100 жаңа есім: Жеңімпаздар арасында қандай мамандық жиі кездеседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осыдан үш ай бұрын «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші маусымы бойынша 29 жеңімпаздың есімі жарияланған еді. Жаңа есім - тынбай еңбектенген, табандылықпен табысқа жеткен тұлғалар, ал олар талай жасқа үлгі болары сөзсіз. ҚазАқпарат тілшісі өмірде де, жобада да жеңіске жеткен «жаңа 29 есім» туралы шолу ұсынады.

Атап өткен жөн, 29 жеңімпаздың арасында қоғам белсенділері (7 жеңімпаз) көбірек. Екінші орында - мәдениет (6 жеңімпаз), медицина (5), ғылым (4) санаттары тұр. Сонымен бірге, спорт аталымында - 4 жеңімпаз, бизнес санатында - 3 жеңімпаз озып шыққан. Мамандық бойынша талдау жасасақ, 2019 жылғы жеңімпаздар арасында 3 программист, екі журналист, екі әнші, екі физик, екі нейрохирург бар. Одан бөлек, олардың арасынан генетик, стоматолог, репродуктолог, онколог, кітапханашы, дизайнер, ақын, мүсінші, көкпаршы, семсерлесуші, фотосуретші , акробат және хореографты кезіктіруге болады.

2019 жылғы «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңіне 2 388 өтінім түсіп, онлайн дауыс беру арқылы 29 адам озып шықты. Жеңіске жеткендер шеруін 34 жастағы кәсіпкер Ларион Лян 15 787 дауыспен бастап тұр. Елбасымен кездесуде кәсіпкер өзінің мінезі қиын жасөспірім болғанын жасырмады. Оның үстіне болашақ миллионер 11 жылдық мектепте 10 мектепті ауыстырып, жоғары білім ала алмаған.

«Әлі есімде, болашақ жарыма үйленемін дегенде оның анасы «отбасыңды асырай аласың ба?» деп сұрады. Осы сөздер мені қайрады. Мен кез келген жұмысты істей бердім. 2 мың теңгеге пәтер жинаған кездерім де болды. Ал осы жұмысты сапалы жасағаннан кейін бізге ірі бір банктен үлкен тапсырыс түсті. Сөйтіп, ол банктің 17 аймақтағы барлық филиалдарын жинауға кірістік. Енді ол кезде қажетті құрал-жабдықтар да, әрбір аймақта адам да болмады. Бірақ біз достарымызға, туған-туыстарымызға телефон шалып, жан-жақтан адам іздедік. Таптық. Сөйтіп, үлкен тапсырысымызды орындадық», - деп еске алады Ларион Лян.

Бүгінде Ларион Лян негізін қалаған «IC-Group» компаниясы тазалық, кілем жуу, кір жуу, киім тігу, күзет, қағаз шығару, жарнама, кейтеринг сынды бизнестің 12 бағытында жұмыс істейді. Қазақстанның барлық өңірінде филиалдары бар және компания айналымы 10 млрд теңгеден асады. Осылайша, кәсіпкер республика бойынша 6 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.

Сонымен бірге, «Бизнес» бағытында топ жарғандардың бірі - генетик, кәсіпкер Болат Сұлтанқұлов (15 369 дауыс). Ол 2014 жылы регенерациялық технологиялар саласындағы әзірлемелермен айналысатын «Жасуша терапиясы» ЖШС мен теріні қалпына келтіретін сарысу жасайтын «Pomme de vie» ЖШС компаниясының негізін қалаған. Б. Сұлтанқұлов Ноттингем университетін (Ұлыбритания) «Генетика облысы ғылымдарының бакалавры» мамандығы бойынша бітіріп, Республикалық Микроағзалар Коллекциясында, Ұлттық Биотехнология орталығында, Назарбаев Университетінде жұмыс істеген.

