11 желтоқсанда Қазақстанда өтетін маңызды шаралар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 11 желтоқсан күні ел аумағында өтетін маңызды оқиғаларға шолу ұсынады.

АСТАНА

Сағат 09.30-да литвалық танымал кардиохирург, Еуропаның жетекші мамандарының бірі Римантас Бенетис №2 қалалық көпбейінді аурухана базасында еліміздің алдыңғы қатарлы кардиохирургтері үшін халықаралық шеберлік сабағын өткізеді.

Ал сағат 10.00-де Мәжілісте Әлеуметтік-мәденидаму комитетінің кеңейтілген отырысы болады. Онда «Допингке қарсы заңнама» мәселесі қаралады.

Дәл осы уақытта Үкімет үйінде Үкімет отырысы өтеді.

Сағат 11.00-де «Астана-Балет» театрында «Сахна сыртының құпиясы» атты бірегей экскурсияның іске қосылуына арналған баспасөз туры болады.

12.20-да Орталық коммуникациялар қызметінде «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы: «Сарыарқа» магистралды газ құбырының құрылысын жүзеге асыру» тақырыбында баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады. Спикер - ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев.

«Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» атты жалпыұлттық телекөпір мен «ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының, «Қазақстанның үздік тауарлары» республикалық көрме-конкурсының, «Парыз-2018» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі конкурсының лауреаттарын салтанатты марапаттау шарасы да осы күні өтеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысумен «ЕХРО конгресс орталығында» өтетін шара  сағат 13.00-де басталады.

Сағат 15-00-де «ЕХРО конгресс орталығында» Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін «Индустриаландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» атты жалпыұлттық телекөпір аясында «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ ұйымдастырған көрме өтеді.

Осы уақытта Назарбаев орталығында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында өткізілген «Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» конкурсының жеңімпаздары марапатталады.

Сағат 16.00-де Ұлттық академиялық кітапханада Қоғамдық даму министрі Д.Кәлетаевтың қатысуымен өкілетті орган жанындағы ҮЕҰ-лар өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіруші кеңестің отырысы өтеді.  

16.20-да Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстандағы ағымдағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға арналған баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады.

Ал кешкі сағат 19.00-де «Астана» концерт залында Ақан серінің 175 жылдығына арналған «Думанды ел» кеші болады.

АЛМАТЫ

Сағат 10.00-де әл-Фарби атындағы Қазақ ұлттық университеті Алматыдағы ООН, UNESCO, UNDP, UNAI  өкілдіктерімен, БҰҰ-ның академиялық ықпал бағдарламасы мүшелерімен бірге  «БҰҰ Адам құқығының жалпыға ортақ декларациясының» 70 жылдығына арналған «дөңгелек үстел» өткізеді.

Сонымен қатар сағат 12.00-де Қазақстан баспасөз клубында Алматы қаласының уақытша сақтау қоймасынан құны 3 млн доллардан асатын жүктің із-түзсіз жоғалуына қатысты баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады.

Ал кешкі сағат 16.00-де «Маревен Фуд Тянь-Шань» жаңа жоғары технологиялық өндірістік-логистикалық кешеннің салтанатты ашылуы болады.

ШЫМКЕНТ

Сағат 09.00-де Rixos Khadisha Shymkent қонақ үй кешенінде  еліміздің үшінші мегаполисінің белсенді жастарының форумы басталады.

 

Соңғы жаңалықтар