11 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 11 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

11 қазан. БЕЙСЕНБІ

Халықаралық қыздар күні

2012 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен. Бұл күнді мерекелеудің мақсаты - бүкіл әлемдегі қыздардың теңсіздік және әлеуметтік мәселелеріне назар аударту. Олардың ішінде білім алу, толыққанды тамақтану, медициналық қызмет алу, кемсітушіліктен, зорлық-зомбылықтан, бала кезінен мәжбүрлеп некеге тұрғызудан қорғау мәселелері бар. 

Башқұртстан Республикасының күні

Башқұртстан Республикасы - Ресей Федерациясының құрамындағы субъект.1990 жылы дәл осы күні Башқұрт АКСР-інің тәуелсіздігі туралы декларация қабылданды.

Ирландия Республикасының Ұлттық мейрамы - Конституция күні (1922)

Ирландия  - Батыс Еуропада орналасқан мемлекет. Астанасы - Дублин қаласы. Ресми тілі - ирланд және ағылшын тілдері. Ақша бірлігі - ирланд фунты.   

Аргентинада мұғалімдер күні

Ұлы ағартушы, елдің бұрынғы президенті Доминго Фаустино Сармьентоның (1811-1888) қайтыс болған күніне орай жыл сайын атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1961 жылы Семей полигонында алғаш рет жерасты ядролық жарылысы жасалды (КСРО-ның жер үстіндегі ядролық жарылысы да осы Семей жерінде 1949 жылы тамыздың 29-да жасалған болатын).

1994 жылы «Қазақтелеком» ҰАҚ компаниясы құрылды.

1996 жылы Ресейдің Астрахань облысы Володар ауданында ұлы күйші Құрманғазыны еске алу күндері өтті.

1997 жылы Қазақстанда «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасы қабылданды.

1997 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери академиясы құрылды.

2000 жылы «Түркістан» халықаралық энциклопедиясы жарық көрді. Энциклопедияның бас редакторы - Әбдімәлік Нысанбаев.

2009 жылы Ақтөбе облысы Алға ауданының орталығында мүгедек балаларды сауықтыру орталығы ашылды.

Оның негізгі мақсаты - тірек-қозғалу аппараттары зақымданған, психикалық дамуы тежелген, церебралды сал ауруына шалдыққан және т.б. зардап шеккен 3-тен 15 жас аралығындағы мүгедек балаларды медициналық сауықтыруға және әлеуметтік бейімдеуге көмек көрсету.

2010 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Иран Ислам Республикасының Ислам жиналысы Мәжілісінің (Парламенті) төрағасы Али Ардашир Лариджаниді қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан-Иран экономикалық ынтымақтастығын дамыту, өңірлік қауіпсіздік, сондай-ақ парламентаралық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды.

2011 жылы Бейжің қаласында Астананың мәдениет күндері басталды. Осыған орай, Үлкен ұлттық опера театрының сахнасында халық әртістері Роза Рымбаева, Нұржамал Үсенбаева, Айман Мұсақожаева және тағы басқалар өнер көрсетті.

2011 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Торбьорн Ягландты қабылдады. Кездесуде Қазақстанның Еуропа Кеңесімен ынтымақтастық перспективалары, Еуропалық Кеңес елдерінің конвенциясына қосылу және Еуропалық Одақпен қарым-қатынасын нығайту туралы мәселелер талқыланды. 

2016 жылы Қазақстан қыздар үшін өмір сүруге қолайлы үздік 30 елдің қатарына кірді. Рейтингті Save the Children халықаралық үкіметтік емес ұйымы жасаған. Ол дамушы елдердегі балалардың құқығын қорғайды. Рейтингке қатысқан 144 елдің ішінде Қазақстан 30-орынды иеленді.

2016 жылы Париж қаласындағы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Алматының 1000 жылдығына арналған көрме ашылды. Көрме аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының «Белгісіз Қазақстан» бірегей жобасы таныстырылды. Оның басты мақсаты Қазақстан Республикасының мәдениеті мен тарихын насихаттау.
2016 жылы Бүкіләлемдік пошта одағының 26-Конгрессінде дауыс беру нәтижесі бойынша Қазақстан 4 жылға Әкімшілік кеңес мүшесі болып сайланды.

1811 жылы өнертапқыш Джон Стевенстің «Джулиана» паромы Нью-Йорк пен Нью-Джерси арасында жүре бастады. Бұл әлемдегі алғашқы бу паромы болды.

1881 жылы американдық Дэвид Хьюстон фотоапараттың фотопленкасына патент алды.

Соңғы жаңалықтар