Жас кәсіпкер - псориазға қарсы A-psorin дәрісін әзірлейтін «Астана Биомед Групп» ЖШС құрылтайшыларының бірі. 2017 жылы жасаған еңбектері үшін әріптестерімен бірге «Ғылым көшбасшысы - 2017» атағын жеңіп алды. Болат Сұлтанқұлов онкология және рак эпигенетикасы саласында халықаралық мақалалардың бірлескен авторы. Қазіргі кезде Назарбаев университетінде «Биомедициналық инженерия» мамандығының PhD студенті.

Еңбек жолын 18 жасында даяшы болып бастаған Айдос Сайлығараев - бүгінде «100 жаңа есім» жобасындағы ең үздік кәсіпкерлердің бірі. Ол өзінің алғырлығымен түрлі мәселелердің шешімін тауып, заманауи шешімдерді қолдану арқылы бизнес саласында жоғары нәтижелерге жетті. 2009 жылы кәсіпкер алғашқы «Дастарқан» асханалар желісін құрып, 2010 жылы - «Cofee do» кофеханасын ашты. 2011 жылы кондитерлік цех пен дүкендер желісі секілді жаңа өндірістерін ашты. Аталған цехта «Бизнестің жол картасы-2020» бадарламасы аясында арнайы Германиядан СЕС-сарапшыларын шақыртып, торттар мен десерттердің жаңа өндіру технологиясын енгізді.

Бүгінде Айдос Сайлығараев «Браунис Қазақстан» ЖШС құрылтайшысы және президенті қызметін атқаруда. Жоба аясында 200-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Ол 2012-2013 жылдары өнім шығару саласында үздік кәсіпкер атанып, «Жылдың үздік тауары» байқауында Қызылорда қаласы бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Ізденімпаз кәсіпкер әлі де Астана мен Алматы қалаларында жаңа кофеханалар ашып, Дубайда өз ісін жалғастырмақ.

«Қоғам» бағытында математик, бағдарламашы және оқытушы Асан Жолдасов 15 757 дауыспен жеңімпаз атанды. Асан Жолдасов оқушы кезінен-ақ математикадан республикалық, халықаралық олимпиадаларға қатысқан және 19 жасында өз мектебін ашқан. Оқытудың арнайы әдістемесін жасап, «Пифагор» мектебін үлкен компанияға айналдырған. Осылайша, 10 жылда 10 мыңнан астам баланың математикаға қызығушылығын оятқан.

«Алматы, Астана және Тараз қаласындағы мектептерімізде 136 мұғалім жұмыс істейді, 1500 талантты бала білім алып жатыр. Соңғы алты жылда Қазақстанның оқушылар құрамасының тең жартысын «Пифагорда» білім алған балалар құрайды. 10 жылда мен оқытқан 10 мың бала әлемнің түпкір-түпкірінде білім алып жүр. Фейсбук пен Гуглде өз компанияларын құрды», - дейді А. Жолдасов.

Бұдан бөлек, Асан Жолдасов ҚБТУ ақпараттық технологиялар факультетінің бакалавр және магистр дәрежесін алды. Кейін өзінің альма-матерінде компьютерлік инженерия кафедрасында дәріс оқыды. Білім беруден бөлек, Асан «Ferum Logic» стартапын құруға қатысып, өз қаражатына Аналар үйін салған.

Жеңімпаздар арасында балаларға арналған «OYLA» ғылыми журналының негізін салушы, журналист Ердос Төлегенов те бар. Ғылымды насихаттайтын «OYLA» журналы Қазақстанда ғана емес, көптеген дамыған елдерде де сұранысқа ие. Оның ерекше дизайнмен әрленген беттерінде математика мен химия, физика мен биология пәндері жеңіл тілмен түсіндірілген. Сондай-ақ, журналдың көп бөлігі өнертапқыштық пен робототехникаға арналған.

«Біздің негізгі мақсатымыз - еліміздегі адами капиталдың сапасын арттыру. Егер біздің журналдың арқасында ғылымға қызығатын 10, 30 немесе 100 кішкентай данышпан шықса, мұның өзі біз үшін үлкен нәтиже болар еді. Мысалы, біздің 14-15 жасар оқырмандарымыздың бірі журналдан робот туралы мақаланы оқып, қызығушылық танытса, 25 жасқа келгенде, елімізде бір білікті робототехник пайда болады», - дейді журналист.

