11 мамырдан кейін Алматыда карантин режимі сақталады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының бас санитарлық дәрігері төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін де карантин талаптарын сақтауға шақырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы қаласының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, 11 мамырдан кейін шаһарда карантин режимі сақталады. Осы орайда, алматылықтар медициналық бетперде киіп, жеке басының қауіпсіздігі мен індеттің алдын алу үшін дезинфекциялық және антисептикалық құралдарды пайдалануды тоқтатпауы керек.

«Барлық қауіпсіздік шаралары сақталатынын айтқым келеді. Төтенше жағдай режимі аяқталған күннің өзінде шектеу шаралары, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталады. Менің ойымша, бұл – бізге әлі де қажет. Өйткені, коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі толық сейілген жоқ», – деді Ж.Бекшин.

Бұл ретте, қала тұрғындарына халық көп шоғырланатын жерлерге бармауға кеңес берілді. Дүкен, шаштараз, киім тазалайтын мекемелерге барғанда әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет. Сондай-ақ, қызметкерлерден қарапайым гигиена ережелерін сақтау талап етіледі. Ж. Бекшин адамдар алдын ала жазылу тәртібін сақтап, үлкен кезек қалыптастырмауға шақырды.

«Барлық дүкендер мен кәсіпорындар санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтауы тиіс. Бұл ретте, қаладағы барлық жұмыс берушілерге айтарым: өз қызметкерлерін кәсіпорынның немесе нысанның меншік нысанына қарамастан жеке қорғау құралдарымен қамтамасыз ету керек. Барлық персонал бетперде, қолғап және өзінің технологиялық киімінде болуы тиіс. Дүкендер мен шаштараз қызметкерлері міндетті түрде бетперде, бас киім және фирмалық киіммен қоса, қолғап киюі қажет. Барлық үй-жайлар үнемі желдетіліп, ал жұмыс орындары дезинфекциялау құралдарымен өңделуі шарт», – деп атап өтті бас санитарлық дәрігер.

Ол сондай-ақ, бұл ережелер құрылыс нысандарына да қатысты екенін атап өтті. Құрылыста барлық жұмысшылар өздерінің технологиялық киімдерін киіп жүргеніне қарамастан, бетперде киюлері міндетті.

11 мамырдан кейін қаланың периметрі бойынша орналасқан блокпостар жұмысы да жалғасады. Бұған дейін қабылданған қалаға кіру мен шығу ережелері сол күйі сақталады. Жұмысқа рұқсат алған кәсіпорындар ғана жіберіледі. Қоғамдық көліктің жұмыс тәртібі де өзгеріссіз қалады (сағат 06.00-ден кешкі 19.00-ге дейін).


Соңғы жаңалықтар