Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 377.62 EUR 426.03
RUB 5.67 CNY 55.78
Jańalyqtar

«100 жаңа есім»: Табысқа жетудің құпиясы неде?

2019 жылғы 14 ақпан 12:31 681
Бөлісіңіз:
«100 жаңа есім»: Табысқа жетудің құпиясы неде?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың емен-жарқын отырып, шешіле сөйлеген кездерін жиі көре бермейміз. Әлбетте, Президент болғаннан кейін барынша ұстамды, салмақты болуы қажет секілді. Арқаны кеңге жайып, әңгіме айтуға уақыт та жоқ сияқты көрінеді. Дегенмен, Елбасы жастардың ортасына түскенде ерекше бір сезімге бөленіп, шешіліп сөйлейді, ойда жүрген мәселелердің бәрін іркілмей жеткізуге тырысады. Балалық шағындағы естеліктерінен бастап, Президенттікке жету жолындағы тәжірибесін де айтып отырады. Яғни, шынайы өмірдің қызықты әңгімелері, тағылымды дүниелер осындайда көп айтылады. 

Ұқсас жаңалықтар
Президент саясаттың негізгі бағытын атады Байрағы жерде тапталған ел көрдім - әскери журналист Назгүл Кенжетей

Биыл да Жастар жылын ашқанда Нұрсұлтан Әбішұлының біраз әңгімесіне жұрт қанықты. Ал күні кеше «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңінде жеңімпаз атанған жастармен кездесуде Президент кезекті рет қызықты оқиғалармен бөлісіп, жастарға ақыл-кеңесін берді. ҚазАқпарат тілшісі де өткен жылдың қорытындысы бойынша жаңа есімдердің қатарына енген азаматтармен танысып, Мемлекет басшысының әңгімесін тыңдап қайтқан болатын.
«100 жаңа есім»: Табысқа жетудің құпиясы неде? 

Биылғы шара да жастардың өзін-өзі таныстыру форматында өтті. Нұрсұлтан Назарбаев үстел басында отырса, жеңімпаз атанған жастар ортаға шығып, өз жетістіктері жайында баяндады. Осы жолы «Пифагор» атты қосымша білім беру мектебінің негізін қалаушы Асан Жолдасов Мемлекет басшысының алдына бірінші болып шықты.

«Қазір мен 29 жастамын. «Пифагор» компаниялар тобын 10 жыл бұрын ашқан едім. Ол кезде 19 жаста болдым. Сонда анам ылғи айтып отыратын, сен біздің тірегіміз боласың, бізді асырайсың деп. Осы сөздерден кейін мен биік белестерді бағындыруға күш салдым. Құласам да, қайтадан тұрып, нақты нәтижеге жетуді көздедім. Иә, әкем болғанда, өмірдің қай арнасына түсетін едім? Оны да жиі ойлаймын. Бірақ қазір ойлап қарасам, дәл осы жағдай мені қайрап отырды, алға қарай жетеледі. Осы жолда маған көп адам көмектесті. Сондықтан қазіргі нәтиженің бәрі - сол адамдардың арқасы. Әрине, оқушылардың жетістіктері де күш береді. Ендігі мақсатым - отбасы құру», - дейді Асан Жолдасов.
«100 жаңа есім»: Табысқа жетудің құпиясы неде? 

Оның айтуынша, «Пифагор» қосымша білім беру мектебінде математикаға басымдық беріледі. Компаниялар тобында 136 мұғалім мен ментор жұмыс істейді. Ал білім алып жүрген балалардың саны 1500-нан асты.

«Мектептен кейін олардың барлығы бізге жүгіреді. Мысалдарды шешіп, өзара бәсекеге түскенді қызық көреді. Ал ауыр есепті шығарса, қатты қуанады. Бізде дарынды балалар көп. Үздік деп танылғандарға грант та береміз. Осы уақытқа дейін мыңдаған оқушы халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы атанды. 300 рет алтыннан алқа тақты. Мен өзім бас кезінде педагогиканы ұнатқан жоқпын. Қазір осы мамандыққа бар жанымды саламын», - дейді А.Жолдасов.

Осыдан кейін сахнаға 29 жастағы Ержан Сәлімгереев шықты. Ол үшінші сыныпта оқып жүргенде трансформатордың ішіне кіріп, тоққа түсіп қалған екен. Сол кезде бір қол және бір аяғынан айырылған.  