Осы жаздан бастап OYLA журналы CHIP WISSEN атауымен Германия, Австрия, Бельгия, Лихтенштейн, Люксембург, Голландия және Швейцария елдерінде жарық көреді. Бұған дейін журнал Қазақстан, Австралия, Жаңа Зеландия мен Оңтүстік Кореяда шыққан еді.

«100 жаңа есімге» қосылған тағы бір журналист Назгүл Кенжетай әскери корреспондент ретінде Еуропада жұмыс істейді. Назгүл БҰҰ және ЮНИСЕФ-пен серіктестік ете отырып, Түркияға және Сирия шет елдеріне бірнеше іс-сапарға барады. Бойжеткеннің айтуы бойынша оның мақсаты - соғысты қаз-қалпында көрсету, және жәбір көрген балалардың үнін жеткізу.

Назгүл түсірген фотосуреттер Катар, Түркия және Еуропаның т.б. елдерінде жекеменшік көрмелерде қойылды. Оның жазған мақалалары BBC-де жарияланды. Бүгінде Назгүл Еуропадағы жергілікті агенттіктер үшін түркиялық корреспондент ретінде штаттан тыс журналист болып жұмыс істейді.

Жоба жеңімпазы атанған дизайнер Мая Жұманбекова да - балалар игілігі үшін еңбек ететін жандардың бірі. Ол - «Mimioriki» тұңғыш қазақстандық балалар киімі брендінің дизайнері. 1998 жылы Мая ЖОО үздік бітіріп, «Киім дизайны» кафедрасына оқытушы болып қабылданады. Сол аралықта оны «Казахстан Тексти Лайн» ЖШС дизайнер ретінде шақырады. Осылайша, 20 жыл бойы Мая университтегі теорияны өндірістегі практикамен ұштастырып жүр. Мая Жұманбекова - маусымына 17 коллекция, жылына 34 коллекция шығаратын брендтің барлық коллекциясының авторы. Қазақстан мен Ресей қалаларында «Mimioriki» фирмалық дүкендері жұмыс істейді. Бренд «Алтын сапа-2011», «Франшиза-2011» сыйлықтарын, «Ресей сән үлгісі» байқауында 1 орын жеңіп алған, Kazakhstan Fashion Week», «Mersedes Benz Fashion Week» қатысушысы және бұл жетістіктер тізімінің бір бөлігі ғана.

Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спортты дамытуға күш салған Бақтияр Базарбеков те биылғы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанды. Ол - нашар көретін және зағип жандардың «Шектеусіз спорт» әлеуметтік жобасының жетекшісі, «Анашым» көз көру бойынша мүгедек балалар мен жастарды қолдау қорының бас директоры. Бахтияр нашар көретін және зағип жандардың 3 веломарафонын (Алматы-Астана, Алматы-Ыстықкөл, Астана-Париж) ұйымдастырған. Осылайша, марафоншылар мүгедектерді ғана емес, дені сау адамдарды да шабыттандырды.

Ал кітапханашы Ғалым Нұрланов зағип және нашар көретін жандарға брайль жүйесін және арнайы синтезатор арқылы компьютерлік сауаттылықты тегін үйретумен айналысады. Ол елордада Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада «Дыбыс жазу студиясы және Брайль» кітаптарын шығару бөлімінде кітапханашы қызметін атқарады. Жұмыс барысында кітапханадан шығатын «РБНСГ-Вести» газетінің шығарылуына өз үлесін қосты.

Ғ. Нұрланов көзінің нашар көруіне қарамастан, үнемі айналасындағы адамдарға көмектесіп келеді. Оның бір дәлелі - зағип жандарға Брайль әліппесі мен компьютерлік сауаттылықты тегін үйрететін «Саусақ ұшындағы әлем» үйірмесі. 2015 жылы Астанада Халықаралық «Ақ таяқ» фестивалінің Брайль жүйесінде оқу мен жазуда Гран-При иеленді. Жеңіл атлетикадан мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен «Үміт» спартакиадасының күміс жүлдегері атанған.

«Қоғам» бағытындағы тағы бір жоба жеңімпазы - sozdik.kz құрастырған Евгений Чуриков. Ол 20 жыл бұрын өз қаражатына қазақ тілінің электронды сөздігін әзірлеуді бастаған және қазіргі уақытта сөздікті үздіксіз дамытып келеді. Бүгінде sozdik.kz - Қазақстан интернетіндегі танымал сайттардың бірі. Оған күнделікті 50 мыңнан астам адам кіреді.

Евгений сайт құрумен ғана шектелген жоқ, ол әріптестерімен бірге iOS пен Android-қа арналған мобильді қосымшалар жасады. Мессенджерден шықпай-ақ сөзді аударуға мүмкіндік беретін Telegram-бот құрды. Қазіргі таңда сайт Қазақстандағы жалғыз сапалы электронды аудармашы және сөздік болып отыр.

«100 жаңа есім» жобасының «Медицина» бағытында нейрохирург Шыңғыс Шашкин 15 265 дауыспен көш бастады. Ол «Еуразия - қимыл бұзылуы қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақ нейрохирургтары қауымдастығының вице-президенті және хатшысы. SVS Nevro ауыр неврологиялық аурулар мен эпилепсияға қарсы күрестегі дәрігерлер мен емделушілер қозғалысының мүшесі.

ҚР нейрохирургтарының бірінші, екінші және үшінші конгрестерінің ұйымдастырған. Астанада 2011 жылы Бүкіләлемдік нейрохирургия қоғамдары федерациясының білім курстарын ұйымдастырды. 2018 жылдың маусымынан бері Шыңғыс Шашкин StandardNeurо клиникасының медициналық директоры лауазымында еңбек етіп келеді.

Жеңімпаз атанған тағы бір нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев ең күрделі оталарды жасайтын білікті дәрігер. Жас дәрігер Ресейде білім алып, Астанадағы Республикалық нейрохирургиялық ғылыми орталыққа келген. 2008-2015 жылдары ол 1500-ден аса бас миының тамырларына жоғары технологиялық ота жасады. 2016 жылдың 1 қаңтарында М. Бердіқожаев Алматы қаласына Совмин аурухананың нейрохирургиялық бөлімінің меңгерушісі болды. Соңғы үш жылда дәрігер 800-ге жуық ішкі тамыр жүйелеріне қатысты ота жасады және Алматы қаласында инсульттан көз жұму көрсеткішін 2% төмендетті.

Бүгінгі уақытта Мыңжылқы Бердіқожаев басқаратын нейрохирургиялық бөлімдер Қазақстандағы және қиыр Шығыстағы дәрігерлерді оқытатын үлкен оқыту орталығы болып табылады. Сонымен бірге, дәрігер әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, емделушілерге кеңес беріп отырады.

Жоба жеңімпазы, астаналық репродуктолог Алмас Ибрагимов өзінің «100 жаңа есім» жобасына ұсынылғанын білмеген. Ол бала сүйе алмай жүрген жұптарға көмектесіп, 5 мыңнан астам баланың дүниеге келуіне ықпал еткен.

«Қарағанды медицина академиясын оқып жүргенімде жақсы хирург болуды армандадым. Бірақ, соңғы курста жас отбасымен бірге пәтер жалдап тұрған едім. Үйленгендеріне 3 жыл өтсе де олардың балаларды болмады. Мен олармен 2 жыл тұрып, дәрігерлерге қалай барып тексерілгендігін, емделгенін көрдім. Бірақ, нәтиже болмады. Сол кезде оларға көмектескім келді», - дейді дәрігер.

А. Ибрагимов Сеченов атындағы Мәскеу медицина академиясында білім алған. Еуропада, АҚШ-та білімін жетілдірген. Қазақстанға оралған соң «Экомед» бедеулікті емдеумен айналысатын арнайы клиникаға жұмысқа тұрған. А. Ибрагимовтың емделушілері арасында Еуропа, АҚШ, араб елдерінен келген ерлі-зайыптылар да бар. Осылайша, жас дәрігер Қазақстан репродуктологиясы мен медициналық туризмді дамытуға үлес қосып келеді.

«Медицина» бағытындағы тағы бір жеңімпаз Дәурен Әділбай онкология саласында табысты еңбек етіп келеді. Ол 2012 жылы Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен қалада Қазақстандағы екінші жоғары мамандандырылған бас және мойын ісігі бөлімін құрған. Сонымен бірге, Қазақстанда тұңғыш рет ауыз және тамақ қуысы ақауларын композиттік жамауларды трансплантациялау арқылы микрохирургиялық қалпына келтіру оталарын жасаған.

Ол басшылық еткен команда қысқа мерзімде онкологиялық қызмет жұмысында үздік нәтиже көрсеткен. Оның ішінде емханаға тіркеу орны, тексеру кабинеттерінен бастап, онкологиялық диспансерлер ашқан. Бақылау және бағалау топтарын құрып, алғаш рет аймақтарға сапарлап, бақылау жасаған (Қарағанды, Талдықорған, Ақтөбек, Қызылорда, Астана т.б.). Нью Йорк, Сеул, Сингапур, Минск, Вена қалаларда өткен халықаралық конференцияларда баяндама жасаған. 2017 жылы халықаралық UICC young leaders байқауына қатысып, 7 жеңімпаздың бірі болған.

«100 жаңа есім» қатарынан көрінген стоматолог Сухраб Жапаровтың да еңбек жолы көпке үлгі. Дәрігерлер отбасында тәрбиеленген ол әліппе орнына анатомия ақтарып өскен. С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне біліп алып, медицина ғылымдпарының кандидаты атанған. Қазір ол Алматыда бесінші қалалық клиникалық емханада жақ-бет хирургы болып жұмыс істейді. Түрлі жақ-бет ауытқулары бар адамдарды, балаларды емдеумен айналысады.Негізгі жұмысқа қоса, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры жанындағы Ғылым жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары. Онда Қазақстанның жас ғалымдарын қолдаумен айналысады. 20 жылдық қызметте Сухраб Жапаров 45 ғылыми еңбек пен 9 өнертабыс патентінің авторы болған.

«Ғылым» санатында мобильдік бағдарламалар жасап, компьютерлік қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін Иван Крепакты ерекше атап өтуге болады. Ол небәрі 7 жасында «КазКоммерцБанктің» жарнамалық дизайнын жасап, табыс тапқан. Ол құрастырған шар-сапер жарғыш құрылғыны залалсыздандырады, адамдар жете алмайтын жерге барады, өртті сөндіреді. Кейінірек кез келген мекемені автоматты режимде токсиндық түтіндерден тазалайтынқұрылғы ойлап тапты.

2015 жылы қашықтықта смартфон арқылы басқарылатын тұңғыш Қазақстандық ақылды «bLock» құлпын жасады. Ым-ишара тілін білмейтін мылқау жандармен қарым-қатынас кедергісін жоюға арналған «Voice-Komek» мобильдік бағдарламасын құрастырды. Бүгінде бұл мобильдік бағдарламма 7 тілді «біледі». Бұл арқылы мылқау жандардың телефонында дәл сол мезетте мәтінді дыбыстық импульске және керісінше дыбыстық белгілер мәтінге айналады. Еуразия Ұлттық университетінде Иван сымсыз террорлық қаруды залалсыздандыратын, қауіпті жаңалық сілтемелерін таратпайтын және тест немесе емтихан кезіндегі академиялық әділдікті қамтамасыз ететін «Qiianat Etpe» портативті антитеррористік антеннасын жасап шығарды.

Кезекті жеңімпаз ғалым Әмір Қуат елімізде өндіріс пен жұмыста жарақат алу мәселесіне көңіл бөліп, өлім мен жарақат санын төмендететін БИОВ» қауіпсіздік техникасын жасаған. Оның зерттеулерінде адам қателік жіберетін заңдылықтар анықталған және нәтижесінде 2008-2016 жылдары 1,2 өлім оқиғалары зерттеліп, қауіпсіздік жүйесінің тиімділігі артқан.

Ә. Қуат өз зерттеулерімен Бейжің олимпиадасында ҚР құрамасының медаль алуына көмектескен. Онда әр спортшының биологиялық әлеуетін есептеп, кеңес берген. Ағзаның энергиялық ресурсын сақтап, оны допинг қолданбай тиімді пайдалануға және спортшыларды жарақаттанудан сақтауға көмектескен. Берілген әдістемені тұрақты негізде қолдану үшін АҚШ пен Италиядан шақыру келген, бірақ Әмір бұл әзірлеме туған елінің игілігіне қызмет етуі керек деп ұйғарды.

Сонымен бірге, жеңімпаздар қатарында физик-ғалымдар Нұрхат Жәкиев пен Серік Нұркенов бар. Нұрхат Жәкиев бүтін санды сызықтық программалауды пайдаланып энергожүйенің компьютерлік модельдерін жасаған. Бұл модельдер инвестициялық және операциялық сценарийлік талдау жасауға мүмкіндік береді. Зерттеулер ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Ұлыбритания корольдік инженерлер қоғамының, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының ғылыми зерттеулерге бөлген гранттары аясында жасалған. Жұмыстардың нәтижесі халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне қойылған.

«Болашақ» бағдарламасының түлегі Серік Нұркенов «ядролық медицина» саласы арқылы онкологиялық, кардиологиялық және неврологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтау әдісін жолға қойған. Сондай-ақ, С. Нұркенов - метастатикалық зақымдануларды анықтау мақсатында иондаушы сәулелердің ашық көздерін қолдана отырып диагностикалық зерттеу жүргізген жүрген Қазақстандағы алғашқы медицина физигі.

«100 жаңа есімнің» «Спорт» бағытында көкпаршы Александр Пупенко ерекше көзге түсті. Ол Көкпардан Қазақстан құрамасының ойыншысы, Азия ойындарының, әлем чемпионатының чемпионы атанып үлгерген. Бала кезінен жылқыға жаны құмар Александр ат спорт клубына барып, 9 жасында көпшілік алдында өнер көрсете бастайды. Ал 14 жасында көкпармен кәсіби түрде шұғылданады.

16 жасында А. Пупенко Астана құрамына алынып, жарыстарға шыққан. Қазақстанның жастар чемпионатында Пупенконың командасы қола жүлдеге қол жеткізеді. Бір жыл өткен соң, астаналық өрендер күміс алса, тіпті бір жылды араға салып, чемпион атанған. Ал Александр Пупенко 44 салым салып, үздік сұрмерген болды. Көкпар арқылы Александр қазақ тілін жетік меңгерген. Сондай-ақ, Александр Маңғыстау облысындағы «Адай Ата» командасын жаттықтырып, өзін бапкерлік қырынан да танытты.

Биылғы жоба жеңімпаздары қатарына семсерлесуші Тамила Муридова еніп отыр. Ол - жасөспірімдер мен кадеттер арасында семсерлесуден өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері, ҚР халықаралық класстағы спорт шебері. 12 жасынан бері спортта жүрген Тамила семсерлесуді ең әдемі спорт түрі санайды.

«Қазақстанда семсерлесу спорты жайлы көп адам біле бермейді. Мен елімізде бұл спорттың дамығанын қалаймын. Мысалы, Италияның орта білім беретін мектептерінің бәрінде семсерлесу бойынша сабақтар бар. Біз үшін бұл арман, әрине. Бірақ осы спорт жайлы адамдар көбірек білсе, оған қызығатындардың да саны артары сөзсіз», - дейді Тамила.

Сондай ерекше мамандық иелерінің бірі - акробат Никита Амоскин де «100 есім» жеңімпазы атанды. Никита бала кезінен спорттық акробатикамен айналысқан. Ол Қарағандыдан 45 шақырым жердегі Новодолинский кентінен жаттығу үшін күнде қалаға барған. Ал бүгінде 20 жастағы өрен халықаралық класстағы спорт шебері, екі дүркін Азия чемпионы, спорттық акробатикадан әлем чемпионы атанған.

Никитаның 60-тан аса марапаты бар. Алайда жас спортшының басты жетістігі - 2018 жылдың сәуірінде Бельгияның Антверпен қаласында жастар арасында аралас жұптар категориясындағы спорттық акробатикадан өткен Әлем Чемпионатының алтыны. Өз қаласы мен елінің мақтанышы болып жүрген Никита әрі қарай да халықаралық спорт әлемінде Қазақстанның мерейін үстем еткісі келеді.

29 жастағы жеңімпаз Ержан Сәлімгереевтің өмірі оқырманды ойлантпай қоймайды. Ол үшінші сыныпта трансформатордағы тоққа түсіп, бір қолы мен бір аяғынан айырылған. Десе де, Ержан мойымай, спортқа қызығушылық танытып, белсенді өмір сүруді қалаған.

«Мектеп бітіргенде балалар арсында «Мен Алматыға барамын, мен Астанаға оқуға түсемін» деген әңгімелер жүреді. «Мен қайда барамын?» деген ой туындады. Үйдегі жағдайды білемін. Бес адам болып бір бөлмелі жатақханада тұрдық. Сонда таңқалатыным, бір бассейннің қасында екі жыл бойы такси жүргіздім. Бірақ өмірі соның ішіне кірмеппін. Кейінірек сол бассейнде жүзуді үйрендім», - деп еске алады Е.Сәлімгереев.

Бүгінде Ержан xалықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем кубогының төрт дүркін иегері, Азия ойындарының екі мәрте жеңімпазы. Индонезияның Джакарта қаласында өткен жазғы Азияның Паралимпиадасында қос алтын медаль еншіледі. 50 метрді 31 секундта бағындырса, 100 метрді 1 минут 8 секундта жүзіп өткен. Ержанның ендігі мақсаты - Токио Олимпиадасында чемпион атану.

«100 есім» жобасының «Мәдениет» бағытында да талантты жастар көп. Олардың бірі - талантты әнші, музыкант, домбыра, саксафон, гитара және фортепианода ойнайтын Әлібек Әлмәдиев. Ол қазақ, орыс, ағылшын және француз тілдерінде еркін сөйлейді. 2011 жылы 17 жасында халықаралық «Фабрика звезд» музыкалық байқауында финалист болған. «Қазақстан дауысы», «Золотой микрофон», «Феличита», «Надежды Европы», «Россия-Казахстан: 21 век. Новые имена», «Хочу к Меладзе» және т.б. телевизиялық музыкалық бағдарламалардың лауреаты мен дипломанты атанды. Бүгінде Әлібек - танымал «Хор Турецкого» музыкалық ұжымындағы жалғыз Қазақстан өкілі.

Қазақстандағы жалғыз контртенор опера әншісі, дирижер Батыржан Смақов та ел мақтаныштарының біріне айналды. Ол Италия магистратурасын қызыл дипломмен бітірген. 2016 жылы Сирия балаларына көмек ретіндегі қайырымдылық концерттері сериясынан соң «ЮНЕСКО Бейбітшілік әртісі» атағын алған.

Оқу бітірген соң елге оралып, Астана Операсы театрында 2 рет "Возвращение Орфея" атты жеке концертін берген. Әлемнің көптеген елдерінде, оның ішінде Италия, Грузия, Франция, Египет, Иордания, Ресей, БАӘ, Польшада концерт береді. Осылайша, Б. Смақов шетелде қазақ музыкасын насихаттаумен және дәріптеумен айналысып жүр.

Кезекті жоба жеңімпазы - хореограф, педагог, қазақ хореографиясын зерттеуші Анвара Садықованы Шара Жиенқұлованың ізін жалғаушы деп атауға болады. Ғылыми айналымға «нео-қазақша хореография» терминін алғаш рет Анвара Садықова енгізген. Ол ұлттық балет өнерінің мәселелері туралы 20-дан астам ғылыми мақала жазып, үш монография, үш телевизиялық бағдарлама, үш деректі фильмнің сценарийін жазған. «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Қазақ биі» деректі фильмінің тең режиссері болған.

