107 ақмолалық қоғамдық тәртіпті сақтауға көмектескені үшін 1,5 млн. теңге көлемінде сыйақы алды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - 107 ақмолалық құқық қорғау органдарына қоғамдық тәртіпті сақтауға көмектескені үшін 1,5 млн. теңге көлемінде сыйақы алды. Бұл туралы Ақмола облысы бойынша ІІД баспасөз қызметі мәлім етті.

Полиция мәліметіне қарағанда, бүгінгі күні Ақмола өңіріндегі 232 қоғамдық құрылым мыңнан астам адамның басын біріктіреді. Биылдың өзінде ерікті халық жасақтарының көмегімен 567 заңбұзушылық анықталып, 158 қылмыстың беті ашылды.

Бұлар негізінен полицияға қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, шиеленіскен және ауыр қылмыстардың бетін ашу мен алдын алуға көмек қолын созатын азаматтар. Мұндай қоғамдық құрылымдар барлық жастағы адамдардың басын қосады. Әсіресе, олардың құрамынан жедел жастар отрядын, студенттер мен егде тартқан адамдарды жиі кездестіруге болады.

Ескере кететін бір жайт, бүгінгі күні қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде жастардың еңбегі зор. Өйткені, жедел жастар отрядының құрамы негізінен 160-тан астам студент пен жас мамандардан тұрады.

Сондай-ақ, ауылдық жерлерде жалпы құрамы 600 адамнан тұратын "Сақшы" атты құрылымдар жұмыс жасайды. Олардың негізгі қызметі біреудің мүлкін ұрлау немесе мал ұрлығы сияқты қылмыстардың алдын алуға бағытталған. Биылғы жылдың басынан бері "Сақшы" мүшелерімен 100-ден қылмыстың беті ашылды.

Осыған орай, олыстық ішкі істер департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Жайлаубек Халықұлының бұйрығымен 100-ден астам еріктіге әр біріне 15 000 теңге көлемінде сыйақы берді.

Жалпы, ағымдағы жыл басталғалы белсенділік танытқан осындай азаматтарды көтермелеу үшін облыстық бюджеттен 4 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп отыр.

Осыған дейін ақмолалық полицейлер 126 ерікті халық жасақтарына сыйақы берген болатын.

Соңғы жаңалықтар