«Ауруxанадан үйге алып келгесін мұғалімдер үйде оқытатын болды. Артынан допты үйрендім. Ауада ұшып бара жатқан допты таяқпен тірей қоямын. Басқа жігіттерді алдап кетемін. Олар намыстанып, менің таяғымды бір теуіп, сындырып тастайды. Соның бәрі ауыр тиді маған. Мектепті бітіргеннен кейін балалар арсында «Мен Алматыға барамын, мен Астанаға оқуға түсемін» деген әңгімелер жүреді. «Мен қайда барамын?» деген ой туындады. Үйдегі жағдайды білемін. Бес адам болып бір бөлмелі жатақханада тұрдық. Сонда таңқалатыным, бір бассейннің қасында екі жыл бойы такси жүргіздім. Бірақ өмірі соның ішіне кірмеппін. Артынан жүзуді үйрендім», - деп еске алады Е.Сәлімгереев.
«100 жаңа есім»: Табысқа жетудің құпиясы неде? 

Бүгінде Ержан xалықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем кубогының төрт дүркін иегері, Азия ойындарының екі мәрте жеңімпазы. «Спорт менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Қайсар мінезімнің арқасында ешқандай қиыншылықтарға қарамай, алдыма майқсат қойып, күнде жаттықтым. Бүгінде үлкен жетістіктерге жетіп отырмын. Индонезия елі Жакарта қаласында өткен жазғы Азияның Пара ойындарында қос алтын медаль еншіледім. 50 метрді 31 секундта бағындырсам, 100 метрді 1 минут 8 секундта бағындырдым. Бұл - менің жеке рекордым. Ендігі мақсатым - Токио Олимпиадасында чемпион атану», - дейді Е.Сәлімгереев.

11 сыныпты бітіргенше бақандай 10 мектеп ауыстырған жас кәсіпкер де жиналған жұртты бей-жай қалдырмады. Ол да «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңіне өткен. 34 жастағы Ларион Лян  бала кезінде анасына көп қиындық көрсеткен екен. «Шынын айтайын, менің проблемам көп болды. Басқа балалардың ата-аналары менімен араласуға рұқсат бермеді. Ондай да болды. 11 сыныпты бітіргенше 10 мектепті ауыстырдым. Жоғары білімім де жоқ. Дегенмен, анам маған сенді. Мені адам болады деп үмітін үзбеді. Қазір менің тамаша отбасым бар. Кәсібім де жүріп жатыр. Мен - бақыттымын!», - дейді Л.Лян.


«100 жаңа есім»: Табысқа жетудің құпиясы неде?  

Оның айтуынша, табысқа жету жолында қиындықтар да, қателіктер де көп болды. Бірақ ол мойымады, ақша қумай, абырой үшін жұмыс істеуге тырысты. «Бүгінде біздің xолдингіміз 12 бизнес бағытты қамтиды. Біз барлық облыстарда жұмыс істейміз. 350-ден астам корпоративті клиентіміз бар. Біз 6 мыңнан астам жұмыс орнын аштық. Әлі есімде, болашақ жарыма үйленемін дегенде оның анасы отбасыңды асырай аласың ба деп сұрады. Осы сөздер мені қайрады. Мен кез келген жұмысты ала бердім. 2 мың теңгеге пәтерді жинаған кездерім де болды. Ал осы жұмысты сапалы жасағаннан кейін бізге ірі бір банктен үлкен тапсырыс түсті.  Сөйтіп, ол банктің 17 аймақтағы барлық филиалдарын жинай бастадық. Енді, ол кезде қажетті құрал-жабдықтар да, әрбір аймақта адам да болмады. Бірақ біз достарымызға, туған-туыстарымызға телефон шалып, жан-жақтан адам іздедік. Таптық. Сөйтіп, үлкен тапсырысымызды орындауға кірістік», - деді Л.Лян.

Ал спорттық акробатикадан әлем чемпионы Никита Амоскин өзінің жеңіске жету жолын баяндағанда Президент маңызды бір мәселеге назар аударды. Н.Амоскин Қарағандыдан 45 шақырым шалғай жерде орналасқан Новодолинский кентінде тұрады екен. Мектепте оқығанда күнде жаттығу жасау үшін қалаға барып отырыпты.
«100 жаңа есім»: Табысқа жетудің құпиясы неде? 