Анвара Садықова шәкірттерінің өзіндік қасиеттерін де аша алды. Олардың көпшілігі айтулы Халықаралық хореографиялық байқаулардың лауреаттары, Қазақстанның, алыс және жақын шет елдердің түрлі балет сахналарында жұмыс істейді. Сондай-ақ, А. Садықова қазақ хореографиясының қалыптасуы мен даму тарихы туралы материалдар, сурет және кино құжаттарын жинап-жүйелеумен айналысады. Осы жұмыспен Алматы, Астана және Қазақстанның басқа да қалаларындағы түрлі алаңдарда оннан астам фотокөрме ұйымдастырылды.

Жоба жеңімпазы, фотограф, суретші және маркетолог Әлібек Ибраев көпшілікке «Ospan Ali» лақап атымен танымал. Оның жұмыстары Миландағы EXPO-2015 Қазақстанның ұлттық павильонындағы халықаралық көрмеге қойылды. 2016 жылы Әлібек 500 фотографтың арасынан іріктеліп шығып, Париждегі «Карусель дю Лувр» сауда орталығында «Қазақстанның сұлулығы» фотокөрмесіне қатысты. Қазақстанда бірнеше жеке көрмелерін өткізді.

«Фотосуретке мен жастар саясатымен айналыстым, ұзақ уақыт бойы продюсерлік орталықта және теледидарда жұмыс істедім. Алайда, фототүсірілім арқылы әлемді қазақ тарихымен және мәдениетімен таныстыру үшін, заманауи қазақстандықтардың өмір сүру дағдысын көрсету үшін, фотограф болуды ұйғардым», - дейді Әлібек.

Әлібек қоғамдық қызметпен белсенді айналысады, әйелдердің денсаулығына және сүт безі обырына қарсы «Ерте диагностика өмірді құтқарады» атты концертті ұйымдастырған.

Гиперреалист-мүсінші Айдос Есмағамбетов халыққа силикон мүсіндерімен танылған. Әйгілі Мадам Тюссо музейін Қазақстанда ашуды армандаған. Алғаш рет 2011 жылы АҚШ-тан материал алдырып, Абылай хан мен Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсіндерін жасаған. Қазір Айдос Геннадий Головкиннің мүсінін жасап жатыр.

«Бір мүсінді толық аяқтау үшін шамамен 4-5 айдан бір жылға дейінгі уақытым кетеді. Оның әр тал шашын жеке-жеке қоямын. Бұл шыдамды талап ететін жұмыс», - дейді Айдос Есмағамбетов.

Биылғы «100 жаңа есім» жобасына енген жалғыз ақын - «Мақпал Мыса» атымен танымал Мақпал Тәжмағамбетова. Ол «Алақандағы бақыт», «Мен керекпін» және «Аспантаудың көктемі» атты үш кітаптың авторы. Өлеңдері ағылшын, түрік, татар, башқұрт, орыс, қырғыз, әзірбайжан және испан тілдеріне аударылған. Испан, әзірбайжан, орыс тіліндегі антологиялық кітаптарға енген. Өткен жылы Қазақстан Тұңғыш Президенті Қоры ұйымдастырған «Алтын тобылғы» Республикалық байқауының бас жүлдегері атанған.

Айта кетейік, «100 жаңа есім» жобасын жүргізуді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұсынды. Осы арқылы Қазақстанның дамуына қомақты үлес қосқан адамдардың нақты өмірі мысалында табыс идеяларын, меритократия мен бәсекелестік принциптерін, білім және прагматизм культын насихаттау көзделген.

Жобаның бірінші кезеңінде 2 мыңнан аса өтінім қабылданып, 102 үміткер жеңімпаз атанды. 2017 жылдың 1 желтоқсанында олармен Президент Нұрсұлтан Назарбаев кездесіп, қатысушылардың жетістіктерімен танысты. Жобаның екінші маусымында онлайн дауыс беру арқылы 29 жеңімпаз үздік деп танылды.

Соңғы жаңалықтар