11 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Оқырман назарына 11 маусымға арналған атаулы күндер, есте қалар оқиғалар күнтізбесі ұсынылады.

Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері күні

Жыл сайын маусымның екінші жексенбісінде ҚР Президентінің 2011 жылғы 20 қазандағы Жарлығына сәйкес атап өтіледі. 2011 жылдың 13 желтоқсанындағы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңының 4-бабына сәйкес бекітілді. Сондай-ақ, бұл күнді Беларусь, Ресей және Украина елдері де атап өтеді.

Қазақстанда малшылар күні

2021 жылғы 30 Маусымда «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы № 689 қаулысы мынадай мазмұндағы 14-1 тармақпен толықтырылды: Малшылар күні - маусымның екінші жексенбісі. Мақсаты - мал шаруашылығы саласы қызметкерлерінің беделін арттыру, оларды осы салада жетістікке жеткені үшін көтермелеу.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1918 жылы Алаш Орда үкіметі Совет үкіметінің Қазақстан аумағындағы барлық декреттерінің күшін жойып, заңсыз деп жариялады. Бұл туралы Алаш Орда үкіметінің арнайы қаулысы қабылданды. «Алаш автономиясының аумағында Совет үкіметі шығарған барлық декреттердің күші жойылсын. «Алаш Орда Төрағасы Ә. Бөкейханов; мүшелері М. Тынышбаев, Х. Ғаббасов» делінген қаулыда.

1991 жылы Қазақстан Республикасының Жаңа экономикалық құрылымдарды қолдау және монополиялық қызметті шектеу мемлекеттік комитеті құрылды. Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы қаңтардың 11-індегі Жарлығымен бұл орган Қазақстан Республикасының Монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекеттік комитеті болып қайта құрылды.

2002 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Целинный ауданына Ғабит Мүсіреповтің есімі берілді. Бұл туралы Президенттің Жарлығы шықты.

2010 жылы Ташкент қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер Мемлекет басшылары кеңесінің Х мәжілісі аяқталған соң ШЫҰ-ға төрағалық Өзбекстаннан Қазақстанға өтті. ШЫҰ-ның төрағасы ретіндегі Қазақстанның іс жүзіндегі қадамдары Ұйымға мүше елдердің көпсалалы ынтымақтастығын тереңдету бойынша ортақ күш-жігердің мұрагерлігін қамтамасыз етуге бағытталды.

2012 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Телерадио хабар тарату туралы» № 777 қаулысы бекітілді. Оған сәйкес, «Қазтелерадио» АҚ Қазақстан Республикасында телерадио хабар таратудың Ұлттық операторы болып белгіленді.

2014 жылы Халықаралық көрмелер бюросы (ХКБ) Бас Ассамблеясының 155-ші сессиясы аясында Қазақстанға Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) туын табыстап, ЭКСПО-2017 көрмесі ресми түрде мойындалды.

2014 жылы Солтүстік жарты шардағы Арыстан шоқжұлдызында қазақстандық эстрада қайраткерлеріне арналған «Астана жұлдызы» пайда болды.

2014 жылы Х. Мақажанов атындағы Қарағанды облыстық травматология және ортопедия орталығы Еуропалық сапа зерттеу қоғамының (ESKR) сыйлығымен марапатталды. Марапаттау рәсімі Брюссельде (Бельгия) өтті. Клиникада жыл сайын жарақат алған және тірек-қимыл аппаратының аурулары бар 6 мыңнан астам пациент емделеді. 2009 жылдан бастап бұл жерде жамбас және тізе буындарын эндопротездеу жүргізіледі, 5 жыл ішінде 1 500-ден астам ота жасалды.

2016 жылы Мәскеуде «Мұрагер» қазақ ақпараттық-мәдени орталығы қызметінің таныстырылымы өтті. Орталықтың басты мақсаты - қазақ мәдениеті мен әдебиетін дәріптеу.

2017 жылы Түркия астанасы Анкараның Кечиөрен ауданында айтыс өнерінің дүлдүлі, ақиық ақын Сүйінбай Аронұлының саябағы жанынан Жамбыл Жабаев атындағы көше салтанатты түрде ашылды.

2017 жылы Минскіде ерлер арасында өткен Еуропа чемпионатында Тараз қаласының 13 жасар тұрғыны Бибісара Асаубаева шахматтан ерлердің халықаралық спорт шебері стандартын орындап, автоматты түрде Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) шахматтан ерлердің халықаралық спорт шебері атанды.

2018 жылы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде (ҚР ҚК) алғаш рет әскери-ғылыми взводқа әскери қызметшілерді іріктеу тәжірибесі басталды, іріктеудің басты критерийі - ақпараттық технологиялар, ғылым және робот техникасы саласында білім беру.

2020 жылы Қазақстанда «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингінің базасында қолжетімді баспана құрылысын қаржыландыру, арендалық баспана ұсынумен айналысатын, сондай-ақ үлескерлер қаражатының сақталуын қамтамасыз ететін Тұрғын үй құрылысының Бірыңғай операторы құрылды.

2021 жылы ҚР Ұлттық музейінде «Ұлы далаға қош келдіңіздер!» - Альфред Бреммен бірге Қазақстанда 1876/2021» атты көрмесі ашылды.

Батыс Сібірге сапар – А. Брем өміріндегі маңызды кезең. Ол саяхатшыны тек жануарлар әлемі ғана емес, сонымен қоса қоршаған орта мен жергілікті тұрғындардың өмір салты да қызықтырғанын көрсетеді. Көрмеге келушілер А. Бремнің күнделігі негізінде саяхат барысын аудиогид арқылы бақылады. Аталған көрмеде А. Брем мұрасынан алынған экспонаттар, сондай-ақ Алматы, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарына жасалған үш апталық саяхаттың қорытындысы бойынша фотограф Фолькер Крейдлер мен мәдениет саласындағы журналист Ина Хильдебрандтың жұмыстары қойылды.


Соңғы жаңалықтар