11-қабаттан секіріп кетті: БҒМ оқушының қазасына байланысты түсінік берді

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Алматыда 11-қабаттан секіріп кеткен оқушыға қатысты оқиғаға түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қайғылы жағдайда қаза тапқан 8-сынып оқушысының ата-аналары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.

Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде оқушының қайтыс болуына байланысты қарама-қайшы ақпарат тарап жатыр. ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері қаза тапқан оқушының ата-анасымен байланыста. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері тергеу іс-шараларын жүргізуде. Тергеу мүддесі үшін жағдайдың егжей-тегжейі жария етілмейді», - делінген комитет хабарламасында.

Мәлім етілгендей, тергеу нәтижелері бойынша қажетті шаралар қабылданады. Тергеу амалдарынан кейінгі ресми қорытындыны күту қажет.

«Ата-аналарды, мұғалімдер мен мектеп басшыларын балалармен қарым-қатынаста өте мейірімділік танытуға шақырамыз. Өйткені балаларымыздың өмірі мен денсаулығы қоғамның басты құндылығы», - деді ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінен.

Еске салайық, оқиға 28 қазанда болды. Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі әкімшілігінің мәліметінше, оқушы сабақтан тыс уақытта қаза болды. «Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Кәмелетке толмаған баланың және басталған тергеудің мүддесі үшін мектеп қосымша ақпарат бере алмайды», - деп хабарлады білім мекемесінен.

Алматы қалалық Полиция департаменті аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша Бостандық аудандық полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін мәлім етті. «Оқиғаның себептері мен мән-жайы өндіріс барысында анықталады. Сот-медициналық сараптама тағайындалды», - деді полициядан.




Соңғы жаңалықтар