«100 жаңа есім» жобасына қандай өзгерістер енді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат -«100 жаңа есім» жобасына үміткерлерді үкіметтік емес ұйымдар да ұсына алады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап өтілгендей, аталмыш жобаға лайықты азаматтарды табуға ел аймақтарындағы кез келген үкіметтік емес ұйымдар атсалыспақ.

«Былтыр «100 жаңа есім» жобасы өте сәтті жүзеге асқандығын білеміз. Жастардың арасында мықты деген, алайда танылмай жүрген азаматтар көрінді. Ағымдағы жылы - жобаның екінші кезеңі. Биылғы жеңімпаздарды анықтау үшін біршама өзгерістер енгізілді. Ең негізі өзгеріс «100 жаңа есімді» анықтауда басымдық үкіметтік емес ұйымдарға берілмек. Біздер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілі ретінде бұл тізімге азаматтарды ұсына аламыз. Өзіміз ол азаматтар туралы насихаттап, бұқараға танытамыз», - деді  «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәурен Бабамұратов.

Оның айтуынша, үкіметтік емес ұйым өкілдері жаңа «жүздікке» азаматтарды ұсынып қана қоймай, олардың жеңіп шығуына ықпал етпек.

«Енгізілген бұл өзгерісті өте маңызды және оңтайлы шешім деп есептеймін. Себебі биліктің, халықтың мойындауын қажет етіп жүрген адамдардың басым көпшілігі жұмысбасты. Ол дәрігер болуы да мүмкін, басқа салада қызмет етуі мүмкін. Сәйкесінше халықты өзіне дауыс беруге шақыруға қолы тимейді. Ал біз - үкіметтік емес ұйым шынымен сондай адамдарды тауып,  сайт арқылы оларға дауыс беруге барша халықты үндей аламыз. Алдағы аптада Жастар қоғамдық бірлестігі алғашқы үміткерлерімізді ұсынамыз»,-деді Дәурен Бабамұратов.

Статистикалық деректерге сәйкес бүгінгі күні елімізде үкіметтік емес ұйымдардың саны 20 мыңға жетіп отыр. Әділет органдарының ақпараты бойынша, Алматы қаласында 5 863 ҮЕҰ тіркелген.

 

Соңғы жаңалықтар