«Сонда жолдастарым «жаттығуды қайтесің, барып қыдырайық» дейді. Барғым келіп тұрады. Бірақ киімдерді жинап, жолға шығамын. Достар әлі күнге дейін звондайды. Анда-мында шақырады. Алайда мен шықпаймын. Жаттығуларға әбден үйреніп қалдым. 9 жастан бастап солай. Аптасына алты рет жаттығуға барып жүремін. Сөйтіп, мен және менімен бірге жаттығатын Анастасия Догонюк екеуіміз спорттық акробатикадан алғаш рет әлем чемпионы атандық. Иә, менің әрбір күнім таңғы сағат алтыдан басталады. Уақыт аз. Дегенмен, жақсы көретін қызыма уақыт тауып отырамын», - дейді Н.Амоскин.

Чемпион өзінің табысқа жеткені туралы айтып жатқанда Мемлекет басшысы маңызды бір мәселеге назар аударды: «Табысқа жету үшін бір нәрсені үнемі жасап отыру қажет. Бір жұмысты бастағаннан кейін шамалы уақыт жасап, шаршадым деп тастап кетсең, ештеңе шықпайды. Дұрыс па? Ал ол жұмысты он жыл үздіксіз істесең, сөз жоқ, арманыңа жетесің».
«100 жаңа есім»: Табысқа жетудің құпиясы неде? 

Президент 11 сыныпты бітіргенше 10 мектепті ауыстырған жас кәсіпкердің жолын да еске салып, ақшаны адал жолмен табудың маңыздылығына тоқталды.

«Мен жастарға ылғи айтамын. Біреудің пәтерін жинап, ақша тапқан намыс емес. Ал жұмыссыз жүрген ұят. Жұмыс толып жатыр. Біреудің баласын бағу керек, біреудің үйін жинау қажет. Енді біреулер тамақ істеп бергенге ақша төлеуге дайын. Ақша табудың жолдары көп», - дейді Н.Назарбаев.

Осы орайда Мемлекет басшысы көше сыпырушы туралы бір хикаяны айтып берді. Ол жігіт ірі банк ғимаратының айналасын жинаған екен. Бір күні банк басшылығы өз қызметкерлерін біліміне қарай тексеріп шығуды ұйғарыпты. Сөйтіп, оны да шақырып, қол қоюды сұрайды. Жаңағы көше сыпырушысы қол қоя алмаймын, саусақтың ізін ғана қалдыра аламын дейді. «Сонда сен мектепте оқыған жоқсың ба?», - деп сұрайды банкирлер. «Жоқ», - дейді ол. «Жоғары білімің де жоқ па?», - деп сұраса, «Жоқ», - деп жауап береді. Банк басшылығы оның сыпайы, ізетті әрі өз жұмысын үлкен жауапкершілікпен атқарғанына қарамастан жұмыстан шығарып жіберді. «Бізге білімі жоқ бар адам керек емес» дейді.
«100 жаңа есім»: Табысқа жетудің құпиясы неде? 

Осыдан соң, көше сыпырушы жігіт біраз уақыт жұмыс іздеп жүреді. Сосын өзі сияқты адамдарды тауып алды да, көше жинайтын компанияны құрды. Аталған компания қалада ең үздік кәсіпорындардың қатарына енді. Ал көше сыпырушысы ең бай адамға айналды. Бір күні оны бұрын жұмыс істеген банкке қайтадан шықырыпты. «Сіздің есепшотыңызда осыншама ақша бар, қол қоюыңыз қажет», - дейді екен. Сол кезде ол мен қол қоя алмаймын, тек саусағымның ізін ғана қалдырып кетемін депті. «Сонда сіз мектепте оқыған жоқсыз ба?», - деп тағы сұрайды. «Жоқ», - дейді. Жоғары біліміңіз де жоқ па? Жоқ. «Бай адамға қалай айналдыңыз?», - деп сұраса, «Мені жұмыстан шығарып жіберген бір банкирдің арқасында осындай деңгейге жеттім», -  деген екен.

«Сондықтан мен үнемі осы бір маңызды мәселені айтып отырамын. Кей адамдар Оксфорд, Кембриджді бітіріп келеді. Бірақ ешқандай жетістікке жете алмайды. Барлығы адамның өзіне байланысты. Мақсатқа жетуге тырысу қажет. Арманы болуы керек. Арманын орындаған адам ғана өзінің ойлаған ойына жетеді. Ашығын айту керек, бірнеше институтты бітірген адамдар келіп, төрт дипломын көрсетеді. Сонда бір дипломды пайдаға жарата алмасаң, төрт дипломның қажеті қанша? Онымен мақтануға бола ма?», - дейді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы АҚШ президенті болған Кеннеди әулетінің бала тәрбиелеу дәстүрін де айтып берді.

