«112» бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызмет құрылмай қалуы мүмкін

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде «112» бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызмет құрылмауы мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2023 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрлық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 25 маусымдағы Заңымен жергілікті атқарушы органдарда «112» бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметті (БКДҚ) енгізу үшін құқықтық негіз белгіленген. Қызметтің негізгі міндеті – қоңырауларды (оқиғалар туралы хабарламаларды) електен өткізу және дұрыс бағыттау болып табылатынын айта кету керек. «112» БКДҚ барлық жедел қызметтерді бір қызметке біріктіріп, бірыңғай қоңырау карточкасын енгізеді деп болжанған. 2019 жылдан бастап еліміздің бірқатар өңірлерінде (Қызылорда, Атырау, Өскемен, Орал, Көкшетау қ.) пилоттық жобалар іске қосылды. Пилоттық жобалардың іске асырылу барысын талдай отырып, бірқатар проблемалық мәселелер анықталды», - делінген Үкімет басшысының жауабында.

Оның атап өтуінше, «112» БКДҚ диспетчерінде арнайы білім мен дағдының болмауына байланысты «112» нөміріне келіп түсетін қоңыраулар кейіннен бағыты бойынша қызмет (101, 102, 103) диспетчеріне/операторына қосылады. Бұл оқиғаға ден қою уақытын екі есе ұлғайтады.

«112» БКДҚ-ның жедел қызметтердің кезекші бөлімшелерімен өзара ісқимылы барысында қиындықтар, оның ішінде ден қою жоспарларына қолжетімділік бойынша қиындықтар бар. Қазіргі уақытта әр қызметтің ерекшелігіне байланысты жедел қызметтердің күштері мен құралдарын өзі басқара алатын әмбебап диспетчерге ауытыру мүмкін емес. Шет елдерде бірыңғай құтқару қызметін енгізу ұзақ уақыт бойы жүргізілгенін айта кету керек. АҚШ-та «911» қызметін, Еуропалық Одақ елдерінде «112» қызметін толыққанды іске қосу 20 жыл бойы жүзеге асырылды», - деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының атап өтуінше, «112» БКДҚ-ны құру кешенді ведомствоаралық сипатта және оны іске асыру үшін техникалық, ұйымдастырушылық әрі өзге де іс-шаралардың жоғары тиімділігі талап етіледі. Олар айтарлықтай бюджеттік салымды қажет етеді.

«Жоғарыда жазылғанды ескере отырып, күш-жігер мен қаражатты жедел қызметтердің кезекші-диспетчерлік бөлімшелерінің қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмысты жүргізуге бағыттаған орынды. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдарда «112» БКДҚ-ны құруға қатысты Заң нормаларын алып тастау ұсынылады. Қазіргі таңда Үкімет Заңға тиісті түзетулерді әзірледі. Олар Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігімен келісілгеннен кейін Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін болады», - деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар