110 мектепте 1 мыңнан астам санитарлық-гигиеналық кемшілік бары хабарланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Балаға лайық» акциясының аралық қорытындысы шығарылды. Бір айда ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне 110 нысандағы сәйкессіздіктер туралы 1 000-нан астам хабарлама түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Акцияның бірінші кезеңі аяқталды. Жұмысты белсенді жүргізу үшін барлық облыстың білім басқармаларымен, балалар өкілдіктерімен онлайн кездесулер өткізілді. Білім беру ұйымдарында кез келген адам тазалық бөлмесі мен асхананың фото-видеосын жібере алатын мессенджерлердің QR-кодтары бар буклеттер таратылды. Акцияға оқушылар мен ата-аналар белсенді қатысты. Мектептер мен оларды қаржыландыру әкімдіктердің құзыретінде болғандықтан, білім ордаларының санитарлық-тұрмыстық жағдайы мен асханаларының жай-күйіне қатысты барлық шағым әкімдіктерге жіберілді. Оларға акция кезінде анықталған кемшіліктер мен ескертулерді жоюға уақыт берілді. 1 қыркүйекке, яғни жаңа оқу жылы басталғанға дейін жіберілген қателіктермен жұмыс істеуі керек. Әкімдіктер кемшіліктерді жойғаннан кейін Instagram-дағы @balaga.laiyq парақшасында мектеп әжетханалары мен асханаларының «дейінгі және кейінгі» фотолары мен видеолары жарияланады», - дейді ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев.

Шағымдардың басым бөлігінде мектептердегі санитарлық-гигиеналық жағдай, нақтырақ айтқанда тазалық құралдарының, жуынатын бөлмелерде қалқалардың болмауы, дәретхана кабиналарындағы есіктердің дұрыс жұмыс істемеуі және басқа да кемшіліктер көрсетілген. Ауладағы мектеп дәретханалары туралы 3 хабарлама түсіпті.

ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мектеп дәретханалары мен асханаларына мониторинг жүргізу бойынша «Балаға лайық» республикалық акциясын бастаған болатын.

Акцияның алғашқы аптасында елдегі 65 мектептің асханасы мен дәретханасында кемшілік бары хабарланған еді.


Соңғы жаңалықтар