11 нысан сатылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Үкіметке жекешелендірудің жаңа бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын. Оған мемлекеттік меншіктегі, соның ішінде «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерінің құрамына кіретін ұйымдарды да қосу керек. Жекешелендіруден кейін осы басқарушы үш холдинг нақты іспен шұғылданатын шағын компанияларға айналуы тиіс.

Егер олардың айналысатын ісі болмаса, онда үшеуін де жабу керек»,- деп мәлімдеді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында. Елбасы қазіргі таңда экономикадағы өсімді ең алдымен, алып мемлекеттік сектордың тежеп отырғанына қадап айтты. Сондай-ақ, тұрақты экономикалық өсімге алып баратын тиімді екі тетікті - ауқымды жекешелендіру мен бәсекелестікті кеңейтуге күш салу керектігін нұсқады.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сектордағы 7 мыңнан астам кәсіпорынның бюджеттің қаржысын көп шығындағанымен қоймай, жекеменшік бастамаларды нарықтан ығыстыратынын атап көрсетті. «Самұрық-Қазына» және «ҚазАгро» холдингтері өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағы қыруар активтерді тиімсіз бақылайды. «Самұрық-Қазына» қорының активтері ЖІӨ-нің 40 пайызын құрайды, оған 500-ден астам еншілес компаниялардың активтері қосылады. Халық мұндай еншілес компаниялардың неге көбейгенін түсінбейді. «Бәйтерек» пен «ҚазАгро» холдингтері бюджет пен банктердің арасындағы тиімсіз делдалға айналды. Осынау шағын, еншілес кәсіпорындарда штаттар одан сайын ұлғайып, бюджеттің қыруар ақшасы шығындалуда. Оған қоса, мұндай жағдай жекеменшік инвестициялар мен бастамаларды ығыстыруда»,- деп түсіндірді Елбасы. Сол себептен мемлекеттік сектордың нысандарын жекешелендіруге салынған шектеуді алып тастаған жөн. Ол үшін «Мемлекеттік мүлік туралы» заңның және Азаматтық кодекстің бірқатар ережелерін қайтадан қарап, жекешелендіруге жатпайтын стратегиялық нысандардың санын қысқарту керек.

Атап айтарлығы, 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарында республикалық меншіктегі 37 нысан бар екен. 2015 жылдың 2 желтоқсанындағы ахуал бойынша, сол нысандардың 26-сы саудаға шығарылып, 11-і сатылған. Министрлік таратқан мәліметтерге сүйенсек, 2015 жылдың 2 желтоқсанына дейін іс жүзінде саудаға 413 нысан шығарылса, соның ішінде 218-і сатылған. Оның 11-і - республикалық меншікке, 100-і - коммуналдық меншікке, 60-ы - әлеуметтік кәсіпкерлік-корпорацияларға, 50-і - холдингтерге жатады. Сонымен нысандарды сатудан түскен қаражат былайша бөлінген: республикалық бюджетке түскені - 3 328 млн. теңге, облыстық бюджеттерге түскені - 2 877 млн. теңге, холдингтерге түскені - 67 262 млн. теңге, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға түскені - 2 956 млн. теңге. 

Соңғы жаңалықтар