+7 (701) 759 90 19
USD 426.72 EUR 520.17
RUB 5.91 CNY 66.81
Jańalyqtar

11 мамыр. Туған күн иелері

2021 жылғы 11 мамыр 08:10
Бөлісіңіз:
11 мамыр. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 11 мамырда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Ұқсас жаңалықтар
12 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі 11 маусым. Туған күн иелері 11 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі

ЕСІМДЕР

117 жыл бұрын (1904-1985) қазақтың ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы, ғалым энциклопедист, шығыстанушы, әдебиеттанушы, өнертанушы, филология ғылымының докторы, Қазақ ССР ғылым академиясының академигі Әлкей Хақанұлы МАРҒҰЛАН дүниеге келді.

Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Бастапқы білімді ауыл мектебінен алған. Семей педагогикалық техникумын, Ленинградтағы шығыстану институтын және Мемлекеттік материалдық мәдениет тарихы академиясының аспирантурасын бітірген.

1921-1925 жылдары «Таң» журналы мен «Қазақ тілі» газетінің редакцияларында қызмет атқарады. Осы жылдары ол М.Әуезовпен, М.Жұмабаевпен танысады. 1926-1927 жылдары КСРО Ғылым академиясының академигі А.Ферсман мен профессор С.Руденконың басшылығымен ұйымдастырылған Қазақстан және Алтай археологиялық және этнографиялық экспедицияларының жұмысына қатысады. Экспедиция кезінде Ә.Бөкейхановпен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлесіп қызмет істейді. 1928 жылдан қазақ халқына қатысты әдеби, мұрағаттық материалдар жинақтаумен шұғылданады. 1929 жылы Абай шығармалары туралы дипломдық жұмыс қорғап, орыс география қоғамы мұрағатындағы Абай қолжазбалары туралы нақты тарихи деректер негізінде ғылыми дәйекті тұжырымдар жасайды. 1930 жылдан Терминологиялық комиссияның ғалым хатшысы, Шығыстану институтының оқытушысы, Мәскеудегі материалдық мәдениет тарихы институтының ізденушісі және ғылыми қызметкері болады. Осы жылдары ол Шығыс Түркістан археологиясы мен өнері бойынша маманданып, бірнеше археологиялық экспедицияларға қатысады. 1939-1941 жылдары СССР Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі Тарих институтының аға ғылыми қызметкері болады. Осы жылдары оның «Мәшһүр Жүсіп мұрасындағы түркі эпосы», «Декабристер және Қазақстан», «Әлішер Науаи және қазақ мәдениеті», «Мұхаммед Хайдар - тарихшы», «Шоқан Уәлиханов және Орта Азия тарихы», «Суворов», «Жамбыл Жабаев» атты еңбектері жарық көреді. 1941 жылы СССР Ғылым Академиясы қазақ бөлімшесінің тарих бөлімін басқарды. Осы қызметте жүріп «Хандар жарлығының тарихи маңызы» деген тақырыпта қорғаған кандидаттық диссертациясында көне қыпшақ тарихына байланысты құнды зерттеулер жасайды. 1958-1976 жылдары Сырдария, Шу, Талас өзендері бойында және Отырар, Сауран, Сығанақ қалалары орнында қазба жұмыстарын жүргізіп, соның негізінде «Көне қазақ жерінің қалалары мен құрылыс өнерінің тарихы» аталатын монографиясын жариялайды. Қ.Ақышев, М.Қадырбаев, М.Оразбаевтармен бірге Орталық Қазақстанда жүргізген археологиялық қазба жұмыстарының қорытындысы саналатын «Орталық Қазақстанның ежелгі мәдениеті» атты ғылыми-зерттеу еңбегін жазып, кітаптың редакциясын басқарады. Ғалым сонымен қатар қырғыз халқының «Манас» эпосы туралы ғылыми-зерттеу ісінің дамуына үлес қосты. Ол өзіне дейінгі Қазақстанды зерттеуші орыс ғалымдарының қазақ даласы тек көшпелілер мекені болды деген тұжырымдарының шындыққа сай келмейтіндігін дәлелдеді. Ғалым 40-шы жылдардың аяғында бірнеше рет саяси қудалауға ұшырады, кейін де ұдайы саяси бақылауда болды, ғылыми ортаның кейбір қисынсыз сындарына ұшырады. Марғұлан тарих, археология, этнография, әдебиет, өнер (қолданбалы және сәулет өнері) және металлургия саласына қатысты 300-ден астам ғылыми-зерттеу жұмыстар, 100-ден астам энциклопедиялық мақалалар жазды, сонымен қатар қазақстандық этнографтардың, археологтардың, тарихшылардың бірнеше буынын даярлады. Оның ғылыми еңбектерінің бірқатары шет ел тілдеріне аударылды. Академик тапқан тарихи құндылықтардың 243-і бүгінгі таңда Ресей мұражайларында сақтаулы. Аталмыш құндылықтардың көпшілігі қазақ энциклопедиясында аталып өтіледі. Қазақстандық ғалым бірнеше мәрте құндылықтарды қайтаруға талаптанғанымен сәтсіздікке ұшыраған. Тек 1989 жылы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне 1399 жылы Қарнақ қаласында Әбділәзиз Шарафутдинұлы Тебризи құйған «Тайқазан» қайтарылған. Қазан кеңес жылдары Ленинградқа әкетіліп, ұзақ уақыт сонда болған. Тайқазанның елге оралуына қазақстандық ғалымдардың, оның ішінде Әлкей Марғұланның көп еңбегі сіңген. 1991 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтындағы археологиялық орталықтың негізінде Марғұлан атындағы Археология институты құрылды. Астана, Павлодар, Екібастұз, Жезқазған қалалары мен Оңтүстік Қазақстан облысында, Баянауыл, Екібастұз аудандарында бірнеше көшелер, мектептер Марғұлан есімімен аталады. Павлодар қаласында мүсіні орнатылған, сондай-ақ С.Торайғыров атындағы Павлодар педагогикалық университетінде Марғұлан атында стипендия тағайындалып, мұражай ашылған. 2004 жылы 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның шешімімен дүниежүзілік деңгейде аталып өтті.

«Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Ленин» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

68 жыл бұрын (1953) ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Георгий Владимирович КИМ дүниеге келді.

СССР Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебін бітірген. Мамандығы бойынша заңгер. Заң ғылымдарының кандидаты.

Конституциялық сот судьясы (1992-1995), Ұлттық саясат жөніндегі ҚР мемлекеттік комитетінің төрағасы (1995-1997), Сенат депутаты (1998-1999), ҚР Әділет вице-министрі (2000-2001), ҚР Бас прокурорының орынбасары (2001, 2004-2009), ҚР Президентінің кеңесшісі (2001-2002), ҚР Әділет министрі (2002-2003), ҚР Жоғарғы соты жанындағы сот әкімшілендіру жөніндегі комитет төрағасы (2009-2010), т.б. қызмет атқарған. ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі (2013-2017). Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы (2017-2019).

Қазіргі қызметінде 2019 жылдың қыркүйек айынан бері.

2 және 3 дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталған.

57 жыл бұрын (1964) Қазақстан Республикасы Бас әскери прокурорының бірінші орынбасары Бірлік Кәкімжолұлы ТӘШІМОВ дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысы Москва ауданы Тораңғыл ауылында туған. 1988 жылы Свердловск заң институтін бітірген.

Еңбек жолы: 1988-1991 жылдары – Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданы прокуратурасының тергеуші, аға тергеушісі. 1991-1992 – Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасының тергеу басқармасының аға тергеушісі. 1992-1994 жылдары – Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының бөлім прокуроры, аға прокуроры. 1994-1997 жылдары – Солтүстік Қазақстан облысы Соколов ауданының прокуроры. 1997-1999 жылдары – Солтүстік Қазақстан облысы Совет ауданының пркоуроры. 1999-2002 жылдары — Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының прокуроры. 2002-2006 жылдары – Петропавл қаласының прокуроры. 2006-2009 жылдары – Теміртау қаласының прокуроры. 2009-2010 жылдары – Көкшетау қаласының прокуроры. 2010-2012 жылдары – Солтүстік Қазақстан облысы Тайыншы ауданының прокуроры. 2012-2015 жылдары – Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары.

Қазіргі қызметінде 2015 жылдың сәуірінен бастап.

Әділет полковнигі.

48 жыл бұрын (1973) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Слямханұлы ДАЙЫРБЕКОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Ленин комсомолы атындағы Новосібір мемлекеттік университетін, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын тәмамдаған.

Еңбек жолын 1994 жылы бастаған. Әр жылдары коммерциялық секторда, «Ақ-Бидай» ЖШС-де жұмыс істеген. 1997-2002 жылдары Алматы қаласындағы мемлекеттік азық-түлік келісім шарт корпорациясында жұмыс істеген. Сатып алу және өткізу басқармасының басшысы, басқарма басшысының орынбасары, бас маманы, Сыртқы экономикалық қызмет департаментінің директоры қызметтерін атқарды. 2002-2006 жылдары — «Агронефтеснаб» ЖШС директоры. 2006-2009 жылдары «Қазақстан астық компаниясы» ЖШС бас директоры қызметін атқарған. 2010-2012 жылдары — «Green Energy Almaty» ЖШС директоры. 2012-2016 жылдары — «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарушы директоры – коммерциялық директоры. 2016-2019 жылдары — «Samal Trans» ЖШС директорының кеңесшісі. 2019 жылғы сәуірден бастап «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК« АҚ басқарушы директоры лауазымында болды.

Қазіргі қызметінде – 2019 жылдың қараша айынан бастап.

45 жыл бұрын (1976) Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сержан Оралбайұлы ӘБДІКӘРІМОВ дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген, халықаралық қатынастар маманы.

Еңбек жолы: 1998-1999 жылдары – ҚР СІМ референті, атташесі. 1999-2000 жылдары – ҚР-ның Кореядағы елшілігінің атташесі. 2000-2002 жылдары – Дипломатиялық академияның тыңдаушысы. 2002 жылы - ҚР СІМ екінші хатшысы. 2002-2004 жылдары – ҚР Австриядағы елшілігінің екінші хатшысы. 2004-2005 жылдары – ҚР-ның Ұлыбританиядағы елшілігінің бірінші хатшысы. 2005 жылы – ҚР СІМ ақпараттық-талдау жұмыстары және болжамдық бағалау департаментінің директоры. 2005-2007 жылдары –ҚР СІМ Еуропа және Америка департаментінің директоры. 2008-2009 жылдары – ҚР-ның Болгариядағы уақытша сенімді өкілі. 2009-2012 жылдары – ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі – ЕҚЫҰ департаментінің директоры. 2012-2014 жылдары – ҚР Сыртқы істер министрлігінің сыртқы саяси талдау және жоспарлау комитетінің төрағасы. 2015-2019 жылдары – Қазақстан Республикасының Чехия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Словакия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы

Қазіргі қызметінде - 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап.

43 жыл бұрын (1978) Алматы облысының прокуроры Азамат Сембайұлы ЖЫЛҚЫБАЕВ дүниеге келді.

Қарағанды облысы Шет ауданы Үнрек совхозында туған. 1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің құқықтану факультетін бітірген

Прокуратура органдарындағы еңбек жолын Алматы қаласы прокуратурасының құқықтық статистика және ақпараттандыру бөлімінің бас маманы болып бастаған. 2000-2001 жылдары Алматы қаласы Алмалы ауданы прокурорының көмекшісі. 2001 жылдың наурыз айынан қыркүйек айына дейін - Алматы қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры. 2001 жылдың қыркүйек айынан 2002 жылдың сәуір айына дейін - Алматы қаласы прокуратурасының басқарма прокуроры. 2002-2003 жылдар аралығында Алматы қаласы Жетісу ауданы прокурорының орынбасары. 2003-2007 жылдары - Алматы әуе көлік прокуроры. 2007-2009 жылдары - Оңтүстік-Шығыс аймақтық көлік прокурорының орынбасары. 2009-2010 жылдары -Оңтүстік-Шығыс аймақтық көлік прокурорының бірінші орынбасары. 2010-2011 жылдары - Бас көлік прокурорының бірінші орынбасары м.у.а. 2011 - 2012 жылдар аралығында Ақмола облысының прокуроры. 2012 жылдың сәуір айынан шілде айына дейін - Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының қарамағына алынды. Ал 2012 жылдың шілде айынан 2013 жылдың қазан айына дейін - Астана қаласы прокурорының бірінші орынбасары. 2013-2017 жылдары Алматы облысы прокурорының бірінші орынбасары болып қызмет атқарған.

Қазіргі қызметінде 2017 жылдың ақпан айынан бері.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Аяулым Алтынбек

Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059

MURAǴAT