100 жаңа оқулық: Рауан Кенжеханұлы қандай кітаптар аударылып жатқанын айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақордада ҚР Президент Әкімшілігінің Басшысы Әсет Исекешевтің төрағалығымен Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ұлттық комиссияның кезекті отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыс барысында «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

«Бүгінгі таңда жоба аясындағы жұмыстарға жалпы саны 300-ге тарта маман қатысуда. Олардың дені ғылыми дәрежесі бар, мойындалған, танылған ұстаздар мен ғалымдар, аудармашылар, тілшілер және баспагерлер. Жобаға атсалысып жатқан мамандардың қай-қайсысы да бұл кітаптардың білім мен ғылым сапасын көтерудегі тиімділігін, ұрпақ және ел болашағын қалыптастырудағы зор маңызын ескере отырып, жұмысқа ерекше ден қоюда. Басты мақсат - сөзі анық, мазмұны ұғынықты аударманың мейлінше жоғары сапасын қамтамасыз ету», - дейді Рауан Кенжеханұлы.

Ұлттық аударма бюросы жоба аясында алғашқы 18 кітапты аударып, Мемлекет басшысының қатысуымен өткен тұсаукесерде көпшілікке таныстырған. Аталған 18 оқулықтың әрқайсысы 10 мың данамен шығарылып, бұл күнде еліміздегі 110 жоғарғы оқу орнына тегін таратылған. Оқулықтардың электронды нұсқасы еліміздегі университеттердің порталына орналастырылған.

«Жаңа оқулықтарға деген жоғары сұраныс пен қоғамдағы қызығушылықты ескере отырып, еліміздегі кітап дүкендері арқылы тарату үшін қосымша басып шығару қолға алынды. Ол жұмысқа жекеменшік баспалар тартылып, мемлекет қаржысы шығындалмайды. Алайда еліміздегі орта арнаулы оқу орындары, яғни колледждерді осы оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесін тиісті мемлекеттік мекемелер қарастыруы қажет деп санаймыз», - дейді ол.
null 

Рауан Кенжеханұлының айтуынша, сәуірде өткен тұсаукесер бойынша Елбасы оқулықтарды аудару аясында жинақталған тәжірибелерді қорытып, ғылыми аудармаға қажетті сөздіктерді даярлауды тапсырған.

«Бұл бағытта сөздіктерді шығару тәжірибесі аса мол Оксфорд университетінің баспасымен бірлесіп жұмыс істеуге келістік. Атап айтсақ, Оксфорд белгісімен үлкен қазақ-ағылшын, ағылшын-қазақ сөздігі, сондай-ақ қоғамдық және әлеуметтік ғылымдардың түсіндірме сөздігі, экономика түсіндірме сөздігі және қазақ тілінің кірме ұғымдарының сөздігін дайындау қолға алынды», - дейді Ұлттық аударма бюросының директоры.

Ол атап өткендей, қазіргі уақытта жаңа оқулықтардың келесі легін, әлемге әйгілі авторлардың миллиондаған тиражбен жарияланған кітаптарын аудару жұмыстары жүріп жатыр.

«Бұлардың ішінде Энтони Кенидің «Батыс философиясының жаңа тарихы», «Заманауи маркетингтің библиясы» атанған Филип Котлердің атақты оқулығының 17-ші басылымы, Өнер тарихынан сыр шертетін Эрнст Гомбрихтің 16-шы басылымы, халықаралық құқық бойынша қазіргі уақытта әлем мойындап отырған Майлколм Шоудың оқулығы, Стивен Пинкердің «Язык как инстинкт» кітабын атап өтуге болады. Бұл ретте аударылғалы отырған кітаптардың ішінде экономика және кәсіпкерлік циклына ерекше тоқталғым келіп отыр. Ол туындылар - экономика, макро және микроэкономика, менеджмент, бизнескоммуникация, маркетинг, жеке қаржы және инновация саласындағы кітаптар», - дейді Рауан Кенжеханұлы.
null 

Еске сала кетсек, осы жылдың сәуір айында Астанадағы Назарбаев орталығында «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған алғашқы кітаптар таныстырылған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар