12 өңірдегі 8 141 сайлау учаскесіне дауыс беру басталды – Орталық сайлау комиссиясы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің 12 өңірінде 8 141 сайлау учаскесінде дауыс беру басталды. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың сайлау комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, 2021 жылғы 10 қаңтардағы Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 7-дегі жағдай бойынша 12 өңірде 8 141 сайлау учаскесі дауыс беруге кірісті. Сондай-ақ 12 шет мемлекеттегі ҚР өкілдіктері жанындағы 12 учаскеде дауыс беру басталды. ҚР-да барлығы 10 060 сайлау учаскесі бар. Оның ішінде 66 сайлау учаскесі - 53 шет мемлекеттердегі өкілдіктер жанында», - деді ол.

Оның атап өтуінше, «ҚР-дағы Сайлау туралы» Конституциялық заң аясында аумақтық сайлау комиссиялары қабылдаған шешімдерге сәйкес 47 учаскеде дауыс беру таңғы сағат 6-да басталды.

«Уақыт белдеулерінің шекарасына сәйкес, 5 өңірде – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында сайлау учаскелерінде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 7-де, яғни, Нұр-Сұлтан уақытымен 8-де басталады», - деді Асылбек Смағұлов.


Соңғы жаңалықтар