113 жыл бұрын дүниеге келген бала: ІІМ түсінік берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігі Қарағандыда осыдан 113 жыл бұрын, дүниеге келмей тұрып, мекен-жайға тіркеуге алынған қарағандылық 6 жасар бала төңірегіндегі келеңсіз оқиғаға пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Zakon.kz сайтында жарияланған «Қарағандыда 6 жасар баланы өмірге келместен 113 жыл бұрын тіркеуге алған» деген ақпаратқа келер болсақ, бүгінгі күні тұрғылықты мекен-жайда 2012 жылы дүниеге келген бала туралы дерек жоқ. Мекен-жай мәліметі жеке сәйкестендіру нөмірін генерациялау барысында АХАТ ақпараттық жүйесіндегі мекен-жай базасына автоматты түрде енгізілген. Бұған қоса, оның іс жүзіндегі тұрғылықты мекен-жайының тіркелгендігі туралы мәліметтердің болмауына қарамастан ақпараттық жүйе автоматты түрде қисынсыз «30.12.1899 ж.» датасын енгізген», - деді Алмас Садубаев.

Осыған орай, ІІМ өкілі кәмелет жасына толмаған баланың ата-анасына оны тұрғылықты жеріне тіркеу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну керектігін айтты. Бұл ретте олар өзімен бірге баланың туу туралы куәлігін, жеке куәлігін және жылжымайтын мүлік иесі екенін дәлелдейтін құжатты ала баруы керек.

«Бала тіркеуге жазбаша келісім беру үшін пәтер иесінің өзі келуі міндетті. Тұрғылықты мекен-жайға тіркеу рәсімі аяқталғаннан кейін мекен-жай анықтамасы 5-10 минуттың ішінде беріледі», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар