11 қаңтар. Туған күн иелері

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 11 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

null

ЕСІМДЕР

72 жыл бұрын (1947-2014) Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ театртанушысы Әшірбек СЫҒАЙ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстандағы Кентау қаласында туған. Қазақ өнер институтын аяқтаған (1969). Бозбала кезінде «Ачполиметалл» комбинаты жанындағы Кентау механикалық жөндеу цехында екі жыл слесарь болып жұмыс істеген. 1965 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияға түсіп, оны 1969 жылы тәмамдаған соң ол ұстаздық қызметке қалдырылған. Оның театр сыншысы ретінде қалыптасуы 1970 жылдардан басталды. Ол 1974 - 1994 жылдары Мәдениет министрлігі театр бөлімінің, өнер басқармасының бастығы, министрдің орынбасары, Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтының ректоры, министрдің бірінші орынбасары болып қызмет атқарды. Оның қаламынан «Іңкәр шақ», «Сыр сандық», «Сахнаға сапар», «Жарнама алдындағы ой», «Сахна саңлақтары» деген кітаптар жарық көрді. Жан Мольердің «Еріксіз үйлену», К.Гольдонидің «Күлкілі оқиға», О.Иоселианидің «Арбаның ізімен», Ш.Роквидің «Мазасыз әжей», В.Ежовтың «Бұлбұлдар түні», А.Шайкевичтің «Әлем алақанымызда» және тағы басқа танымал драматургтердің пьесаларын аударды. Олар республика театрларында қойылды.

1992 - 1994 жылдары мемлекеттік наградалар және сыйлықтар жөніндегі комитеттердің мүшесі болды. 1993 жылы Мемлекетіміздің ұлт саясаты жөніндегі кеңесінің мүшесі болып бекітілді. 1989 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген кайраткері атағы берілді. 2001 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ол Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы.

57 жыл бұрын (1962)Павлодар облысы ішкі саясат басқармасының бастығы Айгүл Қамзақызы МАРДАНОВА дүниеге келді.

Павлодар облысы Железин ауданы Михайлов ауылында дүниеге келген. 1984 жылы орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша Винницк мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдады.
Еңбек жолын 1984 жылы Прииртышск орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастады. Мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі - 26 жыл, оның 19 жылында Павлодар облыстық комсомол комитетінде, Железин аудандық комсомол комитетінде, Индустриялық аудандық әкімшілігінде, өнеркәсіп және сауда, туризм және спорт, Павлодар облысы бойынша білім беру департаменттерінде басшылық лауазымдарында қызмет етті. 2009 жылғы 20 сәуірден бастап Қашыр ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелері жөніндегі орынбасары болды. 2011 жылғы 23 қыркүйектен бері Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары.

Қазіргі қызметінде - 2015 жылдың қазан айынан бастап.


56 жыл бұрын (1963) әнші, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Жігер» фестивалінің, Халықаралық «Азия дауысы» байқауының лауреаты, «Тарлан» сыйлығының иегері Мақпал Мұхамедиярқызы ЖҮНІСОВА дүниеге келді.
Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауданында туған. Шымкент мәдениет институтын бітірген. Өнер жолын «Гүлдер» ансамблінің құрамында халық әндерін орындаушы ретінде бастап, одан кейін «Қазақконцерт» бірлестігінің жанынан «Назерке» ансамблін ұйымдастырған. Репертуарында қазақ халық әндерімен қатар, қазіргі қазақ композиторларының музыкалық шығармалары бар. Әнші лирикалық әндерді нақышына келтіре орындауымен ерекшеленеді.

53 жыл
бұрын (1965) «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Босымбекқызы ДҮЙСЕНОВА дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. 1987 жылы Ташкент халық шаруашылығы институтын бітірді, мамандығы - инженер - экономист, экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын 1988 жылы институтты аяқтағаннан кейін Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі қызметінен бастады. 1988 - 1992 жылдары Өзбек ССР-нің Мемлекеттік жоспарлау комитетінің Экономика ғылыми зерттеу институтының экономисі болып жұмыс істеді; 1992-1993 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш аудандық әкімшілігінің аға экономисі; 1993-1994 жылдары - «Перизат-холдинг» компаниясының бөлім басшысы; 1994-1997 жылдары - Сарыағаш ауданы әкімінің кеңесшісі, орынбасары, бірінші орынбасары; 1997-1999 жылдары - Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары; 1999- 2002 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары; 2002-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің вице - министрі; 2006 - 2008 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары; 2008 - 2013 жылдары Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы; Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі (02.2013-06.2013); Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі (2013-2014); ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі (2014-2017); Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі (2017-2018).

Қазіргі лауазымына 2018 жылдың ақпанында тағайындалды.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005) медальдарымен марапатталған.

47 жыл бұрын (1972) Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмас Өскенбайұлы МӘДИЕВ дүниеге келді.

1994 жылы Жамбыл тамақ және жеңіл өнеркәсібі технологиялық институтын «Инженер-экономист» мамандығы бойынша бітірген. 2000 жылы Яссауи атындағы қазақ-түрік университетін «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1994 жылы Жамбыл техноло­гиялық институтында оқытушы болып бастаған. 1997 - 2003 жылдары - Жамбыл облыстық әкімдігі Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында аға маман, Жамбыл облыс­тық әкімі аппаратының қаржы және әлеуметтік қорғау бөлімінің меңгерушісі, Жамбыл облысы әкімінің көмекшісі. 2003 - 2009 жылдары - Жамбыл облыстық әкімдігі Экономика және бюджеттік жоспарлау, кәсіпкерлік және өндіріс басқармасының басшысы 2009 - 2014жылдары - «Оңтүстік ӘӨК ҰК» АҚ қаржы директоры, басқарушы директоры, басқарма төр­ағасының орынбасары, «Қазақстан Инвестициялық қоры» АҚ басқарушы дирек­торы, «Павлодар ӘӨК ҰК» АҚ басқарма төрағасы. 2014-2016 жылдары - Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бастығы. 2016-2017 жылдары - Алматы қаласы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бастығы. Қазіргі қызметінде - 2017 жылдың тамыз айынан бастап.

46 жыл бұрын (1973) «Қазақстан қор биржасы» (KASE) АҚ басқарма төрайымы Алина Өтемісқызы АЛДАМБЕРГЕН дүниеге келді.

Қарағанды қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын (1995) «Қаржы және несие» мамандығы бойынша; Вашингтон университетінің Іскерлік әкімшіліктік басқару мектебін (1995); Рочестер университетінің Уильям Е. Саймон атындағы Іскерлік әкімшіліктік басқару мектебін (2007) экономист, іскерлік әкімшіліктік магистрі мамандығы бойынша бітірген.
1997 жылдан - «ABN AMRO Қазақстан банкі» ЕАБ» ЖАҚ құрылымдық қаржыландыру басқармасының қаржылық талдаушысы, менеджері, бас маманы, бастығының орынбасары, несиелік талдау және құрылымдау басқармасы бастығының орынбасары. 2001 жылдан - Лондон қаласындағы «ABN AMRO Bank N.V.» рейтингтік кеңестер беру департаментінің рейтингтік кеңес берушісі, жетекші рейтингтік кеңес берушісі. 2003 жылдан - «ООИУПА» ABN AMRO Asset Management» АҚ басқармасының төрағасы 2005 жылдан - «ABN AMRO Қазақстан банкі» ЕАБ» АҚ басқармасының қазынашысы, төрағасының орынбасары. 2006-2007 жылдары - Алматы қаласындағы ҚР Аймақтық қаржы орталығы қызметін реттеу агенттігі төрағасының орынбасары. 2008 жылдың қаңтарынан - «Астана-Финанс АҚ басқармасы төрағасының орынбасары. 2008 жылдың наурызынан - ҚР Қаржы нарығын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен бақылау агенттігі төрағасының орынбасары. 2011 жылдан - «Самұрық-Қазына Финанс» ЖШС Бас директорының орынбасары, 2012 жылдан Бас директоры. Әр жылдары «Қазақстан қор биржасы» АҚ, «БТА Банк» АҚ, «Темірбанк» АҚ, «Альянс Банк» АҚ Директорлар кеңестерінде міндеттірін атқарды. 2013 жылдың шілде айында «Бәйтерек ҰБХ» Басқарма төрағасының орынбасары және басқарма мүшесі болып тағайындалды. Қазіргі қызметінде - 2016 жылдың ақпан айынан бастап.

Соңғы жаңалықтар