«100 оқулық» арқылы қазақтілді студенттер ғылыми әлеуеттерін арттыра алады - сарапшы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне аударылатын 100 оқулық - ұлттық аударманың метедологиялық тұрғыдан негізін қалап жатыр. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының  сарапшысы Серік Бейсенбаев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің қазіргі Қазақстанның дамуының негізгі алғышарты - интеллектуалдық әлеуетімізді арттыру болып табылады. Бұл мақсатты орындау үшін біз ең алдымен гуманитарлық саладағы әлемдік білімге қол жеткізуіміз керек. Осы бағытта сапалы түрде қазақ тіліне аударылған оқулықтар үлкен маңызды рөл атқарады. Соңғы жылдары өкінішке қарай бұл сала жеткілікті деңгейде дамымаған болатын. Әзірге 18 оқулық шықты. Бұл оқулықтар тікелей алдыңғы қатарлы классик ғалымдардың жазып шыққан еңбектері. Осы оқулықтардың нәтижесінде біздің қазақ тілді студенттер өзінің ғылыми әлеуетін арттыруға мүмкіндігі бар», - деді ол ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының жанындағы ӘЭСИ-дің оқулықтарды сараптауға арналған кездесуде.

Серік Бейсенбаевтың айтуынша, бұл бағыттағы тағы бір басты жетістік - ұлттық аударма бағытының метедологиялық тұрғыдан негізі қаланып жатыр. Бұл өте маңызды шаруа.

«Яғни, бұл аударылған оқулықтар жалпы аударманың сапалық тұрғыда белгілі бір стандарттарын анықтайды. Демек, кейінгі аударылған оқулықтар мемлекет тарапынан болсын, мемлекеттік емес ұйымдардан болсын, дәл осы 100 оқулықтың сапасын ескере отырып, тәржімаланатын болады. Сондықтан, бұл алдағы әлі де жасалатын жұмыстың негізін қалап берді деп айтуға болады», - дейді сарапшы.

Серік Бейсенбаев әлеуметтанушы ретінде жоба аясында аударылған екі оқулықты қарап шыққанын, екеуі де көңілінен шыққанын атап өтті.

«Екі оқулық жалпы әлеуметтану ғылымының негізін, ондағы теорияны, негізгі ғылымның өкілдері жөнінде мағлұмат береді. Яғни, әлеуметтану бағытында оқып жүрген жастар үшін ең бірінші, алғашқы білімді беретін оқулықтар деп айтуға болады. Терминдер бойынша келісуге де, келіспеуге де болады. Ішіндегі кейбір терминдер ғалымдардың тарапынан сұрақтарды туындатуы мүмкін. Бірақ, бұл - қалыпты құбылыс. Бұл - осы бағыттағы дискуссияны ашып бере алады», - дейді сарапшы.

Айта кету керек, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне 18 кітап аударылған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар