«100 жаңа есім»: Тоқырап қалған ауылын тоқкөңіл еткен азамат

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстандағы Ұлан ауданының Борсағын бойлай өтетін күре жолмен Жарма ауданының Әуезов ауылынан тіке тартсаңыз - шағын ғана Шалабай ауылына ат басын тірейсіз. Қазақтың ақбас сиырының отаны атанған осы ауылда іргелі шаруа қожалық бар. Тоқырау жылдары бұл жерден араб және моңғол кәсіпкерлері асыл тұқымды ірі-қараларды таласа сатып алып кеткен екен. Ал бүгінгі күні ойсырап қалған отандық ойсылқара тұқымын өсіруді қолға алған «Шалабай» ЖШС алдағы уақытта ірі қараның басын 8 мыңға жеткізуді көздеп отыр. ...«Қазақстанның 100 жаңа есімі» қатарынан көрінген «Шалабайдың» басшысы Қуаныш Сүлейменовтың шаруалары неліктен «жұмыста емес, курортта жүрміз» дейді? Шаруалардың шат көңілінің сырын аталмыш ауылға барғанда ғана ұғынған едік.

Жас талапкерлерге грант бөледі

Серіктестік осыдан он екі жыл бұрын жұмысын бастаған. Сол тұста мектеп директоры болған Қуаныш Сүлейменов қазақтың 150 ақбас сиырын сатып алып, қызу тірлігін бастап кеткен екен. Толағай еңбектің арқасында айналдырған аз уақыттың ішінде ескі заманнан қалған базалардың қабырғалары қайта жөнделіп, ауылдың еңсесі тіктеле түсіпті.

null«Тоқсаныншы жылдары совхоз құлап, ауылдағы шаруашылықтар тарап кетті. Екі мыңыншы жылдардың басында қарапайым тарих пәнінің мұғалімі едім. Ауылдан бәрі көшіп, мекеніміз құлазып қалды. Сондықтан, «ауылды қалай да көтеру керек» деген бір ой мені әрдайым мазалап жүретін. 2005 жылы бір инвесторларға ұсыныспен шықтым. Олар жобама бірден қолдау білдірді. Ол кезде мектеп директоры едім. Серіктес инвесторлар «Өзің бастан-аяқ шаруашылықты басқарсаң қалай?» деген ұсыныс білдірді. Ақыры ойлана келе біржола кәсіпкерлікке бет бұрдым», - дейді Қуаныш Сүлейменов.

null2006 жылдан бастап кәсіпкер туған ауылында шаруашылықты қайта жандандырып, жұмыс жүргізе бастайды. «Малшың тұрақты болсын десең, жайлы жағдай жаса» дейді ол. Осы ойға нық бекіген кәсіпкер 2013 жылы ауылдан 8 шақырым жерге жұмысшыларына арнап барақ типтес жатақхана тұрғызған. Жатақхана деп жалпылай айтқанымыз болмаса, жұмысшылар тұрағын аудан орталықтарында да кезіге бермейтін қонақ үй дерсің. Мұнда жайлы асханасымен бірге, сауна, монша, демалыс бөлмесі бар. Онда бильярд және үстел теннисі және бар. Кешкі беске дейін малын жайғап болатын малшыларға осы жерде уақытын қызықты өткізуге барлық жағдай жасалған.

null«Жатақхананы тұрғызғалы бері жұмысшыларымыздың еңбекке деген құлшынысы арта түсті. Біздің ұстанымымыз ең бірінші - мал емес, алдымен - адамның тұрмысын түзеу, ауыл халқының жағдайын жасау, ауылды көркейту. Сол ұстанымға берік шаруашылығымыз өркендеп келеді. Қазір асыл тұқымды ірі-қараның басы 4 мыңға таяп қалды. Негізінен етті бағыттағы асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырларын өсіреміз. Бүгінгі күні екі нүктеде 180-дей жұмысшы нәпақасын тауып отыр. Қазақтың ақбас сиырымен бірге, қой, жылқы, үйрек-қазға дейін өсіреміз. «Шалабай» шаруа қожалығындағы жұмысшылардың орташа айлығы - 100-110 мың теңге. Малшылар ауысым бойынша еңбек етеді. Баққан бұзауының салмағын 3 центнерден асырса, малшыларға қосымша сыйақы табысталады. Қыста да жұмыс қарқынды. Себебі, механизаторды күзден кейін жұмыстан босатсақ, көктемде кадр тапшылығы туындауы мүмкін, - дейді қожалық басшысы.

