11 млн гектар алқапқа дәнді дақылдар егілді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінгі күнге дейін елімізде 11 млн гектардан астам алқапқа дәнді дақылдар егілді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жұмсақ бидай, қатты бидай, арпа, сұлы, күнбағыс, зығыр, рапс, соя, қарақұмық және жүгері сияқты дақылдардың тізбесі 10-ға дейін кеңейтілді. Көктемгі дала жұмыстары еліміздің барлық өңірінде басталғанын атап өту қажет. Қазіргі уақытта 11,3 млн га алаңға дақыл егілді», - деді вице-министр орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, көктемгі егіс жұмыстарын сәтті өткізудің негізгі мәселесі - фермерлерді несие қаражатымен қамтамасыз ету.

Биыл «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ желісі бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына кредит беруге 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит бөлінді.

«Кең дала» бағдарламасы аясында ресми түрде 70 млрд теңге сомасына 2 562 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 69 млрд теңгенің 2 086 өтінімі қаржыландырылды.

«Сонымен қатар, әлемдік азық-түлік нарығындағы құбылмалылықтың салдарын нивелирлеу мақсатында көктемгі егіс және егін жинау жұмысын қаржыландыру көлемін қосымша 70 млрд теңгеге ұлғайту және бюджеттік кредиттеудің жалпы сомасын 140 млрд теңгеге дейін жеткізу туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өз қаражатынан 14 млрд теңгеден астам сомаға 435 АШТӨ-ге кредит берді. Олар қосымша бөлінген 70 млрд қаражаттан өтеледі. Форвардтық сатып алу шеңберінде «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ 93,6 млрд теңгеден астам сомаға 550 өтінім түсті. 74,4 млрд теңге сомасына 410 өтінім қаржыланды. Бұл ретте осы жылы қаржыландыру сомасы 80 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Бұл өткен жылдың деңгейінен 2 есе артық», - деді Әбілхайыр Тамабек.


Соңғы жаңалықтар