12 маусым – Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі өткен күн

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осыдан дәл 97 жыл бұрын, 1924 жылы Орынбор қаласында ағарту қызметкерлері ұйымында Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі өткен еді. 12-18 маусым аралығындағы бұл жиын қазақ халқының ғана емес, күллі Орта Азия мен түркі елдерінің ағарту, ғылым мен білім саласындағы тарихи оқиға болды деп айтуға негіз бар.

Шындығында, зиялылардың тұңғыш басқосуы сонау аумалы-төкпелі замандағы ұлттық мүдде мен мәдени-рухани өмірдегі күрес үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі еді. Жиынға кімдер қатысты дегенге келсек, онда Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Хәлел Досмұхамедұлы, Нәзір Төреқұлов, Елдес Омаров, Назипа Құлжанова секілді қазақ зиялыларынан бөлек, Башқұрт үкіметінің өкілі Ыбырайымұлы, қырғыз зиялысы Ишанғали Арабайұлы, Бұхара мен Хорезм қазақтары атынан Мырза Наурызбайұлы қатысты.

Алты күнге созылған жиынның күн тәртібінде 6 өзекті мәселе қаралған екен. Бұлар: жазу мен әліпби мәселелері, қазақша пән сөздері, ауыз әдебиетін жию шаралары, оқу, ғылым кітаптарын көбейту және бастауыш мектептің бағдарламалары.

Профессор Шерубай Құрманбайұлының пікірінше, съезде, әсіресе тіл мәселесіне айрықша көңіл бөлінген. Съездің күн тәртібіндегі негізгі алты мәселенің үшеуін, яғни тең жартысын тікелей тіл мәселелері құраған. Білімпаздар құрылтайы қазақ тілі мен әдебиетінің ғылыми жүйесі, әсіресе әліпби, орфография, терминология, оқыту әдістемесі, ономастика т. б. салалар бойынша маңызды қаулылар қабылдайды. Зиялылар басқосуының және бір маңыздысы – сонау қасаң заманда ағартушылыққа, білім мен ғылымға қатысты көтерілген мәселенің әлі күнге де өзекті болып тұруында.

Бұл ретте жақында ғана белгілі алаштанушы, профессор Дихан Қамзабекұлының Facebook парақшасындағы осы тақырыппен орайласқан жазбасына назар аудармай өте алмадық. Онда алаштанушы ғалым ұлттық аты-жөн туралы баспасөзде жарияланған мәселеге өз пікірін білдіре келе, біз айтып отырған білімпаздар басқосуында көтерілген ұсыныстарды да қоса кетеді. Сонымен Дихан Қамзабекұлы былай деп жазыпты:

«Енді бүкіл ұлтты оятқан ХХ ғасырға келейік. Алаш зиялары, олардың шәкірттері қандай бағыт ұстанды? 1924 жылы 12-17 маусымда Орынборда тұңғыш Білімпаздар сиезі (Первый съезд ученых казахов) өткен. Бұған Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы сияқты титандар қатысқан. Осы жиынның қаулысында ұлттық фамилияға «-ұлы, -қызы« қосымшасын алайық деп, ортақ шешімге келген. Бір қызығы: бұл қосымшаны әке атына ғана емес, ата-баба атына жалғауға да болатыны көрсетілген (қазақ дәстүрінде жасынан «Атамның баласымын» деп, бабасын көрсеткен). Сөйтіп, 20-жылдар баспасөзінен Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, тіпті Мағжан Жұмабайұлы (әкесі Бекен болса да) т.б. тұлғалардың фамилиясына көз үйренді. Олар кітаптарының мұқабасына да осы аты-жөнді жазды. Зиялылар түгел репрессияланғаннан кейін қазақ халқы жаппай орыстанғанын, советтенгенін әлем біледі. Соған қарамай, бізде ұлттық негізді фамилиялар өмір сүре берді. Олар: Бауыржан Момышұлы (әскери батыр), Әлкей Марғұлан (ғалым), Шоқыр Бөлтекұлы (спортшы), Шона Смаханұлы (ақын), Балғабек Қыдырбекұлы (жазушы), Сайлау Батыршаұлы (дипломат).

Тәуелсіздік алғаннан кейін танымал жазушы, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртаза фамилиясының «ов«-ын алып, елеулі үрдіс бастады. Содан бері Тәуелсіз Қазақстанда Әлкей Марғұлан мен Бауыржан Момышұлы фамилияларының формасы (2 нұсқа) қатар табиғи қолданылып келеді».


Соңғы жаңалықтар