«Кеннеди әулетінде төрт ұл бала болды. Сонда күнде таңғы астың үстінде отырғанда әкелері маңызды бір мәселені айтып отыратын. Болашақта кім болатындарың маңызды емес. Шопыр ма, тракторист, машинист пе, жүк тасушы ма, ең бастысы, бастаған ісіңнің шыңына жете білу керек. Адамның өмірі тым қысқа. Бір ғана нәрсені аяғына дейін жеткізуге уақыт бар. Ал барлық мамандықтарға жабыса берсең, ештеңе шықпайды», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
«100 жаңа есім»: Табысқа жетудің құпиясы неде? 

Мемлекет басшысының айтуынша,  бүгінде жасанды интеллект, ақпараттық теxнологиялар, биоинженерия, нанотеxнологиялар сияқты салаларға басымдық беру керек. Себебі дәл осы салалар бізді алға жетелейді. Осыған байланысты ЭКСПО көрмесі өткен жерде стартаппен айналысатындарға үлкен зертxаналар ашылды. Осы саладағы жобалардың авторлары коммерциялық пайда тапсын деп, жан-жақты көмек көрсетіледі.

Шыны керек, Советтер Одағында бәрі басқаша болды. Президент сол кездегі қиыншылықтарды да еске алды. Президентке жету құпиясын да ашып берді.

«Менің өмірбаянымды білесіздер, сауатсыз шаруаның баласымын. Әкем де, анам да мектепте мүлдем оқымаған. Мен сияқтылар Қазақстанда өте көп болды.  Соғыстан кейінгі жылдары бәрі жетіспейтін. Тамыз айының соңында  анам «Зингер» машинасына отырып, мектепке баруым үшін шалбар, көйлек тігетін. Мектепке арналған сөмкем де қолдан тігілетін. Қарнымыз тойып тамақ ішпейтінбіз. Оңтүстікте өскеннен кейін  жаз айларында алма, қияр, қызанақ жейтінбіз. Тоя тамақ ішпегеннен кейін  деніміз сау болып өскен де шығармыз», - деп еске алды Н.Назарбаев.
«100 жаңа есім»: Табысқа жетудің құпиясы неде? 

Мемлекет басшысы мектепті медальмен бітіргеннен кейін екі бөлмелі саман үйде тұратын әке-шешесіне көмек көрсету үшін металлургия саласына жұмысқа барғанын айтты.

«Еш уақытта Президент боламын деп ойлаған емеспін. Бірақ, жұмысымды адал істеуге тырыстым. Мені бағалап, жоғарылатты. 19 жасымда өндіріс озаты  болып, комбинат мені өз қаражаты есебінен қазіргі Қарағанды политехникалық университетіне оқуға жіберді. 20 жасымда Хельсинкиде өткен Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестиваліне делегат болып қатыстым. Сөз сөйлеуге, барлығымен кездесуге үйрендім. Кездейсоқ саясатқа араласып, енді, міне, Президентпін»,  - деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Кешегі кездесуде Президенттің алдында «100 жаңа есім» жобасының басқа да жеңімпаздары сөз сөйледі. Олардың ішінде нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев, дәрігер-репродуктолог Алмаз Ибрагимов, әскери журналист Назгүл Кенжетай және тағы басқа өз кәсібінің білгірлері бар. Жалпы, өткен жылы жоба кеңсесіне 2388 өтініш түскен екен. Онлайн дауыс беру арқылы жобаның 29 жеңімпазы анықталды.
«100 жаңа есім»: Табысқа жетудің құпиясы неде?  

Дегенмен, «100 жаңа есім» жобасы осымен тоқтамайды. Мемлекет басшысы аталған бастаманы ары қарай жалғастыруды тапсырды.

«Негізі, «100 жаңа есім» жобасын екінші рет өткзіп отырғанымыз өте дұрыс. Сондықтан біз оны ары қарай жалғастыратын боламыз. Себебі оған өткен азаматтар жастарға, барлығымызға үлгі болып отыр. Өмірде алынбайтын қамал жоқ. «100 жаңа есім» жобасы осының дәлелі. Олар туралы айту керек. Оларды көрсету керек. Әрбір адам - жеке роман, өз алдына бөлек фильм. Жастарды осы тәжірибенің негізінде тәрбиелеу керек. Мен ылғи айтамын, адамның мүмкіндіктері шексіз, кез келген нәрсені істеуге болады», - дейді Н.Назарбаев.
«100 жаңа есім»: Табысқа жетудің құпиясы неде?

 

 

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Арман Асқаров

Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
MURAǴAT