«100 оқулық»: Дерек Джонстонның кітабы қазақтілді философияға еуропалық көзқарас енгізеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «100 жаңа оқулық» жобасы негізінде аударылған 18 оқулықтың ішінде қазақ тіліндегі философияның қоржынына түскен төрт оқулық - бізге үлкен олжа. Десе дегендей, философия бұрын бізде қазақ және орыс тілдеріндегі оқулықтармен шектелгенімен, енді қазақтілді философияға тың ойларымен еуропалық көзқарас еніп келе жатыр. Әйгілі Дерек Джонстонның кітабын аударған әл-фараби атындағы ҚазҰУ Философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Гүлжихан Нұрышева осындай пайымды келтіреді. ҚазАқпарат тілшісі осы ретте профессормен аударма барысы туралы әңгіме өрбітті.

«Философиядан қазақтың қоржынына төрт оқулық түсті. Бұл - Энтони Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы. Антика философиясының» І-томы және «Батыс философиясының жаңа тарихы», Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы», Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін» кітабы. Біздің аударғанымыз - осы Дерек Джонстонның еңбегі. Аудармашы екеу болдық. Мен бұған дейін «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында түпнұсқаларды аударғанмын. Сонда көзімнің жеткені - аудармашының саны аз болған сайын аударылған еңбектің де сапасы арта түседі екен. Сондықтан, өзімнің қасыма тек бір аудармашыны таңдадым. Менімен бірге аталмыш туындыны кафедрамыздың доценті Гаухар Әбдірасылова аударды. Кітап аудармасында ғылыми редактор өзім болдым», - дейді Гүлжихан Нұрышева.

Профессордың айтуынша, кітапты түпнұсқадан аударған кезде ағылшын тілін білумен қатар, сол саланың маманы болу керек. Аталмыш кітапты аударуға бел буған топ өткен жылдың маусым айында жұмысқа кірісіп кеткен. Жұмыс тобының құрамында әдеби редактор Қарагөз Сімәділ мен Сәкен Сыбанбай, ал жауапты шығарушы Есей Жеңісұлы болған.

«Осы топпен ұйымшыл түрде бір-бірімізді түсінісіп, жұмыс атқардық. Пікірталас тудыратын өзекті мәселелер бойынша үнемі ақылдасып отырдық. Себебі, терминдерді дәл аудару, мазмұнын дәл жеткізу - біз үшін өте маңызды болды», - дейді Гүлжихан Нұрышева.

Жалпы философиядан қазақша терминдер сөздігі бұған дейін де жарыққа шыққан. Бірақ, соның өзінде де қате аударылып кеткен терминдер бар екен. Аударма тобы осы терминдерді нақтылап, негізінен сол сөздікке сүйенген.

«Аударма барысында мен өзім философия институты директорының орынбасары, философия ғылымдарының докторы, профессор Серік Нұрмұратовпен кейбір терминдер бойынша үнемі ақылдасып отырдым. Себебі, бұл деген жақсы мүмкіндік. Ғылыми айналымға енгізу үшін бірнеше терминді аударып алдық. Жауапты редакторға ұсынып, қайтадан өңдеп алған терминдеріміз болды. Олар онша көп емес. Себебі, Президенттің қатысуымен өткен жиында Елбасының өзі терминдердің барлығын бірдей қазақшалаудың қажеті жоқ екенін айтқанын білесіздер. Мен де солай ойлаймын. Басында философия немесе басқа сала болсын бәрін қазақ тіліне аударып жіберуге тырыстық та, қазір қарап отырсақ көптеген терминдерді қалдыруға болады екен», - дейді профессор.
null

Кітапты аударуға кіріскен топ философиялық ортада қалыптасып қалған терминдерді қалдырған. Мәселен, «материя», «форма», «субстанция» деген терминдер сол күйінде енгізіліп, кейбірі нақтылана түскен.

«Мысалы, «реалити» деген сөзді «реалдылық» деп бұрын аударып жүргенбіз. Оны ойлана келе ақыры «нақты дүние» деп алдық та, оны біздің белгілі философтар мақұлдады. Ницшенің бұрын «Ең жоғарғы адам» деген термині бар-тын. Оны «асқақ адам» деп өзгерттік. Ол да бір жақсы аударылған термин болды деген ойдамын. Қазіргі уақытта Энтони Кеннидің кітабының үшінші және төртінші томдарын аударуға кірістік. Ол жерде де аудармашы саны аз. Ұлттық аударма бюросы алғашқы кезеңнен кейін аудармашыларды өздері іріктеді. Бюродан маған қайта ұсыныс түсіп, Энтони Кеннидің  үшінші томын өзіме алып, төртінші томды қазақша, орысша, ағылшынша жақсы білетін Ақмарал Байдлаеваға тапсырдым. Екі кітаптың да ғылым редакторы өзім. Екі кітапты аударуға қазірдің өзінде кірісіп кеттік. Сондағы байқағаным - бұрынғыдай емес, аударма жеңіл келе жатыр. Яғни, философиялық терминдердің бізде айтарлықтай қоры қалыптасып қалды», - дейді ол.
null

Профессор өз сөзінде жалпы, ағылшын тіліндегі оқулықтар өте ыңғайлы да ықшам жазылғанын айтады.

«Мысалы орыстілді оқулықтарда адам деген жалғыз сөзді «қоршаған ортада өмір сүріп жатқан адам» деп береді. Ал ағылшындар бір ғана сөзбен, яғни «адам» деп береді. Сөз өзінен-өзі түсінікті. Сол секілді зат немесе құбылысты суреттеген кезде де орыс тілінде көптеген ұзақ суреттеуден құралған сөйлемдер бар. Ал ағылшындар ойын өте ықшам түрде жеткізеді. Басында бізге онша ыңғайлы болмады. Бірақ, сол мәнерге біз де ілесіп кеттік. Ары қарай бізге жеңілдеу болды», - дейді профессор.

Қазірдің өзінде «Философияның қысқаша тарихы» студенттерге оқулық ретінде қолданып жатыр.
null

«Бір ғана оқулықты біздің салада бірнеше пәнде қолдануға болады. Мысалы, біздің кафедрадағы студенттерге «Мамандыққа кіріспе», «Философия тарихы», «Қазіргі заманғы философия», «Ғылымның тарихы мен философиясы» (магистратурада), «Философиялық антропология» және «Рухани интеллект» (докторантурада) пәндеріне қолданып жүрміз. Сонда қарасаңыз, бір оқулықтың өзі қазірдің өзінде оннан аса пәнді оқыту барысында оқытылуда. Философия саласында оқулықтар жоқ деп айтуға әсте болмайды. Менің өзім ҚР Білім және ғылым министрлігімен барлық оқу орындарына ұсынылған «Философия» деген оқулықтардың авторымын. Қарап отырсақ, аударма бізге өте қызықты әрі пайдалы болды деп айтуға болады. Олар (ағылшындар) біз секілді ойын қатып қалған жүйемен баяндамайды. Джонстон оқырманымен үнемін тілдесіп отырады. Керек жерінде әзілді де сәтті қолданып отырады екен. Оқырманына үнемі сұрақ қояды. Бір сөзбен, жоғары сыныптың оқушыларына, студенттерге қызықты болу үшін, философияға қызыққан кез келген адамға түсінікті етіп жазған. Яғни, бұл оқулықтар қатып қалған қасаң қағидаттардың сеңін бұзады», - дейді профессор.

Гүлжиһан Нұрышева сонымен бірге «Рухани жаңғыру» мақаласы алғаш жарияланған кезде өте риза болғанын айтады.

«Мақалада көптеген «прагматизм», «сананың ашықтығы» секілді философиялық терминдер келтірілген. Сананың ашықтығы деген осы - бұрын философияда қазақша және орыс тілдеріндегі оқулықтармен жүрсек, енді ағылшыннан, немісшеден, француз тілінен кітаптар тікелей аударылып жатыр. Бұның өзі керемет жұмыс деп айтуға болады», - деп түйді ол.

Соңғы жаңалықтар