11 қыркүйек. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
2017 жылғы 11 қыркүйек 06:35

11 қыркүйек. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2017 жылғы 11 қыркүйекке арналған күнтізбесін ұсынады.

11 қыркүйек, ДҮЙСЕНБІ

Дүниежүзілік әкелер күні

2000 жылы 11 қыркүйекте Украинаның бастамасымен Дүниежүзілік әкелер күні бекітілді. Бұл бастаманы бірінші болып Нидерланды, бірнеше жылдан кейін Жаңа Зеландия, 2013 жылы - Бразилия қолдады.

Мысыр христиандары, копттардың жаңа жылы

Бұл мерекені Копт шіркеуі жаңа жыл санауы бойынша қыркүйектің 11-де (ескіше тамыздың 29-ы) атап өтеді.

Эфиопияның Жаңа жылы

Нөсер жауынның аяқталуы мен егін жинау мерзімінің басталуына тұспа-тұс келеді.

АҚШ-та патриоттар күні

2001 жылғы Нью-Йорк және Вашингтон қалаларында болған лаңкестіктің салдарынан қаза болғандарды еске алу мақсатында бекітілген.

Аргентинада мұғалімдер күні

Ұлы ағартушы, елдің бұрынғы президенті Доминго Фаустино Сармьентоның (1811-1888) қайтыс болған күніне байланысты жыл сайын атап өтіледі.

Пәкістанда Мұхаммад Әли Джиннаның дүниеден өткен күні

Бұл мұсылман саясаткерін Пәкістанда ұлттық мемлекеттің негізін салушы деп санайды. Мұхаммад Әли Джинна 1876 жылы 25 желтоқсанда дүниеге келген. Пәкістан Ислам Республикасының негізін қалаушы және мұсылман құқын қорғаушы күрескер 1948 жылы 11 қыркүйекте 71 жасында өкпе қабынуынан қайтыс болған.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1883 жылы Семей аймақтық мұражайы ашылды. Мұражайды саяси қуғынға ұшыраған адамдар өздері жиған археологиялық және зоологиялық қазбалар негізінде ұйымдастырды. Аталмыш шараны ұйымдастыруға Абай Құнанбаев та қатысқан. Ол мұражайға барлық жасауымен киіз үй сыйға тартқан.

1931 жылы Қарағанды облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Газет 1935 жылға дейін «Большевистская кочегарка», ал 1935-1963 жылдары «Социалистическая Караганда» деген атаумен шығып тұрды. 1965 жылдан бастап қазіргі атымен шығады. Газет аптасына екі рет шығады, таралымы 15000 дана.

1991 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығымен Ғарыштық зерттеулер агенттігі мен Жер мәселелері және жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды.

1993 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы Атырау облысының Теңіз ауданын Құрманғазы ауданы деп өзгерту туралы қаулы қабылдады.

1997 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери академиясы құрылды.

2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Шоқан Уәлиханов» желкенді кемесіне қазақстандық тұңғыш экспедицияның дүниежүзілік теңіз саяхатына жолдама берді.
Мемлекет басшысы экипаж мүшелеріне Қазақстан туын табыс етті. Бұдан кейін Қазақстанның Әнұраны орындалып, кемеде мемлекетіміздің туы көтерілді. Президент дүниежүзілік саяхатқа шыққан экипаж мүшелеріне сәт сапар тіледі.

2007 жылы Астанада Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдерімен бірлесіп шығарылған «Туған тіл» журналының тұсауы кесілді.
Бұл басылым алғаш рет араб, латын графикасында және қазақ тілінде шығарылып отыр. Журналды шығару - шетелдік қандастарымызға деген қамқорлықтың көрінісі.

2007 жылы Шалдай орманында күшті өрт болды. Өрт сөндіру кезінде орман шаруашылығының төрт қызметкері қаза болды. Төрт ай өткен соң ормандағы өртті сөндіру кезінде тағы да екеуі өмірлерімен қоштасты.
Ескерткіштің мәрмәр тасында орман шаруашылығы инспекторларының суреттері мен есімдері қашалып жазылған. Шалдай ауылының орталығында өрт сөндіру кезінде қаза болған «Ертіс орманы» табиғи резерват қызметкерлерінің құрметіне ескерткіш орнатылды.

2007 жылы Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 75 жылдығына орай мерекелік медаль шығарылды.
Медальдың айналасы шеңбермен қоршалып, жоғарғы жағы «БҚМУ» деген әдемі жазумен өрнектелген классикалық үлгіні аңғартады. Араб үлгісіндегі әріптер шашыраңқы, отшашу түрінде берілген. Жетпіс бес деген жазу бір-бірімен жалғасып, ерекше сән беріп тұр. Композицияның нақ ортасына аспандағы жұлдыздар тәріздес асыл тас салынған. Университеттің туған жылы асыл тастармен безендірілсе, медальдың шет жағы қырдың қызғалдағымен әсемделген. Бұл да кең даланың, студенттік жастық шақтың белгісі іспеттес.
М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті 1932 жылғы 1 қазанда Орал қаласында педагогикалық институт ретінде құрылған, ол республикамыздың екінші педагогикалық институты болды. Институтқа КСРО халық ағарту комитетінің орынбасары М.Н.Покровскийдің, 1937 жылдан бастап институт А.С.Пушкиннің есімі берілді. Соғыстан кейінгі жылдары А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты жылына 18 мамандығы бойынша 700 түлекті шығаратын ірі жоғары оқу орнына айналыды. 1996 жылдың мамырында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Жарлығымен А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты А.С.Пушкин атындағы Батыс Қазақстан гуманитарлық институты болып өзгертілді. 2000 жылғы 14 ақпанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің Жарлығымен Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті құрылды, ал 2003 жылы оған Махамбет Өтемісұлының есімі берілді.

2009 жылы 11-12 қыркүйек аралығында Павлодарда «Эльпида» достарын жинайды» деген атпен Грек мәдениетінің фестивалі өтті.
Бұл шара Павлодардың Ертіс жағалауында өмір сүріп жатқан 500-ден астам гректің басын қосып отырған облыстық «Эльпида» этномәдени құрылымының 10 жылдығына арналып отыр.
Шараға республикамыздың басқа облыстарының, Ресей Федерациясының және Грекияның Қазақстандағы елшілігінің өкілдері қатысты.

2009 жылы Ақтөбе облысы Алға ауданының орталығында мүгедек балаларды сауықтыру орталығы ашылды.
Оның негізгі мақсаты - тірек-қозғалу аппараттары зақымданған, психикалық дамуы тежелген, церебралды сал ауруына шалдыққан және т.б. зардап шеккен 3-тен 15 жас аралығындағы мүгедек балаларды медициналық сауықтыруға және әлеуметтік бейімдеуге көмек көрсету. Орталық облыстың барлық аудандарынан және Ақтөбе қаласынан келген 40 баланы бір мезгілде емдеуге есептелген.

2010 жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентіндегі №250 мектеп-лицейдің 6 сынып оқушысы Айжан Қыдырбек Италияның Римини қаласында болып өткен «Римини фест» фестивалінде Гран-при жеңіп алды.

Бұл ән фестиваліне 9-25 жас аралығындағы өнерпаздар қатысты. Осында екі әнді қазақ, орыс және итальян тілдерінде орындаған Айжанға тең келер ешкім болмады.

2012 жылы Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті Чыонг Тан Шангтің елімізге мемлекеттік сапары барысында вьетнамдық делегация «ҚазМұнайГаз» ұлттық мұнай-газ компаниясының орталық кеңсесіне барды.

2013 жылы қазақ ғалымдары Қытайдан 283 томды құрайтын бірегей мұрағаттық құжаттарды әкелді. Онда қазақ хандары мен қытай билеушілерінің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнатылғаны жөнінде көрсетілген. Оның арасында Абылай хан мен Қытай императоры Цяньлунның жазысқан хаттарының көшірмелері де бар болып шықты.

2014 жылы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше-мемлекеттердің басшыларының кеңесіне қатысу үшін Душанбеге барған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесті. Әңгіме барысында екі ел көшбасшылары екіжақты сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады.

2015 жылы елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды осы айтулы датамен құттықтады. Мемлекет басшысы өз сөзінде бұл той ең алдымен батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым ету, олардың тағдырының сан алуан қиындықтардан сүрінбей өткен ата тарихтан тағылым алу үшін өткізіліп отырғандығын еске салып өтті.

2015 жылы тараздық кәсіпкер Қадыр Қуатов Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне отбасылық мұраны - XI ғасырдағы көне күміс білезікті табыс етті.

2001 жылы лаңкестер Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығы мен Пентагондағы Қорғаныс министрлігі ғимаратына ұшақпен соқтығысты. Дүниежүзілік сауда орталығының 50 мыңға жуық адам еңбек ететін екі бірдей 110 қабаттық зәулім ғимараты жермен-жексен болды.

Осы жарылыстарға байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарының Президенті Джордж Бушқа көңіл айту жеделхатын жолдады.

ЕСІМДЕР

81 жыл бұрын (1936) ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының құрметті директоры ОРМАНТАЕВ Камал Сәруарұлы дүниеге келді.

Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған.

Ірі ғалым, бірқатар басымдықты ғылыми бағыттардың негізін қалаушы, педагог және жоғары білікті хирург, медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. 2000 және 2003 жылдарда «Алтын адам» атағына ие болды. ҚР профилактикалық медицина академиясының вице-президенті, ҚР ҰҒА академигі, Медицина ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі.
«Парасат» орденімен марапатталған.


52 жыл бұрын (1965) режиссер, сценарист ҚАРАҚҰЛОВ Әмір Болатұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Алматы мемлекеттік театр көркемсурет институтын (қазіргі Т.К.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы), С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), С.А.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематографиялық институтын бітірген.
«D'Arcy» жарнама агенттігінде креатив директоры, «Қазақфильм» киностудиясындағы «Дебют-реклама» жетекшісі, Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы қызметтерін атқарған.
«Разлучница», «Голубинный звонарь», «Последние каникулы», «Жылама», «Нереальная любовь» фильмдерін түсірген.








44 жыл бұрын (1973) Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің «Оңтүстік» өңірлік басқармасының бастығы ҚАЛИЕВ Арман Зарлықұлы дүниеге келген.

Ақтөбе қаласында туған. 1993 жылы Галицин жоғары әскери-саяси училищесін, 1995 жылы Қазақстан Республикасы ҰҚК Әскери институтын, 2005 жылы РФ Федералды қауіпсіздік қызметінің академиясын аяқтаған.

Офицерлік қызметін шекара заставасы бастығының орынбасары, бастығы, шекара отряды комендатурасы комендантының орынбасары, штаб бастығы, шекара отрядының бастығы, өңірлік басқарма бастығының бірінші орынбасары лауазымдарын атқарды.

2013 жылдың шілдесінен бастап Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің «Оңтүстік» өңірлік басқармасының бастығы.

Медальдармен наградталған.

43 жыл бұрын (1974) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Қаржылық қамтамасыз ету департаментінің директоры ХАМИТОВА Эльмира Рамилқызы дүниеге келген.

1996 жылы Қостанай ауыл шаруашылығы институтын тәмамдаған.

Еңбек жолын 1996 жылы Қостанай облыстық қаржы департаментінде бастаған. Түрлі жылдары Астана қалалық қаржы департаментінде, Астана қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінде, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі кеңсесінде әлеуметтік-экономикалық бөлімінде әртүрлі қызметтер атқарған.

Қазіргі қызметінде - 2011 жылдан бері.

43 жыл бұрын (1974) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі ПЛАТОНОВ Артур Станиславович дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының тарихи-теориялық факультетін тәмамдаған, мамандығы - өнертанушы. «Оперы Верди 40-ых годов» монографияның авторы және 50-ден астам батыс еуропалық музыка театрының тарихы жөніндегі ғылыми жұмыстарының авторы.

1999-2010 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында батыс еуропалық музыка театрының тарихы жөнінде авторлық курста лекция оқыды. 2010 жылдан бастап Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің Менеджмент және қоғамдық тәртіп кафедрасының профессоры (Алматы қаласы), 2006 жылдан бастап Теледидар және радио Халықаралық Еуразиялық академиясының академигі (Мәскеу). 2006-2007 жылдары - «КТК» АҚ-ның президенті, 2007 жылдан бастап - КТК-ның жеке хабар тарату арнасының директоры. 2014 жылдан - 2016 жылғы наурыз айына дейін КТК-ның стратегиялық дамуы бойынша директоры. 2011 жылғы 11 қыркүйектен бастап - «Слуги народа» бағдарламасының жүргізушісі және авторы әрі прдюсері. 2015 жылдан бастап қайтадан «Портрет неделиге» шақырылған. Басшы, автор және жүргізуші. 2015 жылдан бастап - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының кеңесшісі.

2016 жылғы 24 наурыздан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі.

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT