11 айда өңдеу өнеркәсібі 5,2 пайыз өсті

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 11 айда өңдеу өнеркәсібі 5,2 пайыз өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсу үрдісі сақталуда. Осы жылдың қаңтар-қараша айларында сала бойынша өндіріс көлемі 5,2 пайызға өсті. 15 өңір бойынша оң өсу көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсу Алматы қаласында, сондай-ақ Алматы және Қызылорда облыстарында байқалуда. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісі 18,5, оның ішінде автомобиль жасау – 21,3, вагондар мен локомотивтер өндірісі – 56,7, сондай-ақ құрылыс материалдары – 9,2, дайын металл бұйымдары – 18,1, пластмасса бұйымдары – 41,4, фармацевтикалық өнімдер – 27,9, жиһаз – 9,7, киім 8,7 пайыз деңгейінде серпінді өсім көрсетіп отыр», - деді министр.

Оның айтуынша, тау-кен өнеркәсібінде өсімнің қалпына келу қарқыны жалғасуда. Есепті кезеңде сала бойынша өндіріс көлемі 0,8 пайызға артты. Салалар бойынша өсім металл кендерін өндіруде 3,9, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде – 1,8, көмір өндіруде 0,7 пайызға жетті. Шикі мұнайды, газды және өзге де пайдалы қазбаларды өндіру салаларында өндірістің әлі де теріс көрсеткіштері сақталып отыр.

«Өткен 11 ай қорытындысы бойынша құрылыс саласы жоғары қарқынын сақтап, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 6,2 пайызғаға өсті. Көрсеткіштің оң өсімі 15 өңір бойынша тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Алматы қаласында, сондай-ақ Маңғыстау және Ақмола облыстарында байқалуда», - деді Әсет Ерғалиев.


Соңғы жаңалықтар