100 жаңа есімге енген кәсіпкер: Ешкімнен жұмыс сұрамаңыздар, бизнеспен айналысыңыздар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық кәсіпкер, меценат және қоғам қайраткері, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Исламбек Салжанов жастарды кәсіпкерлікпен айналысуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, Исламбек Салжанов «Алтын Қыран» компаниялар тобы мен «Altyn Kyran» халықаралық қайырымдылық қорын құрған. Қазақстан Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының Президиум мүшесі, Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы атанған.

«Біз бизнес бастаған 90-жылдар мен қазіргі заманның арасы жер мен көктей. 1993 жылы мединститутты бітіргенімде, еліміз аса ауыр жағдайда еді. Одақ тарап, нарықтық экономика енді қалыптасып жатқан. Екінші деңгейлі банктер атымен болған жоқ. Біз жеке бизнестің не екенін білмедік, әдебиеттер болмады. Дейл Карнегидің жалғыз кітабын қолдан-қолға өткізіп, капитализмнің қалай жұмыс істейтінін түсіне бастадық. Ауылда, азық-түлік нарығынан бастап, бүгінгі күнге жеттім. Ең бастысы берілмеу, қателік жасаудан қорықпау», - деді Исламбек Салжанов ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасында өткен «Менің табысымның тарихы - ел табысының тарихы» атты шығармашылық кездесуде.

Кәсіпкер кездесуге келген студенттер мен оқушыларды бизнеспен айналысуға шақырды.

«Кәсіпкер ретінде барлығыңызды бизнеспен айналысуға шақырамын. Әрине, бірінші өзіңе ыңғайы келетін мамандықты немесе саланы таңдап алған жөн. Сүйікті ісіңмен айналысып, одан үлкен ләззат алып, қомақты қаражат таба аласың (...) Жастарға айтарым, ешкімнен жұмыс сұрамаңыздар. Бизнеспен айналысып, өздеріңіз жұмыс орындарын ашыңыздар. (...) Қазақстанда кәсіпкерлікке қолдау өте жоғары деңгейде көрсетіліп келеді. Жастар арасындағы кәсіпкерліктен бастап, ауыл шаруашылығы саласына дейін түрлі бағдарламалар бар. «Бастапқы капиталды қайдан табамын?» деп сұрайтындар бар. Жақсы жобаға инвестор табылады. Қайтарымсыз гранттар да көптеп берілуде. Ең бастысы, жақсы идея мен ынта-ықылас керек», - деді ол жастарға.

Сондай-ақ, И. Салжанов үздіксіз кітап оқуды өз табысының сыры деп естептейді және жастарға ағылшын тілін жетік үйренуге кеңес берді.

«О баста кітап оқуды қолға алдым және әлі күнге дейін кітап оқуға ерекше мән беремін. Ірі компаниялар мен бизнесмендер туралы жігер беретін кітаптар жақсы көмектеседі. Бұрын қажетті кітаптарды Мәскеуден алатын едім, қазір ауылда отырып-ақ, интернеттен үздік бестселлерлерді оқуға болады. Ол үшін ағылшын тілін білу керек. Ағылшын тілі - біріншіден, халықаралық тіл, екіншіден бизнес тілі. «Рухани жаңғыру» аясында үздік кітаптар қазақ тіліне аударылып жатыр, бірақ жер жүзіндегі барлық оқулықты аудару мүмкін емес. Жыл сайын миллиондаған жаңа кітаптар жарық көреді. Әлемдік үрдістен қалып қоймау үшін, жалғыз жол - ағылшын тілін үйреніп, түпнұсқада оқу», - деп кеңес берді И. Салжанов.

Кездесуде «100 жаңа есім» жобасының өзге де жеңімпаздары - Н. Жолдыбалин, Н. Дементьева және М. Чернуцкий қатысып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.

Соңғы жаңалықтар