мұғалімдер семинариясында, Томск технология институтының тау-кен факультетінде білім алған. Мұғалімдер семинариясында Ж.Аймауытов, М.Әуезов сынды көрнекті қайраткерлермен бірге оқыған. Ш.Құдайбердіұлымен тығыз байланыста болып, оның шығармашылығын жоғары бағалаған. «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің іс-әрекетіне қолдау білдірген. 1920-1941 жылдары Баянауылда халық судьясы, «Атбастүстімет» тресі геология бөлімінің, Қарсақтай мыс комбинаты геологиялық барлау бөлімінің бастығы, комбинаттың бас геологы қызметтерін атқарған. 1941-1952 жылдары КСРО Ғылым академиясы Қазақ бөлімшесінің құрамындағы Геология ғылымдары институтының директоры, КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі Төралқасы төрағасының орынбасары, төрағасы, Қазақстан Ғылым академиясының президенті болған. 1952 жылы әміршілдік жүйенің тарапынан қысымға ұшырап, қызметінен төмендетіліп, Қазақ КСР Геология институтының директоры болып тағайындалған. 1955 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болып қайта сайланып, өмірінің соңына дейін осы қызметті атқарған.

Қазақстанның қала, ауылдарында Сәтбаев есімімен аталатын жүздеген көше, 40-тан астам мектеп бар. Сондай-ақ ғалымға ескерткіштер орнатылған. Оның есімі Қазақстан Ғылым академиясының Геология ғылымдары институтына, бір қала мен ғаламшарға, еліміздің ең ірі техникалық оқу орны Қазақ ұлттық техникалық университетіне берілген. Сәтбаевтың құрметіне Жоңғар (Жетісу) Алатауы жотасындағы мұздық пен шың, Қаратаудағы ваннадий кен орнынан табылған «Сәтбаевит» минералы, «Академик Сәтбаев» гладиолиус гүлі аталған. 4 мәрте Ленин, 2-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапатталған.

58 жыл бұрын (1962) Шығыс Қазақстан облысының прокуроры Құсайын Абзалбекұлы ИГЕМБАЕВ дүниеге келді.

Карағанды облысының Балқаш қаласында туған. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1983 жылы бұрынғы Жезқазған облысының прокуратура органдарында бастап, 1987 жылдың желтоқсанына дейін Жезқазған қаласының прокуратурасында және Жаңаарқа ауданының прокуратурасында тергеуші болып қызмет атқарды. 1988 жылдың қыркүйегіне дейін Жезқазған облысы прокуратурасында тергеушінің міндетін атқарушы болды. 1988 - 1992 жылдар аралығында Балқаш қаласы прокуратурасының аға тергеушісі; 1992 жылы Балқаш аудандық сотының судьясы болып тағайындалған, кейіннен Балқаш табиғат қорғау прокурорының аға көмекшісі; 1993 - 1998 жылдар аралығында Балқаш қаласы прокурорының орынбасары, кейіннен Қарағанды облысы прокуратурасының бөлім бастығы қызметіне ауысты. 1998 - 2001 жылдар аралығында Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының прокуроры; 2001 - 2002 жылдары - Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданының прокуроры; 2002 - 2006 жылдары - Теміртау қаласының прокуроры; 2006 - 2008 жылдары - Қарағанды облысы прокурорының бірінші орынбасары; 2008 жылдың ақпанынан бастап ҚР Бас әскери прокуроры орынбасарының міндетін атқарушы, кейіннен ҚР Бас әскери прокурорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2015 жылы ҚР Бас прокуратурасының Қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысының заңдылығын қадағалау департаментінің бастығы, ҚР Бас прокуратурасының Қылмыстық қудалау заңдылығын қадағалау департаментінің бастығы қызметін атқарды.

2017 жылдың тамызынан қазіргі қызметінде.

3-ші сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі.

52 жыл бұрын (1968) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы Ғалымжан Телманұлы ҚОЙШЫБАЕВ дүниеге келді.

М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген (1991); М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Жоғары мектебі, философ (1994).

Еңбек жолы: «Каззапсельпроект» БЖИ корректор (1985); Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінде көмекші, атташе, үшінші, бірінші хатшы, кеңесші, министр кеңесшісі (1994-2004); Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының бас инспекторы (2004-2006); Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі (2006-2008); Қазақстан Республикасының Литва Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (2008 жылдан); Қазақстан Республикасының Латвия, Эстония Республикасы және Финляндия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы (2009 жылдан); Қазақстан Республикасының Финляндия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Эстония Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы (2012-2016); Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары (2016-2019).

2019 жылдың наурызынан бастап қазіргі қызметінде.

45 жыл бұрын (1975) Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы имамдардың біліктілігін арттыратын Республикалық ислам институтының директоры Ораз Сатыбалдыұлы СЕРІКБАЙ дүниеге келді.

1990-1992 жылдары Ташкент қаласында қариларды дайындайтын медресені тамамдаған. 1992-1994 жылдары Мысырдағы Аль-Азһар университетінде оқыған. 1995-1996 жылдары Исламабадтағы Әлемдік университетте білім алған. Алматы мемлекеттік Абай атындағы университетінде заң факультетін сырттай бітірген. 2012-2014 жылдары М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің «Менеджмент» мамандығы бойынша магистратурасын бітіріп, экономика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алған. 2014-2016 жылдары «Нұр Мүбəрак» университетінің Исламтану мамандығы бойынша магистрі академиялық дәрежесін алған.

Діни саладағы жұмысы Алматы Орталық мешітінің наиб имамы қызметінен басталған. Ислам институтының ұстазы, ректоры, ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкіл имамы, Алматы қаласы әкімшілігінің діни істер бөлімінің сектор меңгерушісі, ҚР Президенті Іс басқармасында дирекция директоры қызметін атқарды. 2000-2001 жылдары ҚМДБ төраға орынбасары, наиб мүфти, 2003-2005 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының Бас имамы, 2011-2013 жылдары ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы, 2013 жылы ҚМДБ төраға орынбасары, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы қызметін атқарды. 2017 жылы Қазақстан мұсылмандарының кезекті VIII құрылтайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти лауазымына сайланды.

2020 жылдың наурыз айынан қазіргі қызметінде.

41 жыл бұрын (1979) Қазақстан Республикасы Премьер-министрі кеңсесінің аймақтық даму бөлімінің меңгерушісі Ерхан Болатжанұлы ОМАРОВ дүниеге келді.

Ақтөбе облысында туған. Қазақ көлік және коммуникация академиясын, Қазақ гуманитарлық заң университетін инженер-механик, заңгер мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2001 жылы қала әкімі аппаратының құрылыс және инженерлік коммуникациялар бөлімінің жетекші маманы, бас маманы болып бастады.
«Жөндеусервис» ЖШС директоры, «Тазалық» КМК директоры, қала әкімінің кеңесшісі, «Ақтөбе қаласы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ бастығының орынбасары, бастығы, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, облыс әкімінің орынбасары болып жұмыс жасады. 2012 жылғы қаңтардан - Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары. 2012 жылғы 17 ақпанда Ақтөбе қаласының әкімі болып тағайындалды. 2015-2016 жылдары ҚР Премьер-Министр кеңсесінің бас инспекторы, 2016-2017 жылдары ҚР Премьер-Министр кеңсесі басшысының орынбасары лауазымында болды.

Қазіргі қызметінде 2018 жылдан.

«Құрмет» орденімен (2019), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне - 20 жыл» (2012) медальдарымен марапатталған.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Қанат Мәметқазыұлы

Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT