«100 жаңа есім» жеңімпазы әдеби агенттік құрмақшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әдебиетке деген іңкәрлік пен табандылық 23 жастағы Серікжан Қажытайды «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында әкімдік қызметкері болып жұмыс істейтін Серікжан қолы босағанда әдеби аудармамен айналысады. Оның бұл жолға түсуіне Абайды испан тілінде сөйлеткен Хорхе Падронмен кездесу әсер етіпті.

«Негізгі мамандығым – қазақ және орыс тілдерінің мұғалімі. Бірақ қазір Үржар аудандық әкімдігінің қоғамдық келісім орталығында жетекші маман болып жұмыс істеймін. Бала кезімнен әдебиетке әуес болдым. Кейін тілге деген қызығушылық пайда болды. Ал әдебиетті жанымның серігі етуге 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен Еуразия қаламгерлерінің бірінші форумы ықпал етті. Ол кезде мен Жазушылар одағының елордадағы қалалық филиалында жұмыс істеп жүрген едім. Әлгі форумда Абайды аударған испанның ұлы ақыны Хорхе Падрон мырзамен таныстым. Шала-пұла ағылшыншаммен сөйлескеннің өзінде түсінісіп кеттік. Ол кісінің әр ісінен әдебиетке деген махаббатты, Абайға деген құрметті көрдім. Сол кезде менде ой пайда болды. Қазақтың талантты қаламгерлерін әлемге таныту үшін өз арамыздан тіл білетін, әдебиетке жаны ашитын адам шықпай, төл әдебиетіміздің рухы мен философиясын өзгеге таныту мүмкін емес екенін түсіндім», - дейді әуесқой әдебиетші.

Арманын орындау үшін талапты жас әуелі тіл үйреніп, ағылшынша білімін жетілдіріпті.

«Қазірге дейін үйреніп жүрмін десем болады. Бүгінге дейін 7 кітап аудардым. Оның ішінде Кадзуо Исигуроның «Жоғалтып алма сен мені» деген шығармасын аударған кітабым «Фолиант» баспасынан басылып шықты. Қалғандары интернет ресурстарда тұр. Туве Янссонның «Муми-тролль» шығармасы жақсы оқылып жатыр. Әлем халықтарының ертегілерін, Рэй Брэдберидің «Бәстесейік» әңгімелер жинағын аударып шықтым. Алдағы уақытты осының бәрінің басын біріктіріп, үлкен бір кітап етіп шығарсам деп ойлаймын», - дейді аудармашы.

Жас әдебиетші қазақ тіліне тек шын таланттар ғана аударылу керек деп санайды.

«Әлемге бейне бір сырттан қарап тұрғандай таныммен жазатын жазушылар болады. Көбіне сондай авторларды тауып аударуға тырысамын. Мысалы, Рэй Брэдберидің әңгімелерінің өзі тұтастай Америка әдебиетін жаңа деңгейге шығарды дер едім. Өйткені оның ізінен үлкен әдеби ағым пайда болды. Сондай адамдарды таңдауға тырысамын», - дейді «100 жаңа есім» жеңімпазы.

Оған салса, қазақ әдебиетінің барлық классиктерін әлем тілдеріне аударып шықса да, артық болмас еді.

«Қазақ әдебиетіндегі классиктердің бәрі әлем кітапханаларында тұруға лайық. Оралхан Бөкей, Мұхтар Мағауин сияқты бірнеше тілге аударылғандары бар. Бірақ соның бәрі жаңа бір деңгеймен, жаңа бір талаппен аударлыса деген арман бар. Біріккен ұлттар ұйымының ең танымал тілдеріне ең мықты авторларымызды сапалы етіп аударсақ, бұрынғы аударылғандарын да қайтадан қарап шықсақ деп ойлаймын. Мысалы Сайын Мұратбековтың «Жусан исі» шығармасының аудармасы қазақи танымды, автордың месседжін жеткізе алмағандай болып көрінді. Қазақ авторларын тіл білетін қазақтар аудару керек деп отырғаным осы», - дейді Серікжан.

Ол айтып отырған Еуразия қаламгерлерінің астанадағы форумында әдеби агенттер арқылы қазақ авторларын әлемге шығару туралы идея алғаш рет айтылған болатын. Сол идеядан шабыт алған Серікжан Қажытай досымен бірге агенттік құрағанын айтады.

«Ағылшын, испан, француз тілін жақсы білетін қазақтар бар. Солардың басын біріктірсек деген ниетпен Бекзат Рысбекұлы деген досым екеуміз әдеби агенттік құрған болатынбыз. Әзірге заң бойынша тіркеп, құжатын рәсімдеген жоқпыз. Қазір әлемге танымал авторлардың менеджмент пен маркетингті қалай пайдаланғанын зерделеп жатырмыз. Жалпы ұлы классиектерді аударма арқылы қалай танымал етуге болатынын зерттеп жатырмыз. Мамыр айында ол талдауды қорытындылаймыз. Осыдан кейін құжатын пысықтап, инвестор іздейтін шығармыз», - дейді жоба жеңімпазы.


Соңғы жаңалықтар