100 жаңа есім: Тіл мүкістігі бар балаларға арналған мультфильмдер жасаймын

None
None
ШИЕЛІ. ҚазАқпарат - «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бойынша жеңімпаз атанған педагог-психолог, аудармашы Сымбат Әбдірахманова Шиелі ауданының Ботабай ауылының тұрғындарымен жүздесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті. Жергілікті жастарға алға мақсат қою қажеттігіне тоқталды. Оны белгілі айтыскер ақын Мұхтар Ниязов жүргізіп отырды.

Сымбат Әбдірахманова бірнеше тілді меңгерген, педагог-психолог. Ол қазіргі таңда ЮНИСЕФ-тің жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу жобасы бойынша бірнеше ғылыми мақалалар жазып, әдістемелік құрал дайындаған. Сондай-ақ, ол ешқандай қаржы қажет етпейтін мультфильмдер дайындаумен айналысып келеді. Әсіресе тіл мүкістігі бар балаларға арналған мультфильмдерін мамандар сабақ барысында пайдаланып жүр.

«Еліміздің баянды болашағын қамтамасыз ету мен саяси экономикалық даму қарқынын сақтап қалудың алғы шарты рухани жаңғыруда жатыр. Мен облыстағы тіл мүкістігі бар балаларға арналған мультфильмдерді дайындауға көңіл бөлдім. Сол еңбегім бағаланды. Жоба жеңімпазы атандым», - деді С.Әбдірахманова.

Аталмыш шара барысында ауыл тұрғындары қазақ дәстүрінен көріністер көрсетті. Жас өрендер ұлттық музыкалық аспаптармен күмбірлете күй төгіп, әсем әнді әуелетті.

Естеріңізге сала кетелік, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар. рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде қолға алынған. Соңғы екі жылдан бері аталмыш жобаға Сыр өңірінен 200-ден астам үміткер қатысты. Олардың арасында 2017 жылы ғалым Александр Подольских, спортшы Әсел Дәлиева, педагог-психолог, аудармашы Айдос Сайлығараев жеңімпаз атанса, 2018 жылы әскери журналист Назгүл Кенжетай, кәсіпкер Айдос Сайлығаарев сондай биіктен көрінді.

Соңғы жаңалықтар