nullАуылдан көшкен тұрғындардың үйін сатып алып, қожалық басшысы жөндеу жұмыстарын жүргізген екен. Ол үйлер қазір жұмысшыларға берілген. Айлық уақытынан кешіктірілмейді. Ауылда қожалық ашқан дәмхана мен дүкен де бар. Жұмысшылар кез келген уақытта айлық есебінен сауда жасап жүреді.  

nullСеріктестіктің тағы бір қолға алған игі ісі - тілек білдіруші ауылдың мектеп бітірген талапкерлеріне грант бөлу жұмысы. Мал шаруашылығының білікті мамандарын даярлау мақсатында жыл сайын ауылдың ниет білдірген мектеп түлектерін қожалық қалаларға оқуға жібереді. Талапкерлердің әке-шешесімен келісіп, оқу орнымен екі жақты келісімшартқа отырған серіктестік қажетті кадр мәселесін осылай шешіп отыр.
«Осында мал баққалы 2 жыл болды. Бес баланың әкесімін. Бір айда 15 күн осындамыз. Қыстыгүні шөп пен көмір қажет жағдайда басшылықтың техникамен көмектесетіні жақсы. Жағдайымыз жаман емес. Ауылда өз малым да бір отбасыма жетерлік, - дейді сиыршы Қайрат Жақыпов.

Серіктестіктің негізгі табыс көзі - асыл тұқымды ірі-қараны сатудан түседі. Шаруа қожалықтың қаржы жөніндегі директоры Светлана Дәулетованың айтуынша, 4 жастан асқан қазақтың ақбас сиырының салмағы 800 келіден, бұқасы бір тоннадан асады. Қазіргі уақытта қожалықта ірі-қарадан бөлек, ұсақ мал мен жылқы да бар.

«Қожалықтағы бар малды жем-шөппен өзіміз қамтимыз» дейді қожалық басшысы. Егін даласында еңбек ететін елу адам арпа-бидай егіп, шөп шабады. Екі жыл бұрын қожалық Ресейден тритикале атаулы бидай гибридін әкеліп, өңірдің климаттық жағдайына бейімдеу жұмыстарын қолға алған. Себебі, осы уақытқа дейін егілген кезеңдік бидайдың шығымы топырақтың құнарсыздығынан төмен болып тұр. Сонымен қатар, тұрақты түрде көпжылдық шөп, жоңышқа мен жымық өндіру үшін шемішке егу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.   

nullnull Қожалық басшылығы малды асылдандыру жұмыстарын ұмыт қалдырған емес. Қазақтың ақбас сиырын көбейтудің өзекті де өткір мәселесін біріге көтеріп, шешім табу үшін жылына екі рет республикалық семинар өткізіледі. Мұндағы семинардың ерекшелігі - еліміздің барлық өңірлерінен келген қожалық басшылары теория жүзінде біліктіліктерімен ғана емес, практикалық тұрғыда әдістерімен де бөлісе алады.  

Ауыл аман, ел ырза  

Мал шаруашылығын қолға алған ірі серіктестіктерден бастап, шағын шаруа қожалықтарының бірқатарында бір-біріне ұқсас түйінді мәселе бар. Ол - малшыны тұрақты түрде ұстап тұру. Кәсіп иелерінің  көбі мал бағушы отбасыны жалдауға жүгінеді. Ал «Шалабай» ЖШС түйінді шешудің тіке жолын тапқанына біз куә болдық. Себебі, қожалық шаруаларының еңбекке деген ерекше ықыласын, адалдығын жүздерінен жазбай тануға болады.

null«Шалабай» серіктестігі бастауыш сыныптарының балаларына жазғы лагерь ұйымдастыру үшін жыл сайын өз бюджетінен миллиондап ақша бөледі. «Ақжелкен» лагерінде бүлдіршіндер бес уақыт тамағын ішіп, туған өлкесін армансыз аралайды.

Шалабай ауылының іргесінің сетінеп кетпеуіне «Шалабай» серіктестігінің қызу тірлігі тікелей мұрындық болып тұрғанына көзіміз жетті. Сөз соңында қожалықтың жұмысына табыс, алдағы жоспарларының орындалуына сәттілік тілегіміз келеді.

 

  

Соңғы жаңалықтар