«100 жаңа есім»: Ресейде 48 адамды өрттен құтқарған Семей тұрғыны жеңімпаз атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осыдан бір жарым жыл бұрын Ресейде 48 адамды өрттен құтқарған Семей қаласының тұрғыны Ержан Амарханов «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының үшінші кезеңінде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылдың тамыз айында тіркелген оқшау оқиғаны сол тұста қазақстандық және ресейлік БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушылары жарыса жазған еді. 28 жастағы Ержан көлік сатып алу үшін «Семей - Новосібір» бағытындағы автобуспен жолға шыққан. Бірақ түнгі сағат үшке таяу Алейск қаласының тұсында автобустан өрт шыққан. Бұл уақытта жолаушылардың барлығы тыныш ұйқыда жатқан екен. Өрт тұтанғанын тек Ержан ғана байқапты. Ол бірден жүргізушіге автобуста өрт шыққанын хабарлап, көлікті тоқтатқанша жолаушылардың біразы түтінге уланып үлгерген. Ержан осылайша, ашылмаған есікті теуіп ашып, санаулы секунд ішінде баладан қарттарға дейін бәрін сыртқа алып шыққан. Автобус толығымен жанып кеткен.

«Қазір ойланып отырсам, бала кезден спортпен айналысқанымның арқасында сол тұста адамдарды құтқара алдым деп ойлаймын. Бапкерлеріміз адамдарға көмектесіңдер, мұқтажға қол ұшын созыңдар деп үйретті. Спорттың арқасында аман қалдық», - дейді ҚазАқпарат тілшісіне Ержан Амарханов елордада «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының үшінші кезеңіне орай өткізілген жиыннан кейін.

Еске сала кетейік, Ержан Амарханов былтыр Ресейде өртке оранған автобустан 48 адамды 1 минут 45 секундта құтқарған болатын. Сол кезде аман қалған жолаушылар әлі күнге дейін Ержанға хабарласып, жағдайын біліп тұрады екен.

Ерлік ескерусіз қалған жоқ. «Ланкастер» атты алматылық компанияның басшылары Ержанға Семей қаласынан үй алып беріпті. Ал Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов 1 миллион теңге табыс еткен. Тағы бір жергілікті кәсіпкер Бауыржан Қайрамбаев та қайырымдылықтан тыс қалмай, Ержанға көмектесті.

Ержан қазіргі таңда Семейде балаларды күреске баулиды. Қайырымдылықпен де айналысады. Жақында қала шетінде жалғыз тұратын 90 жастағы әжені қамқорлығына алып, Facebook арқылы жылу жинаған.

Еске сала кетсек, елордада «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының үшінші кезеңі өтті. «Қазақстанның жаңа есімдері» жобасының мақсаты - тәуелсіздік жылдары Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан адамдардың тарихы мысалында табыстылық, бәсекеге қабілеттілік, прагматизм және білімге табыну идеяларын ілгерілету.

Биыл жобаға қатысу үшін 1673 анкета қабылданған. Жалпы, барлық қатысушыға 700 мыңнан аса дауыс берілген. Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша биыл 32 жеңімпаз анықталды.


Соңғы жаңалықтар